Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңір медицинасындағы оң өзгерістер

16.03.2023, 10:00 306

Елімізде  денсаулық  сақтау саласын  жетілдіру  үшін  жыл  сайын  қомақты  қаражат бөлініп, дәрігерлерді  оқыту мен олардың  біліктілігін  арттырып, маман иелерін көбейту мақсатында жаңа кадр саясаты қалыптасып келеді. Сондай-ақ, жаңа технологиялық  жүйеге  енуіміз үшін де  жүйелі  жұмыстар  мен орасан  қаржы  қарастырылуда. Сондықтан,  қай өңір болмасын, медицина саласында ақау немесе жетіспеушілік болғанын қаламайды. Сол сияқты біздің өңірімізде медицина саласында атқарылған жұмыстарды жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен,  аймақтық  медицина саласының ақсап жатқан тұстары да жоқ емес. Ендеше, газетіміздің  арнайы  бетіне облыстағы  денсаулық  сақтау саласының  атқарылып  жатқан жұмыстарымен  бөліскенді  жөн  көрдік.

Бүгінде еліміздегі медицина сала­сын оңалту, өсіру шараларына басым­дық беріп, әр өңірге шипажайлар, емдеу-сауықтыру орын­дары салынуда. Сонымен қатар, аймақ бойынша да ауруханалар, оңалту орталық­тары бой көтеріп, ауруханалар мен емханалар жаңа технологияға сай жабдықталуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Қызылорда облысында денсаулық  сақтау  жүйесін  дамыту бағытында да көптеген жұмыс атқарылуда. Атап айтар болсақ, респуб­ликалық бюджет есебінен жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 80 мыңнан аса тұрғынға қолжетімді және жоғары сапалы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін Қазалы ауданындағы Әйтеке би кентінде 250 келушіге арналған емхана ғимаратының құрылысы аяқталды. 2022 жылдың наурыз айында шалғай медициналық ғимараты жоқ елді мекендерде 2 медициналық бекет іске қосылды. Сонымен қатар, жалпы құны 140 млн теңгені құрайтын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Жалағаш ауданындағы Таң ауылында іске асырылып жатқан 1 дәрігерлік амбулатория құрылысын ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде қабылдау актісі алынды.

Медициналық мекемелер жаңа құрал-жабдықтармен толықтырылу мақсатында, 2022 жылы денсаулық сақтау саласына жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 1 523,9 млн теңге қаражат қаралды. Бөлінген қара­жат  есебінен өңіріміздегі әр елді мекен, аудандарға керек техникалар алынып және облыстық жедел жәрдем стансасына 20 дана линзинг арқылы санитарлық автокөлік алынды. Ал алдағы жылы республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңгеге медицина­лық бұйымдар сатып алу көзделуде  екен.

– Денсаулық министрлігімен бірге алдағы 3 жылда 27 дәрігерлік амбулат­ория, фельдшерлік-акушер­лік және медициналық пункт саламыз. Осылайша, біз ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілері­нің проблемасын толық шешетін боламыз, – деген еді аймақ басшысы «Бетпе-бет»  хабарында.

Кез келген ел халқының өмір сүру сапасының жоғарылығы ден­саулық сақтау жүйесімен тығыз байланыс­ты. Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі бүкіл елдің саяси, әлеуметтік салаларына ғана емес, сонымен бірге бірінші кезекте экономикалық жүйеге тікелей әсер етеді. Бұл ретте бірқатар аурухана медициналық көмекке жүгінген пациенттердің көптігіне байланысты толып кетіп, төсек орын тапшылығына ұшырап жатады. Әсіресе, еліміздегі панде­мия салдарынан болған кезеңді еске түсірсек болады. Сондықтан, об­лыс­тағы ауруханалар кез келген жағдайға  дайын болуы үшін  көп­те­ген  мәселенің  шешімін  тауып  келеді. Бірінші  кезекте  өткен  жылдың 14 нау­рызында  «Қызыл­орда  қаласында  бір  ауысымда 100 келушіге арналған  емханасы  бар  300 төсек орнына арналған көпбейінді ауру­хана (онкологиялық бөлімшемен) салу» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң  қорытындысы алынды. Осыған орай, Қызылорда  облысы үшін жедел және шұғыл қажеттілігін, сонымен қатар, Арал  өңірі айма­ғы үшін маңыздылығын ескере отырып, аталған нысан құрылысын бастауға 2023 жылға – 750 млн теңге республикалық бюджет есебінен бөлінді. Бұдан бөлек аймақтағы әр аудандар мен ауылдарға жеткілікті дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік бекет, медициналық бекет құрылыстағы жүргізіледі деп жоспарлануда. Бұл дегеніміз Сыр өңірінде соңғы жылдары меди­циналық нысандар құрылысы ерекше қарқын алып келе­ді деген сөз. Соның бірі – қала­ның сол жаға­лауында орналасқан «Қан орталығы». Жобалық құны – 2,7 млрд  теңге. Орта­лық  ашылғаннан  кейін облыс­та қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткіші 500-ден 10 мыңға дейін артады  деп  көзделуде.

Аймақ  басшысы  Нұрлыбек Нәлібаев  ел  ағаларымен бірге нысан құрылысының алғашқы кірпіш қалау  рәсіміне  қатысқан  да  болатын.

– Мемлекет әрдайым ұлт саулы­ғын көтеру, адам өмірін сақтау­ға жеткілікті деңгейде мән беріп ке­ле­ді. Президент Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлы Тоқаев: «Ұлт саулығы – Жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясатымыздың аса маңызды бағыты» деп айрықша атап өтті. Барлық қажетті құралдармен жабдықталған «Қан орталығы» өңір халқына сапалы қыз­мет көрсетіп, тұрғындардың денсаулығын арттыру­ға мүмкіндік бермек, – деді Нұрлыбек  Нәлібаев.

Жақында ғана Үкімет басшы­сы Әлихан Смайыловтың төрағалы­ғымен ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев­тың сайлауалды  бағдарламасын іске  асыру жөніндегі рес­публикалық штаб отырысы өткен еді. Онда «Ауылда денсаулық сақ­тауды жаң­ғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында жаңа медициналық нысандар ашу және ішкі нарықта отандық  дәрі-дәрмек үлесін 50%-ға дейін  жеткізу  мәселелері  қаралды.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауылдарда медицина­лық нысандар салу және отандық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым­дардың өндірісін ұлғайту жайын­да баяндама жасады. Ве­домство басшысы биыл ұлттық жоба аясында еліміз бойынша 309 медициналық нысан салынатынын айтты. Сонымен қатар, ішкі нарықта қазақстандық дәрі-дәрмектің үлесін 33%-ға  дейін   жеткізу  жоспарлан­ған.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов нысандардың инфра­құрылымын жеткізу және баратын жолын  салуды  тапсырған  болатын.

Сонымен, биыл медицина саласын­да бірқатар құрылыс бой көте­ріп, жаңарулар болса, аяқталған нысандар ел игілігіне беріледі. Иә, медицина саласының жаңдануы қай уақытта да ел мүддесіне жарайтыны анық. Сондықтан, медициналық бекет­тер мен нысандардың сапалы әрі уақытылы пайдалануға  берілуі  аса  маңызды.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: