Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Медицина қызметкерлері құрметке бөленді

13.06.2025, 8:50 208

HALYQLINE.KZ

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Қазалы ауданында салтанатты іс-шара өткізіліп, аудандағы бірқатар дәрігер қауымы құрмет төрінен көрінді. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Мерейлі мерекеге аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков, зиялы қауым өкілдері және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

Салтанатты іс-шарада аудан әкімі сахна төріне көтеріліп, абзал жандарды мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде аймақ басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқан аудандағы денсаулық сақтау саласындағы оң нәтижелі жұмыстар жайында айтып өтті. Аудан басшысынан кейін, іс-шараға арнайы келіп қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Мерекелік іс-шарада аудан медицинасының дамуына сүбелі үлес қосып, салада табысты еңбек еткен бірқатар дәрігер мен сала ардагерлері түрлі марапатқа ие болды. Атап айтқанда, Қазалы ауданаралық ауруханасының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Медетбаева мен аудандық аурухананың бас мейіркеші Масаты Мұрат «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің Үздігі» құрметті төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар азаматқа ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаты», облыс әкімі мен аудан әкімінің және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының «Алғыс хаттары» табысталды.

Мерекелік іс-шарада дәрігерлер әріптестеріне деген жүрекжарды тілегін әнмен жеткізсе, ал аудан өнерпаздары медицина қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап ән шырқап, мерекелік ерекше көңіл күй сыйлады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: