Дәрі-дәрмек нарығы ашық көрінгенімен, көп мәлімет құпия. Оған қоса, халықтың дәрі сатып алудағы сауаты қалыптасып үлгерді деп айта алмаймыз. Дәріханалардағы қызмет пен оған келіп жатқан шипалы дүниелердің ағынын ел мүлдем білмейді. Ал, ауруханалар мен емханаларда ұсынылатын тегін дәрілерді кім, қалай ала алатынын да ешкім түсіндіріп жатқан жоқ. Бағасы ырыққа бағынбаған дәрілердің әбігерін ауырған жандар ғана түсінеді. Мәселен, Energyprom.kz мониторинг агенттігінің дерегінше, елімізде дәрі-дәрмек бағасы бір жылда орта есеппен 11 пайызға қымбаттаған. Қолда барды ұқсата алмайтынымыз тағы бар. Әйтпесе, дәрілік шикізат бізде мол екені рас. Соны пайдаға жарата алсақ, қымбатшылық қос бүйірден қыспайды. Тіпті, тәжді вирус кезеңіндегідей дәрі тапшылығын сезініп, жер сипап қалмас едік.
Сарапшылардың айтуынша, парацетамол мен ацетилсалицил қышқылының құны тіпті 60 пайызға дейін көтерілген. Мамандар медикаменттер бағасы әлі қымбаттайтынын ашық айтуда. Соған қарамастан Қазақстанның фарминдустриясы қарқынды дамып келеді. Ел экономикасында да маңызды рөл атқарады. Бұған бірқатар фактор ықпал етті.
Өткенге көз тастар болсақ, елімізде дәріхана ұйымдары XIX ғасырдың басында құрыла бастады. Осы кезеңде Ресейдің құрамында революцияға дейінгі Қазақстанда дәріхана қызметі өте әлсіз болды. Саудагерлер Ресейден әкелінген дәрі-дәрмектерді сатып алумен және сатумен айналысты. Дәрі-дәрмектерге деген қажеттілік соншалық, бірнеше рет уездік бастықтар өздерінің есептерінде ауруханаларда дәріхана құру қажеттілігі туралы айтқан. Қызығы ХІХ ғасырдың 50-жылдарына дейін Қазақстанның бүкіл аумағында бірде-бір еркін дәріхана болмаған екен. 1842 жылы Орал қаласында халыққа ақылы дәрі-дәрмек беретін алғашқы дәріхана ашылған. Ол көптеген жылдар бойы Қазақстандағы жалғыз дәріхана статусына ие болды.
Бүгінгі күні фармацевтика өнеркәсібі Қазақстанда 100-ден астам кәсіпорын – шетелдік және жергілікті фармацевтикалық өнімдерді өндірушілер, соның ішінде медициналық мақсаттағы бұйымдардың шағын өндірушілері бар. Отандық кәсіпорындар: «Химфарм» АҚ, «Глобал Фарм БК» АҚ, «Нобель АФФ» АҚ, «Ромат» және «Досфарм» фармацевтикалық компаниялары технологиялық процестерді әзірлеу мен енгізуді, дайын дәрілік нысандарды өндіруді, дистрибьюторлық және дәріханалық желілер арқылы емдеу мекемелері мен тұтынушыларға сатуды қоса алғанда, толық циклді кәсіпорындар. Медициналық құрал-жабдықтар бойынша өндірістің толық циклы бар кәсіпорын – «Ақтөберентген» АҚ.
2011 жылдан бастап ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, «СҚ-Фармация» республикалық бюджет қаражаты есебінен сатып алынатын медициналық техниканы сатып алуды, сондай-ақ қаржы лизингі жағдайында денсаулық сақтау ұйымдарына одан әрі беру үшін ұйымдастырушы. Медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алу функциясын бере отырып, «СҚ-Фармация» ЖШС-нің алдына республика шеңберінде сатып алуды орталықтандыру және екі кезеңді тендерлік рәсімдерді қолдану, сатып алынатын жабдықтың сапасын одан әрі арттыру және оның жұмысының үздіксіздігін қамтамасыз ету есебінен оның құнын төмендету міндеті қойылды.
Сатып алу тендерлік негізде өнімнің әрбір атауы бойынша шекті бағаны көрсете отырып, уәкілетті орган жыл сайын әзірлейтін және бекітетін тізім шеңберінде ғана өнім берушілерді таңдау жолымен жүргізіледі. Бірыңғай дистрибьютордың әлеуетті өнім берушіні таңдауының негізгі өлшемшарты – өнім берушіде өндіруші мәртебесінің немесе фармацевтикалық өнім өндірушінің ресми өкілінің болуы. Яғни, сатып алу қағидаттарының бірі – отандық өндірушілерді қолдау. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық фармацевтикалық нарық көлемі 765 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақытта Қазақстанның фармацевтикалық нарығында 88 отандық өндіруші бар, оның ішінде 32 компания дәрі-дәрмек өндіреді. Бүгінде отандық кәсіпкерлер дәрілік заттардың 900-ге жуық түрін және медициналық бұйымдардың мыңнан астам түрін шығарады. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында фармацевтика саласы 4,9%-ға өсті.
Фармацевтикалық өнім өндірісінің негізгі үлесі ірі кәсіпорындарға тиесілі: «Химфарм» АҚ, «Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ, «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС, «Келун-Казфарм» ЖШС, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС. Отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі тетігі 10 жылға дейінгі мерзімге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу болып табылады. Бірыңғай дистрибьютор 92 ұзақ мерзімді шарт жасасты, оның шеңберінде 2025 жылға дейін жаңа дәрілік заттардың 804-тен астам позициясын және медициналық бұйымдардың 3944 позициясын жеткізу жоспарланған. Қолданыстағы ұзақ мерзімді шарттар бойынша дәрілік заттардың 316 түрін және медициналық бұйымдардың 428 түрін өндіру жолға қойылған.
Ел Президенті отандық өндірушілермен оффтейк-келісімшарттардың номенклатурасы мен көлемін кеңейтуді тапсырды. Бұл салалар инвестициялар үшін ашық және мұндай жобалар мемлекет тарапынан толық қолдауға ие болады. Қазіргі уақытта Ақтөбе, Астана және Шымкентте 3 кластерлік аймақ қарастырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 11 қаңтарда мәжіліс отырысы кезінде Қазақстан қолайлы инвестициялық ахуалды сақтауға мүдделі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Президент бұл кезеңде жаһандық энергетикалық және технологиялық ауысудың ESG талаптарын күшейту жағдайында елдің тартымдылығын арттыру үшін инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы қажет екенін айтты.
Қазақстандық өндірушілер Қырғызстан, Ресей, Словения, Түркия және Өзбекстан нарығын табысты игеруде. Салаға салынған инвестициялардың өсуі фармацевтикалық өнімдер экспортының көрсеткіштерін жақсартуға серпін берді. Фармацевтикалық индустрияны дамыту стратегиясы өз алдына өршіл мақсаттар қояды. Оның ішінде фармацевтика өнеркәсібін серпінді ғылыми-технологиялық және әлеуметтік бағдарланған дамыту, жоғары өнімді экспортқа бағдарланған сектор құру және соның салдарынан дәрілік заттар экспортының көлемін ұлғайту. Стратегиялық міндеттер ғылым, білім және қолданыстағы фармацевтика арасындағы тығыз байланысты қалыптастыру және сақтау десек те болады. Бұл Қазақстанның ғылыми мұрасын нығайтады.
Яғни, жаңа зауыттың ашылуы отандық өндірістің дамуына оң ықпал етпек. Тиісінше, болашақта қазақстандық өнім экспортының үлесін арттырады деген үміт басым.
Аймақтағы ахуал да жаман емес. Дәрімен қамту жұмысы барынша жолға қойылған. Амбулаториялық дәрілік заттармен қамтамасыз ету «Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Бұйрық негізі үш бөліктен тұрады:
1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі дәрілік заттар;
2. Ересектерге арналған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі дәрілік заттар;
3. 18 жасқа дейінгі балаларға арналған амбулаториялық деңгейде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар.
Әр емдеу ұйымы «Бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйесі» порталы арқылы жеке дара емханаға арналған өтінімді қалыптастырады.
Өтінімдерінде көрсетілген қажеттілікке және көрсетілген уақыт графигіне сәйкес біріңғай дистрибьютер болып табылатын «СҚ-Фармация» ЖШС дәрілік заттарды жеткізіп береді.
2024 жылға ДЗ арналған түпкілікті өтінім 8 млрд теңгені құрайды.
Емдеу ұйымдарына жыл басынан бері «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы жалпы 6,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмек жеткізілсе, 4,4 млрд теңге болатын дәрілік заттар мен 129 335 науқас қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда қалдық қоры – 2 млрд теңге. Сонымен қатар, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 12-бабының 1-тармағының 5-тармақшасына сәйкес, «Қызылорда облысы азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емделу кезінде тегін дәрілік заттарды қосымша беру туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2020 жылғы 21 қазандағы №474 шешімі негізімен жергілікті бюджет есебінен 382 006,3 мың теңгеге сатып алу жұмыстары жүргізілді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына орфандық сирек кездесетін 3 науқас балаға қажетті 176 млн теңгеге дәрі-дәрмек жеткізілді. Бұдан бөлек, тағы 5 науқасқа сұраныс беріліп, қазіргі уақытта келісімшарт жасалуда.
ТҮЙІН. Елдегі дәрі-дәрмек нарқында импорт пен экспорт қатар жүруде. Нақтырақ айтқанда, фармацевтика саласында импортқа тәуелдіміз дегенімізбен, кейінгі жылдары экспорттық әлеуетіміз де көтеріліп келе жатқанын байқаймыз. Жалпы, медицинада дәрі-дәрмек қорының жеткілікті болуы мемлекет үшін қашан да маңызды. Осы орайда, дәрі-дәрмекпен қамту мәселесіне мемлекет басшысы да бейжай қарамай, жіті бақылауда ұстап келеді. Отандық дәрі-дәрмек өндірісін өркендетуге назар аударып, тиісті тапсырмалар жүктегені белгілі. Осының негізінде саладағы жұмыстар жалғасын табады деп сенеміз.
Замира ҚОНЫСЖАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!