Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайсысы қорқынышты: ВИРУС & ВАКЦИНА

12.08.2021, 9:30 411

2020 жылдың 15 наурызында елімізде төтенше жағдай енгізілді. Жарлыққа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Жалпы, Президенттің жарлығы әртүрлі жағдайларға байланысты араға күн салып жариялануы мүмкін. Бірақ, бұл жарлықты ұмыта қойған жоқпыз. Ал, күнделікті күйбің тірліктен есіме түспей отыр десеңіз, толық мәтінін жариялауға да дайынбыз.

«Қазақстан Республикасы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 16 тармақшасына және «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6-баптарына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН» делінген еді Ақорданың ресми сайты таратқан хабарламада.

Иә, дәл осы шектеу шаралары бұған дейін мың құбылды. Төтенше жағдай аяқталғанымен, карантин, локдаун бітпеді. Жарлықта айтылғандай, мұның бәрі – ел тұрғындарының қауіпсіздігі, амандық-саулығы үшін қабылданған шара. Десе де, уақытында бұл жағдайға күдік-күмәнмен қарағандар көп болды. Сондықтан, жаппай оқшауланудың қажеттігі туындады. Үй карантині – індетті жоюдың бірден-бір жолы. Дәл осы ұранмен бірқатар қауіптің алдын алғанымыз рас. Осы күні бұл ұран басқаша сипат алуда. Қазір «Ұжымдық вакцина індетті індетпейді» деген түсінік  қалыптасып  үлгерді. Әрине, сақтансаң, сақтайды.

Аймағымыздың санитарлық-эпиде­миологиялық ахуалы көпші­лігімізді  алаңдатып  отыр. Күн өткен сайын коронавирус инфекциясына шалдығып жатқан науқас­тардың қатары артуда. Әрине, дабыл қағып, елді есеңгіреткіміз де келмейді. Меди­цина  мамандарының жанкешті жұмысының арқасында аурудан құлан-таза айығып, отбасына оралып жатқандар баршылық.

– Індет келгелі бері салмақты жүк медицина саласының мамандарына артылды. Күн демей, түн демей азаматтарды ажалдан арашалап жүрген ақ халатты әріптестерімнің еңбегі орасан. Дәрігерлер, орта және кіші буын қызметкерлері өзінің міндетін мінсіз атқаруда. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы талай жантүршігерлік жағдайдың куәсі болдық. Пандемия кезінде қаншама жақындарымыздан айырылдық. Салғырттықтың кесірінен сан соғып қалдық. Биыл мұндай жағдайға жол бермеуі­міз керек, – дейді №6 қалалық емхана бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығығын қорғау жөніндегі орынбасары  Мая  Мирзанова.

Салғырттық демекші, вируспен өткен жылы ересектер ғана ауырса, қазіргі уақытта балалар да ковидтың тырнағына ілінуде. Балаларға инфекция вакцина алмаған ата-аналарынан жұғуы да мүмкін. Сондықтан да, кеселді жеңудің жалғыз ғана жолы вакцина салдыру екендігін медицина мамандары қайта-қайта ескертуде.

Шынын айту керек, ауру алғаш алқымнан қысқан тұста көпшілікте қорқыныш қатты болды. Уақыт өте келе кеселдің жолын кесетін коронавирусқа қарсы екпелер шыға бастады. Бұл да адамзаттың үрейін сейілткен медициналық жаңалық болды. Бірақ, ел-жұрт вирустан емес, вакцинадан қорқуды шығарды.

– Мен медицина саласының маманы болғандықтан, алғашқылардың бірі болып екпе салдырдым. Бүгінде бойымда ешқандай қорқыныш жоқ. Отбасым мен жақындарым үшін алаңдамаймын. Вакцинаның кеселді дерттен қорғайтынына сенемін. Осындай сенім барлық азаматтарда болу керек деп ойлаймын, – дейді облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы Гүлнар Омарова.

Бүгінде коронавирус індетіне қарсы вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі. Себебі, еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тым күрделеніп барады. Өткен жылғы коронавирус індетінің алғашқы толқыны көпшілігімізді есеңгіретіп тастады. Жақындарынан айырыл­ған отбасылар қара жамылып, қайғыдан қан жұтты. Сақтыққа сал­ғырт қарағанымыздың соңы өкінішке ұласты. Биылғы жылы осы жағдайдың қайталанбауын алдын алу аса қажет. Қазір сала мамандары коро­навирус індетін жеңудің жалғыз жолы – вакцина салдыру екенін айтып отыр. Яғни, екпе салдыру арқылы ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, қоғамға қауіпсіз болуға мүмкіндік  бар.

– Адамдардың көпшілігі вакцинаны ешқандай ерекше белгісіз өткізеді. Ал, кей адамдарда инъекция орнында аздап ауырсыну, қызару немесе ісіну, әлсіздік болуы мүмкін. Кейде дененің қызуы көтерілуі, аздап қалтырау, жүрек айну және лимфа түйіндерінің шамалы ұлғаюы мүмкін. Мұның бәрі – иммунитетті қалыптастырудағы қалыпты  реакциялар.

Қазір вирустың мутацияланған белгілері анықталуда. Індетті жеңу үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, тұрғындарды белсенді түрде екпе егу жұмыстарына шақырамыз, – дейді №3 қалалық емхана­ның бөлім меңгерушісі Жанерке Жақсылық.

Әлемді шарлаған індеттен арылудың бірден-бір жолы – екпе салдырту екенін дүниежүзі мойындап отыр. Ел арасында вакцинаның екінші компонентін салдыруға онша ықылас танытпай жүргендер бар сияқты. Бұл жайлы да мамандардан сұрап көрдік, кеңесін алдық. Вакцинаның екінші компонентін салдырмаса болмайды. Өйткені, екеуінің құрамы екі түрлі көрінеді. Бір-бірінсіз адамның бойында иммун­итет қалыптаспайды екен. Сондықтан, екінші компонентін міндетті  түрде  салдыру  керек.

– Вакцинациядан кейін не істеу керек? Не рұқсат етіледі, не істеуге болмайды? Екпені ағзаға енгізгеннен кейін қауіпті аллергиялық реакция мүмкіндігін болдырмау үшін дәрігер­дің бақылауында біраз уақыт өткізу керек. Алайда осыдан кейін де күн соңына дейін көлік жүргізбеген абзал. Вакцинациядан кейін екі апта ішінде алкогольден толық бас тарту талап­тардың тізіміне кірмейді. Бірақ дәрігерлер мүмкіндігінше инъекциядан кейін бірнеше күн ішімдік ішуден бас тартуға кеңес береді. Өйткені, қандағы алкоголь кез келген аурудан иммунитеттің қалыптасуына жол бермейді, – дейді №3 қалалық ем­хананың  эпидемиолог-дәрігері Гүлнұр  Ильясова.

Вакциналанған адам басқаларға қауіп төндірмейді. Мұны медицина мамандары жиі-жиі айтып жүр. Бүгінгі күні елімізде вакцина тапшылығы жоқ. Алдағы уақытта жағдайдың  қалай  болары  белгісіз.

– Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта әлемде коронавирус інде­тіне қатысты ахуал күрделеніп кетті. Қауіпті вирустың жаңа мута­цияланған «Дельта-штамм» түрі жұртшылықты алаңдатып отыр. «COVID – 19-ды» жеңе алмай жатқан   тұста, бұл ақ  халатты  абзал жандарға үлкен  жауапкерші­лік  жүктеп  отыр.

«Дельта-штамм» туралы не білуіміз керек? Ең біріншіден, бұл дерттің адам денсаулығы мен өміріне үлкен қауіп төндіретінін естен шығармау керек. Қарапайым тұмау белгілері байқалған бойда меди­циналық көмекке жүгінген дұрыс. Клиникалық белгілерге мән бермеген жағдайда, сырқат асқынып кетуі мүмкін. Бұл кезде медициналық көмек нәтиже бермеуі мүмкін. Аталмыш дертті жұқтырмау үшін ертерек вакцина салдырып, ұжымдық имму­нитетті қалыптастыруға үлес қосқан дұрыс, – дейді №4 қалалық емхананың медицина қызметкері Гүлсезім  Азаматқызы.

Бүгінде облыс орталығындағы емханалар мен сауда орталықтарында екпе егу пунктері жұмыс істеп  жатыр. Кез келген уақытта барып, екпе ектіруге болады. Екпе ектіруге күмәнмен қараудың, бұл процедурадан қорқудың қажеті жоқ.

– Мен облыс тұрғындарын мамандардың кеңесіне құлақ түруге шақырамын. Бүгінгі күні басты мақсат – ұжымдық иммунитет қалыптастыру. Сол кезде ғана біз бұрынғы тіршілігімізге  орала  аламыз.

Жалпы, қауіпті инфекцияға жасы үлкен адамдар тез шалдығатыны айты­лып жатыр. Өткен жылдан бері  бетперде тағып жүру күнделікті  өмірімізге етене еніп кетті. Соның өзінде осы сақтық талабына салғырт қарайтын жерлес­теріміз бар. Бұған қоса, әлеуметтік арақашықтықты сақтаудың маңызы зор. Көпшілік жиналатын қоғамдық орындарға бармауға тырысу қажет. Той-тома­лақтардан да бас тартқан абзал, – дейді облыстық психикалық ден­саулық орталығының дәрігері Гүлнар  Алтынбасова.

Өткен жылдан бері әлем елдері коронавирус індетімен күресіп келеді. Сақтық шараларына қарамастан, қауіпті кеселді ауыздықтау әлі күнге дейін мүмкін болмай отыр. Оның үстіне, вирустың мутацияланған жаңа түрі шығып, жұғу пайызы жоғары саналып тұр.

Сөз арасында мысалға келтіргеніміздей, бүгінде карантин талаптарына бой ұсынып қалдық. Әртүрлі нысандарға кірер алдында бетперде тағып, дене қызуымызды өлшететін болдық. «Ashyq» қосымшасын пайдаланып, өзіміздің қоғамға қауіп төндірмейтінімізді білгеннен соң ғана есіктің оп-оңай ашылатынын ұғындық. «Бірінші байлық – денсаулық». Сондықтан, өз байлығымызға  асқан  сақтықпен  қарайық.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: