Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Фармацевтердің 29 млн теңгесі төленді

24.02.2021, 9:40 344

HALYQLINE.KZ Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары, бизнес-омбудсмен аппаратының облыс бойынша сектор меңгерушісі Салават Құлмахан бірқатар мәселелерге тоқталды.

Өткен жылдың желтоқсан айында Кәсіпкерлер палатасына аймақтағы бірқатар фармацевтика саласындағы кәсіпкерлерден көрсеткен қызметі үшін қаражатын толық ала алмай жүргендігі жөнінде, аталмыш мәселеге қатысты құқықтық қолдау көрсетуді сұраған өтініштер түсті.

Мәселе мынада. Қазалы ауданаралық ауруханасы фармацевтика саласындағы 5 кәсіпкерге 110 млн теңгеден астам қаржы қарыз болып шықты. Бұл қарыз кеше-бүгін қалыптасқан шығын емес, алды 2017 жылдан бастап жинақталып қалған екен. Кәсіпкерлер Қазалыдағы ауруханаға дәрі-дәрмектер, медициналық бұйымдар жеткізіп беру қызметтерін көрсетіп келген.

Кәсіпкерлер палатасы заңгерлері аталмыш мәселені жан-жақты зерттей келе облыс прокуроры Нұрлан Бижановпен кездесу ұйымдастырып, бизнес өкілдерінің мәселесін осы отырыста көтереді.

«Бизнес өкілдерін жақсы түсінуге болады. Дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдарға бюджеттен арнайы қаржы бөлініп отыр. Алайда аталмыш қаржының нысаналы мақсатына жетпеуі кәсіпкерлерге қиындық тудыруда. Олар да көрсететін қызметтеріне қажетті құрал-жабдықтар мен дәрілерді алдыртады. Ол үшін қаржысын толық төлейді. Ал аурухана тарапынан қаржының уақытылы төленбеуі фармацевтика саласындағы компаниялардың тұрақты жұмыс орнын сақтап қалуда, еңбекақыларды уақытылы төлеуде салмақ салуда. Осы жерде облыс прокуроры Нұрлан Бижановқа арнайы алғысымызды білдіргіміз келеді. Кәсіпкерлермен кездесуден кейін мәселені өз бақылауына алып, шешілуіне септігі тиюде», – дейді бизнес-омбудсмен аппаратының облыс бойынша сектор меңгерушісі Салават Құлмахан.

Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратураның араласуымен бүгінде кәсіпкерлерге 29 млн 491 мың теңге қаржысы төленді. Ал қалған 80 млн 708 мың теңге қарызды аурухана басшылығы жыл соңына дейін төлеп беретіндігін жеткізді.

Өңір фармацевтерінің мәселесі Кәсіпкерлер палатасы үшін әлі де күн тәртібінде. Палата заңгерлері сала кәсіпкерлеріне құқықтық сүйемелдеу жұмыстарын жалғастырады.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: