Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу шаралары

20.07.2022, 10:15 826

HALYQLINE.KZ Ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен және облыс әкімдігінің қаулысымен жануарлардың аса қауіпті жұқпалы және энзоотиялық ауруларының тізбесі бекітілген. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруымен (Бұдан әрі қарай – КҚГҚ) ауыл шаруашылығы жануарлары ауырмайтындықтан бұл тізбеге енгізілмеген.

КҚГҚ – табиғи ошақтық аса қауіпті ауру. Осы қауіпті ауруды жұқтыру көктемгі, жазғы және күзгі маусымдарда тіркеледі. Адамдарға бұл ауру денесінде ауру қоздырғышы бар кене шаққанда, науқас адамдармен қарым-қатынаста жұғады, мүгедектікке, уақытылы дәрігерге көрінбесе өлім жағдайына әкеледі. Вирус адам ағзасына жұққаннан кейін 1-14 күн ішінде аурудың алғашқы белгілері білініп, басы солқылдап, дене ыстығы көтеріледі және бүкіл денесі сырқырап қатты ауырады. Соның салдарынан бойын әлсіздік билейді.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша 2022 жылдың эпидемиологиялық маусымдарына КҚГҚ ауруынан 116 елді мекен қолайсыз болып танылды. Қолайсыз елді мекендерді кенеден залалсыздандыру іс-шараларына облыстық бюджеттен жыл сайын тұрақты түрде қаржы бөлініп келеді. Тұрғылықты халық аса қауіпті аурудың зардабын тартпас үшін бөлінген осы қаржыны тиімді, әрі нәтижелі пайдалану мақсатында мал қораларының көң-қилары уақытылы алынып, механикалық-санитариялық тазаланып, жүйелі түрде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі қажет.

Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы өткізген мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша жеңімпаз мердігер мекемелер қолайсыз елді мекендерде күзгі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге дайындық үстінде.

Қазіргі күні, облыс бойынша мал иелерінің (мәліметке сәйкес) өз қаржысы есебінен 95,3 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары кенеге қарсы ветеринариялық препараттармен (ивен, ивермек, ивермектин және т.б.) алдын ала егіліп отыр. Бұл препараттарды пайдалану үнемді әрі, тиімді.

Соның бірі, ивермек  – инъекцияға арналған ерітінді сұйық дәрі. Паразитарлы ауруларды емдеуге және алдын алуға МІҚ, қой, ешкі, түйе мен шошқаға пайдаланылады. Ивермек түссіз немесе сарғыш болып келеді. Бұл дәрі құрғақ, қараңғы жерде 00С-пен 250С аралығында сақталуы керек. Флакон ашылған соң 24 күнге дейін ғана сақтап пайдалануға болады. Инъекциядан кейін дәрі 10-14 күнге дейін белсенді әсер етеді. Ивермек 50 кг салмаққа 1 мл мөлшерде салынады. Дәрі малдың терісіне жабысып тұрған паразиттермен қоса ішкі құрылысындағы зиянды құрттарды жойып (паразитарлы аурулардың алдын алып), малдың тез оңалуына септігін тигізеді.

Мал жайылымдары мен далалық жерлерде, егіс алқаптарында еңбек ететін адамдар кенелер көбейген кезде сақ болғаны жөн. Жұмыс кезінде ұзын жеңді, ашық түсті киім киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып қою қажет. Дененің барынша жабық болғаны дұрыс. Малды күту және қырқым кезінде арнаулы қорғаныс киімдер мен қолғап киюді естен шығармаған абзал. Жұмыс соңында денесі мен киімдерін кенеден тазартып отыруды әдетке айналдыруы қажет.

Кене шаққанда өздігіңізбен емделуге болмайды. Себебі, денеге жабысқан кенені дұрыс алмасаңыз, жағдайыңыз тіптен нашарлап кетуі мүмкін. Кенені май тамызып алуға болмайды, қанға тойып алған кене тұншығып, қанды қайтадан жараға төге салуы мүмкін. Өзіңіз жұлып тастасаңыз, тұмсығы теріде қалып қояды. Оны байқау өте қиын. Ең дұрысы, денедегі кенені пинцетпен немесе ілмек жасап жіппен сағат тіліне қарсы бағытта бұрап отырып алу. Шаққан жерді тек антисептик немесе спиртпен өңдеу керек.

Егер, өзіңізді кене шаққанын байқасаңыз, мазасыздансаңыз немесе күдіктенсеңіз міндетті түрде уақытылы дәрігерге көрініңіз.

Облыстық ветеринария басқармасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: