Бүгінде жұқпалы аурулар бойынша аймақтағы ахуал тұрақты. Жыл басынан бері тұрғындар арасында аса қауіпті оба, тырысқақ, сібір жарасы, іш сүзегі секілді бірқатар аурулар тіркелмеген. Ал, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24 нозологиясы бойынша жұқпалы аурулардың аурушаңдық көрсеткіштерінің төмендеу тенденциясы орын алған. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова мен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова эпидемиологиялық ахуалдың алдын алу шаралары туралы айтты.
– Биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен Қызылорда облысында бірқатар жұқпалы аурулар аурушаңдығы бойынша тұрақты эпидемиологиялық ахуал қалыптасты. Облыс тұрғындары арасында вирусты кене энцефалиті, туляремия, листериоз, лептоспироз, иерсиниоз, малярия, трихиниллез, паратиф, полиомиелит, қызамық, құрөзек, сіріспе, жіті вирусты гепатит В,Д, Е, лейшманиоз сияқты аса қауіпті аурулар аурулары тіркелмеген. Сондай-ақ, өткен жылмен салыстырғанда биыл коронавирус жұқпасы – 4 жағдайға, вирусты пневмония – 10 жағдайға, тамақтан улану жағдайлары – 3,8 есеге, сарып – 2,6 есеге және эхинкоккоз – 2,3 есеге төмендеген. Өңірде жіті ішек инфекцияларының 456 жағдайы тіркеліп, аурушандық көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 53,1 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15,3 пайызға төмендегенін көрсетеді. Сол себепті де облыстағы эпидемиологиялық ахуал «қанағаттанарлық» деп бағалануда,- деді Мая Миранбайқызы.
– Жыл басынан бері аймақта бруцеллез ауруының 11 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есеге төмендегенін көрсетіп отыр. Ал, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша өткен жылдың 6 айында 6 жағдай тіркелсе, биыл 4 жағдай есепке алынды. Облыс тұрғындары арасында қоғамдық тамақтану орындарымен байланысты жаппай топтасқан тамақтан улану жағдайлары тіркелмеген. Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, «2023-2025 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар» шеңберінде адам папиллома вирусына қарсы вакциналауды енгізу көзделген. Адам папилломасы вирусы – теріні және дененің әртүрлі бөліктерінің шырышты қабықтарын зақымдайтын вирустар тобы. Бұл вирус қауіпті, себебі, ол тез таралып, нәтижесінде папилломалар пайда болады және жасушалардың қатерлі ісігінің деградациясы мен жатыр мойны обыры сияқты қатерлі ісіктің дамуына қоздырғыш болады. Ғылыми мәліметтерге сүйенсек, 10 әйел мен ер адамның 8-і 25 жасқа дейін осы вирусты жұқтырған. Сол үшін де елімізде АПВ-ге қарсы вакциналауды енгізу бойынша дайындық жұмыстары басталды. ДДСҰ 9-14 жас аралығындағы қыздарды вакциналауды ұсынып отыр. Осыған байланысты, Қазақстанда биылғы жылдың үшінші тоқсанында 11 жастағы қыздарға екпе салу жоспарланып отыр,- деді Әлия Мүтәліпқызы.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!