Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Обыр адамды обып барады

17.03.2022, 9:40 570

«Дені саудың – жаны сау» демекші, адам өмірінің ең басты байлықтарының бірі – денсаулық. Ол үшін әрбір жан аянбай, жолдарын тауып күресетіні анық. Десе де, өмір әртүрлі сынақпен біреуіне ерте, енді біреуіне кеш келіп, бәрінің де басынан өтпей қоймайды. Тағдыр сынағымен берілетін аурулардың түрі өте көп, соның алды деп қатерлі ісікке шалдыққан адамдарды айтсақ болады. Бұл дертті медицинада «онкологиялық ауру» деп атайды. Әлем бойынша жүрек-қан та­мыр ауруларынан кейінгі өлім себе­біне дейін апаратын дене дерті болып табылады. Сондықтан, онкологиялық аурудың бастапқы деңгейінде ем шараларын қолданса, нәтижесі оңалатын көрінеді. Ме­дицина  саласында  қатерлі  ісік  дерті бірнеше түрге жіктеледі. Яғни, ағза мүшелерінде, жыныстық бездерде, жасушада дамитын және тағы да басқа  түрлері  де  кездеседі.

Адам жанын мазасыздандырып, ағзасын асқындыратын дертке кезінде қарт жастағы кісілер ғана жиі шалдығады деп еститінбіз. Ал, қазіргі кезде жастарымызда да кездесіп жатқаны адамды қынжылтады. Өкінішке қарай, елімізде бұл қауіпті дерт жастар мен әйелдер арасында көптеп кездеседі. Облысымызда да обырға шалдыққандардың қатары азаймай тұр. Оған дәлел, өңіріміздің рес­публика бойынша 5-орында тұр­ғаны.  Соңғы  бес жыл ішінде қатер­лі дерт науқастарының көрсеткіші 1,8%-ға өсіп, 2021 жылдың қоры­тындысы бойынша 145,5%-ды құраған. Он екі ай ішінде сүт безі қатерлі ісігінен 40 әйел, жатыр мойны қатерлі дертінен 19 әйел, тоқ және тік ішек ауруынан 7 әйел қауіпті  жағдайға  душар  болған.

– Облысымызда өкпенің қа­терлі ісік ауруы ешқашан бірінші орыннан  көрінбеген. Ал, 2021 жылы короновирус індеті сал­дары­нан өкпе рагы басымырақ болып тұр. Обыр әйелдер арасында да көбеюде. Аяғы ауыр әйелдерде де жиі кездесіп жатады. Жүктілік кезінде анықталған қатерлі дерттің алдын алу негізінде әйел адам химиялық ем қабылдайды. Ондай жағ­дайда жүкті әйел түсік тастауға мәжбүр болады. Себебі, қатерлі ісіктің кесірінен бала сау болып дүниеге келуі екіталай. Сол себепті, әрбір адам жиі тексеру скринингінен өтіп, алдын алу шараларын жасауымыз қажет. Қазіргі таңда кез келген ота түрлерін өзіміздің облыстық ауруханада жасай береміз. Себебі, өңіріміз  медициналық аппараттармен және дәрі-дәрмектермен толықтай қамтамасыз етілген, – дейді облыстық онкология орталығының дәрігері  Айболат  Смағұлов.

Онколог мамандардың айтуын­ша, қатерлі ісіктің алдын алу үшін ең алдымен зиянды әрекеттерден арылу керек. Яғни, шылым тар­туды доғарып, алкогольді өнім пайдаланудан аулақ болуды талап етеді. Өйткені, онкологиялық аурудан болатын көптеген өлім жағдайлары темекі мен ащы судың салдарына байланысты. Сондай-ақ, майлы тағамдардан, газды сусындардан, пайдасыз өнімдерден бас тарту керек. Сонымен қатар, әр адам өз денсаулығына бейжай қарамай, уақытында дәрігерге қаралғаны жөн. «Ауруын жасырған ажалсыз өледі» демекші, аты жаман дертті бірінші кезеңінде анықтамаса, ушыққан жағдайда ақхалаттылар мен медицинадағы құрылғылардың да көмегі тимей қалатынын  ескертеді.

Аймақта аурушаңдықтың жыл­дық қорытындысы да мәз емес сияқты.

– 2021 жылы есепке алынып, жыл аяғында шығарылған қорытынды бойынша жатыр мойны қатерлі ісігі скринингінде бір жыл ішінде анықталған ісікалды аурулардың деңгейі жоспарланған мөлшерден 0,72%-ға жоғары қорытындысын шығарады. Тік және тоқ ішек қатерлі ісік тексерісі кезінде нақ­тылауға алынған  науқастардың зерттелуі жыл соңында 0,3%-ға ғана көтерілген. Сонымен қатар, онкологиялық аурудың алғашқы сатысында тізімге түскендердің жыл бойына шыққан саны небәрі 0,1%-ға ұлғайған. Ал, көзбен көріп, қолмен сипап айқындайтын қатерлі ісіктің көрсеткіші есептелген мөлшерден аз пайыз көрсеткен. Сондай-ақ, бес жылдық өмір сүру кезеңінің шығарған нәтижесі  жоспарланған деңгейді көрсетті. Сонымен қатар, 2021 жылы аурушаңдық белгісімен 1194 науқас есепке алынып, 2020 жылмен салыстырғанда 3,7%-ға төмендеді. Қазіргі таңда онкологиялық аурулармен жал­пы 4721 адам диспансерлік есеп­те тұрады. Алдыңғы жылғы онко­логиялық аурулардың 5 жыл­дық өмір  сүру көрсеткішінің жоға­рылауы байқалады, яғни, биыл 52,4%-ды құрап отыр, – деп облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының баспасөз хатшысы Ж.Жалиева  жылдық  есеп  мәліметімен  бөлісті.

Осылайша, облысымызда ау­рушаңдық локализациясының ал­ғашқы 5 орнында өкпе қатерлі ісігі, сүт безі қатерлі ісігі, асқазан қатерлі ісігі, өңеш қатерлі ісігі, аналық без қатерлі ісігі өршіп тұр. Бес жыл қатарынан өңірімізде онкология дертінің шама-шарқы осындай нәтиже көрсетуінің себебі болмауы мүмкін емес. Әрине, мұндай ауру­ларды болдырмау үшін де үнемі дәрігерлердің берген кеңесімен санасып отырғанымыз дұрыс. Десе де, облысымызда аурулардың аз пайыздық мөлшерін көрсету үшін медицина қызметкерлерінің халықпен  тығыз  әрі  жиі  байла­нысуы  абзалырақ.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: