Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Pfizer» келді дегенше…

18.11.2021, 11:20 46 0

«Pfizer»-дің қай жері артық деп отырған боларсыз? Артықшылығы сол, ол жүкті, емізулі баласы бар әйелдер мен балаларға егіледі. Мысықтабандап елге бұл да жетті. О баста вакцина салынбайтын топ деп жоғарыда аталғандарды тізімге кіргізбеген. Енді орайын тауып, «Pfizer» де жетіп жығылыпты. Әлемдік  сынақтан  өткен  дейді.  Онда  5-тен   11 жасқа  дейінгі   4,5 мың  баланың  жартысына  «Pfizer» вакцинасын салған. Нәтижесінде сынаққа қатысқандардың иммунитеті артқан. Ал АҚШ-та 5 жастан бастап осы вакцинаны салып жатыр дейді. BBC мәліметінше, Франция, Дания, Германия, Ирландия, Италия, Испания және Польша секілді Еуропа елдері 12-15 жас арасындағы балаларға «Pfizer» вакцинасын салуды мақұлдаған. Өз ағамыз өзбекстандықтар да 12 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдерге салуға рұқсат етіпті. Қазақстан да құр қалған жоқ.

Апта басында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов облыста 12-18 жас аралығындағы балалар және жүкті әйелдер мен емізулі баласы бар әйелдерге арналған «Pfizer» вакцинасын егу басталғандығын өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Алғашқылардың қатарынан медициналық колледждің 70 шақты студенті екпе алуды бастады. Оларға вакцина ата-аналарының келісімімен салынған.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған «Pfizer» вакцинасының ерекшелігі – оның құрамында вирус болмайды. Бүгінде  барлық емханал­арда дайындық жұмыс­тары пысықталған. Арнайы орталық қоймаға 2  тоңазытқыш әкелінді. Өткен аптада «Pfizer»-дің 23400 дозасы жеткізілді. Ол ата-аналардың келісімімен 12-18 жастағы жасөспірімдерге, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдер мен босанған­ына 42 күн болған емізуші әйелдерге салына­ды, – деді  Жангелді  Шайымбетов.

Қызылорда облысы «жасыл» аймақта. 15 қараша күні 18 жағдай тіркелді. Емделіп шыққаны – 96 пайыз. Облыс бойынша инфекциялық стацио­нарда – 163 науқас, реанимация­лық төсек-орында 21 науқас ем  қабылдауда. Вакциналау  жұмыстары  бастал­ғалы бері облыста вакцинаның 1-компонентімен егілгендер саны 385601 болса, халықтың қамтылуы 85,2 пайызды құрады. Екінші компонентті  320783  адам  салдырған.

«Жүкті әйел вакцина алса, баласы коронавирусқа қарсы иммунитетпен дүниеге келеді» дейді медицина мамандары. «Малдың жайын баққан білер» дегендей, вакцина алып, дүние­ге бала әкелген адам өзі келіп айтпаса, оған көпшілігінің күмән келтіріп отырғаны рас. Елге «Pfizer» вакцинасы келді дегелі жүкті әйелдердің дені қорқыныш мазалайтынын айтып жүр. Өйткені басқа вакциналарды да басында «ешкімді қинамаймыз» деп жария­лап, артынша жаппай сая­си және «әсіремәдени» жолмен халық­тың 90 пайызына салдырды. Оның әңгімесі бір бөлек. «Pfizer»-ге де осының кері келе ме?» деген сұрақ бәрінің көкейі­нде жүр. Демократия­лық зайыр­лы құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатсақ та, жеке басымыздың жайына әйтеуір бір амалын тауып мемлекет араласып кетеді. Осыған орай Қызылорда облыстық денсау­лық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетовке арнайы сауал жолдадық. «Жүкті әйел­дерге  вакцина салу міндеттеле  ме?» деген  сұрағымызға:

– Ешкім ешкімді қыспаққа алып, міндеттемейді. Барлығы әр адамның келісімі  арқылы  жүзеге  асырылады. Бұл – бас санитардың қаулысы бойынша  қарастыр­ылған  мәселе, – деді ол.

«Әйтеуір толғағы жеткен келіншектер перзентхананың алдында вакцина алмағандығы үшін күтіп қалу мәселесі болмай ма?» дегенімізде, басқарманың ресми өкілі «мұндай жағдайға жол бермейміз» деп қысқа қайырды. «Арық айтып, семіз шық» деген. Дүниеге бала әкелетін аналардың да жағдайын түсіну керек. Сынамадан өткен күннің өзінде тым жылдам жасалып жатқан вакцинаның әр ағзаға әртүрлі әсері болуы да мүмкін. Сондықтан болашақ аналарға келгенде аңдап аяқ басу маңыздырақ. Балаларға ата-анасының рұқсатынсыз екпе салынбайтындығы жер-жерде айтылды. «Сала ғой» деп ақ батасын беретін ата-ананы жеке басым әлі кездестірген жоқпын. Бірақ, билік бұның да бір әдісін табатынына толық сенімдіміз. Елге вакцина келді дегенше, халықтың қай тобына да салынады дей беріңіз. «Pfizer»-дің 1-компонентін соңғы күндері 2000-ға жуық қазақстандық алып үлгерген.

Алуа БЕРІКБАЕВА, Қармақшы ауданының  тұрғыны:

– Жүктілігімнің алтыншы айы. Вакцина алуға қорқамын. Өзім алмаймын деген шешімге келіп отырмын. Өйткені денсаулығымда қорқатындай ештеңе жоқ. Өзімді жақсы сезінемін. Тамақ­тануым да бірқалыпты. Вакцина салудан бас тартамын. Кейін бір ілік шығып қалса, ешкім бала мен өзімнің денсаулығым үшін жауап бермейді. Сондықтан барлығын бір Құдайға тапсырамын.

Вакцина алғаннан кейінгі жағдайды дәрігерлер бақылауда ұстағанмен, ағза дұрыс қабылдамаса, ана да, бала да зардап шегуі бек мүмкін. Мұндай қорқыныш кез келген жүкті әйелдің ойында жүр. Ал вакцина алған жүкті әйелдер міндетті түрде ревакцинациядан өтеді. «Pfizer» басқа да санаттарға қолжетімді болады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин БАҚ өкілдерімен кездесуде айтты.

– Біз қазір мәселені қарап жатырмыз. Қазір ведомствоаралық комиссия аясында жаңа шешім әзірленуде. Тіпті ол осы аптада жариялануы мүмкін. Онда азаматтарымыздың басқа да санаттары «Pfizer» вакцинасын салдырып немесе ревакцинация жасай алуы  айтылады, – деді ол.

ТҮЙІН. Кейде тым асығыс жасалған істің арты сұйық келеді. Әйтеуір биліктің бұқараға қастығы жоқ деп ойлаймыз. «Біз жай жатқан елміз» дегендей, әйтеуір құмырсқаға қылдай қиянаты жоқ халық қиналып қалмаса екен дейміз ғой…

Керім  ТАУАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: