Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қанды тазартып тұру керек

17.03.2022, 10:00 851

Ерлан  АЛТЫНХОДЖАЕВ:

Хиджама – денедегі арам қаннан арылу. Қазақстанда сонау 2000 жылдан бастау алған емдеу түрі қазірге дейін өзектілігін жоймай тұр. Көпшіліктің көңілінен орын тапқан бұл емдеу тәсілі қан қысымы, буын, бауыр, тері аурулары, бедеулік және өзге де түрлі ауруларға шипа береді.

Хиджаманы денені тілу арқылы жасайды. Ет пен терінің арасындағы ұйыған қанды банка арқылы сыртқа шығарады. Өйткені өлі қан адам денесінде тұра берсе, ол өзге мүшелерге зиянын тигізеді. Бұл туралы «Шығыс медицинасы» клиникасының невропатологы, хиджама саласында тоғыз жылдық тәжірибесі бар Ерлан Алтынходжаев тарқатып айтып берді.

– Хиджама жасау денсаулыққа қаншалықты пайдалы?

– Хиджаманың денсаулыққа пайдасы зор. Бұл  – адамның ағзасында жатып қалған лас қанды тазарту. Тарихына үңілсек, бұл медицинаның аты «Пайғамбар (с.ғ.с) медицинасы» деп айтылады. Осы медицина сонау қара жерге түскен бірінші адам Адам(а.с)-ға берілген. Сол себепті мұны адамдар жасап тұруы керек.

– Оны жасау барысында адамға қауіп төнуі мүмкін бе?

– Хиджаманы жасау барысында адамға ешқашан қауіп төнбейді. Тек қана жақсылық келеді. Ағзадағы қан қысымын және жүйке жүйесіне түскен салмақты бірқалыпты ұстау барысында нөмірі бірінші ем болып есептеледі.

– Хиджаманы неше жастағы адамдарға жасайды? Әлде жас аралығы шектеусіз  бе?

– Адам өмірге келгенде бірінші ана сүтімен қоректенеді. Аналық сүтпен қоректенген баланың денесіне ешқандай токсин жиналмайды. Адам өмірдегі күнделікті тағамдарды жей бастаса, сол кезден бастап жасауға болады. Және шексіз. Көп жағдайда тек жетпіс жасқа дейін жасау керек дегенді естіп жатырмын. Бірақ олай емес. Себебі, жетпістен кейін де өмір сүресіз ғой. Сексен, тоқсан, жүз… Сол үшін міндетті түрде қанды тазартып тұру керек. Ал қан – адамның ағзасындағы нөмірі бірінші құрылыс материалы…

– Бұл емді кімдер көп жастады, ер ме, әйел ме?

– Бұл жерде ер немесе әйел көп жасатады деген жоқ. Қазіргі жағдайда біз қоректеніп жатқан тамақтарымыз адамның ағзасын құртып жатыр. Көп жағдайда синтетикалық өнімдер болып  отыр. Сол себепті бүгінгі күні адамның ауруы өте оңай. Осы салада дәрінің де сапасы төмендеп жатыр. Хиджаманың дәріге қарағанда пайдалы екенін білген ер адамдар да, әйелдер де өте көп келеді. Соның ішінде жастар жиі келіп, арам қандарын тазартып тұрады.

– Хиджама жасатқан адам оны ай сайын алып тұруы  керек  пе?

– Біз өз тарапымыздан адам ең бірінші хиджама алып жатқан кезде «Арасына он күн салып төрт рет алыңыз, алдағы уақытта үш айда немесе алты айда бір рет алып тұрыңыз» деп айтатын боламыз. Негізі алты айда бір рет алып тұруы керек. Өйткені ағзадағы эритроцит, яғни қызыл қан жасушалары жүз жиырма күн сайын ағзада ауысып тұрады. Дәлірек айтсам, жүз жиырма күн сайын ағзадағы қан түйіршіктері өліп қалады. Бұл қан өлгеннен соң адам ағзасындағы талаққа барып түседі. Сол себепті адамның басының ауыра беруі, ішектердің дұрыс жұмыс істемеуі осыдан басталады. Яғни ағза адам баласына белгілі бір жерлерді ауыртып сигнал бере бастайды. Сондықтан алты айда бір жасатып тұрғаны жақсы және жасатпай кетсе де кемшілік жоқ. Нақтырақ айтқанда, ағза хиджамаға тәуелді болып қалмайды.

– Сіздің хиджама маманы болғаныңызға қанша уақыт болды? Осы уақыттарда қандай да бір қиындықтар  болды  ма?

– Өз мамандығым – невропатолог. Адамның ағзасына, орталық нерв жүйесіне бірден-бір көмектесе алатын, жаңарта алатын тек қана хиджама. Өзім осыған көз жеткізген соң, өзім невропатолог бола тұра хиджама саласында білім алуға бет бұрдым. Ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген кезімде ешқандай ақау болған жоқ. Керісінше, адамдарда 100 пайыз жақсы көрсеткіштер болды.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан 

Жәния  ТӨРЕБЕКОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: