HALYQLINE.KZ Бүгін вакцинациялау шаралары туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті. Жиынға №3 қалалық емхананың эпидемиолог-дәрігері Гүлнұр Ильясова мен №4 қалалық емхананың медицина қызметкері Сезім Азаматова қатысты.
– Әлемді шарлаған індеттен арылудың бірден-бір жолы – екпе салдырту. Оны екенін дүниежүзі мойындап отыр. Осы орайда қала тұрғындарын коронавирусқа қарсы екпе салдыруға белсене атсалысуға шақырамыз. Біз үшін баршаңыздың денсаулығыңыз маңызды!
Адамдардың көпшілігі вакцинаны ешқандай ерекше белгісіз өткізеді. Ал, кей адамдарда инъекция орнында аздап ауырсыну, қызару немесе ісіну, әлсіздік болуы мүмкін. Сонымен қатар, бұлшықеттерде аздап ыңғайсыздық болуы ықтимал. Кейде дененің қызуы көтерілуі, аздап қалтырау, жүрек айну және лимфа түйіндерінің шамалы ұлғаюы мүмкін. Мұның бәрі – иммунитетті қалыптастырудағы қалыпты реакциялар. Қазіргі уақытта вакцинацияланған адам басқаларға қауіп төндірмейді. 38 градусқа дейінгі температураны төмендетпеу ұсынылады. Егер ол одан жоғары көтерілсе, әдетте суық тигенде қолданатын ыстық түсіретін дәріні қабылдауға болады. Ең жақсысы – парацетамол. Сирек жағдайларда дене қызуының көтерілуі екі-үш күнге созылуы мүмкін. Вакцинаның екінші компонентін салдырмаса, адамда иммунитет қалыптаспайды. Өйткені екеуінің құрамы екі түрлі. Сондықтан бір-бірінсіз адамның бойында иммунитет қалыптаспайды. Екінші компонентін міндетті түрде салдыру керек. Вакцинациядан кейін не істеу керек? Не рұқсат етіледі, не істеуге болмайды? Екпені ағзаға енгізгеннен кейін, қауіпті аллергиялық реакция мүмкіндігін болдырмау үшін дәрігерлердің бақылауында біраз уақыт өткізу керек. Алайда осыдан кейін де күн соңына дейін көлік жүргізбеген абзал. Вакцинациядан кейін екі апта ішінде алкогольден толық бас тарту талаптардың тізіміне кірмейді. Бірақ дәрігерлер мүмкіндігінше инъекциядан кейін бірнеше күн ішімдік ішуден бас тартуға кеңес береді. Өйткені қандағы алкоголь кез келген аурудан иммунитеттің қалыптасуына жол бермейді. Соңғы уақытта өңірдегі вирус деңгейінің күрделеніп, үнділік «Дельта штамм» белгілерінің таралуы себепті көпшілікті сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз.
Қазір вирустың мутацияланған белгілері анықталуда. Індетті жеңу үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, тұрғындарды белсенді түрде екпе егу жұмыстарына шақырамыз. Осы орайда айта кетейік, шілде айының 13 жұлдызынан бастап, яғни ертең №3 қалалық емханада екпе егу кабинетінің жұмысы дүйсенбі мен жұма аралығында 8:00-22:00 дейін, ал демалыс күндері 9:00-18:00 аралығында жұмыс істейді, – деді Гүлнұр Ерғалиқызы.
Сезім Азаматқызы, №4 қалалық емхананың медицина қызметкері:
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта әлем елдері барыша коронавирус індетіне қатысты ахуал күрделеніп кетті. Қауіпті вирустың жаңа мутацияланған «Дельта-штамм» түрі жұртшылықты алаңдатып отыр. «COVID – 19» жеңе алмай жатқан тұста, бұл ақ халатты абзал жандарға үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.
«Дельта-штамм» туралы не білуіміз керек? Ең біріншіден, бұл дерттің адам денсаулығы мен өміріне үлкен қауіп төндіретінін естен шығармау керек. Қарапайым тұмау белгілері байқалған бойда медициналық көмекке жүгінген дұрыс. Клиникалық белгілерге мән бермеген жағдайда, сырт асқынып кетуі мүмкін. Бұл кезде медициналық көмек нәтиже бермеуі мүмкін.
Аталмыш дертті жұқтырмау үшін ертерек вакцина салдырып, ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға үлес қосқан дұрыс.
Оте дурыс аитасыз