Кеше Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары кезінде «Қамқорлық» оңалту орталығындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Бұл орталық А.Байтұрсынов ауылдық емханасының жанында, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен қайта жаңғыртылуда. Құрылысты «Жылу-ХХІ» серіктестігі жүргізуде. Жалпы ауданы 1060,7 шаршы метрлік, екі қабатты ғимарат толық жөндеуден өтуде. Орталықта Арал және Қазалы аудандарындағы 2 мыңнан астам бала медициналық оңалтудан өтеді. Нысан биыл наурыз айында іске қосылады.
Облыс әкімі жұмысқа қойылатын басты талап сапа мен мерзім екенін айтты. Жауапты басшылар жөндеу жұмыстарын үнемі тексеріп, кемшілікке жол бермеуі керек.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 27 нысан салынды. Бұдан бөлек, 4 көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыс салу жоспарланған. Оның ішінде Шиелі ауданында 30 төсектік инфекциялық бөлімше, Шиелі көпбейінді ауруханасының қосымша құрылысы басталды. Қалған қосымша құрылыстарды биыл бастау жоспарға қойылған. 2022 жылы облыстық балалар ауруханасы базасында «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларының қолдауымен «Қамқорлық» оңалту орталығы жұмысын бастады. Мұндай орталық тамыз айында республикада алғашқы болып аудандық аурухана деңгейінде Жаңақорған ауданында ашылды.
Орталықта заманауи, сапалы медициналық көмек көрсету үшін қажетті жағдай жасалған. Онда Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы 1,5 мыңнан астам бала ем алады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!