Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кенеге қарсы күрес басталады

29.03.2024, 11:50 184

Бүгін Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлмира Сыздықова Қызылорда қаласында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының эпидемиологиялық ахуалы және алдын алу шаралары туралы баяндады.

Биыл қала бойынша конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруының қолайсыз аймақтары ретінде 12 ошақ есепке алынды. Олар: Қызылорда қаласы («КБИ» аймағы, ПМК-29, Бәйтерек, Әл-Фараби мөлтек аудандары), Тасбөгет кенті, Белкөл кенті («Көкжиде» аймағы, Бірқазан ауылы), Абай, Баймұрат батыр, Досан, Ж.Махамбетов, Иіркөл, Қарауылтөбе, Қызылжарма, 11 бекет (Талсуат) елді мекендері және Қараөзек станциясы.

Қолайсыз аймақтар ретінде есепке алынған ошақтарда 10-23 сәуір аралығында ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалының дезинсекциялық бригадасы «Дельтаметрин» препаратымен кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізетін болады. Қолайсыз аймақтардағы буферлік зоналарда және мал бастарына ЖК Б.Танкеевтің «Дезинфекция и К», «Satti tulik», «Ақтөбе-Дезинфекция» ЖШС мекемелерімен ауылшаруашылық мал бастары (28215, оның ішінде 7927 уақ мал) мен мал қора-жайларына (65400 ш.м) «Ципэк» препаратымен кенеге қарсы жұмыстары жүзеге асырылады.

– Көктемгі эпидмаусымда барынша сақтық шараларын қатаң сақтауымыз керек. Кене малдың үстінде болатындығын ескере отырып, малды алдын ала кенеге қарсы егіп, мал қорада кенеге қарсы улау жұмыстарын жүргізу керек және мал күтімімен айналысу барысында бөлек арнайы киім пайдалану қажет, – деді басқарма басшысы Гүлмира Жамбылқызы.

Айта кету керек, былтырғы жылы Қызылорда қаласында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алғашқы диагнозымен 13 жағдайы тіркелген. Оның 1 жағдайы клиникалық және зертханалық расталды. Жүргізілген эпидемиологиялық тексеріп-зерттеу қорытындысымен науқастың жеке шаруашылықтағы ауылшаруашылық мал бастарын бағуға барғандығы анықталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: