Бүгінде БАҚ-та балалар арасында пайда болып жатқан түрлі дертті естиміз, көреміз. Жарық дүниеге түрлі синдроммен келіп жатқан сәби де жетерлік. Жан-жағымызды жағымсыз жаңалық қаптап, медицинаның күннен-күнге өсімімен қатар, дағдарысын да көру қоғамдық пікір қалыптастыруға әкеліп отыр. Осының сарынында жуырда цифрлық аутизм дерті де көптің талқысына түсіп, медицина мамандары дабыл қағуда. Естімеген болсаңыз, бұл ауру – балалардың гаджеттерге тәуелділігі салдарынан сөйлеу және әлеуметтік дағдылардың баяу дамуы немесе мүлде тежелуі. Бұл терминді алғаш рет 2018 жылы румын психологі Мариус Замфир енгізген. Оның айтуынша, ерте жастан экранға телмірген балалардың нейропсихологиялық дамуы тежеліп, олардың когнитивтік функциялары мен эмоциялық байланыстарында ауытқулар пайда болады.
Қорқыныштысы сол, цифрлық аутизм ұғымы теориядан практикаға ауысты. Күн сайын өз баласына гаджет беретін ата-аналар оның салдарын ұзақ уақыт байқамайды. Гаджеттер арқылы қарым-қатынасқа деген қажеттілік азаяды, сөйтіп баланың сөйлеу және әлеуметтену қабілеттері қалыпты түрде дамымайды.
ҒЫЛЫМ мен ҒАЛЫМ НЕНІ ДӘЛЕЛДЕДІ?
Қазіргі таңда гаджеттердің балалардың дамуына тигізетін ықпалы ғылыми ортада қызу талқылануда. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі ғалымдар гаджеттердің бала психологиясы мен физиологиясына қалай әсер ететінін зерттеп, маңызды тұжырымдарға келді. Бұл зерттеулердің нәтижелері ата-аналарды ғана емес, тұтас қоғамды ойландырады.
АҚШ-тағы Сан-Диего университетінің ғалымдары жүргізген зерттеулер айқын деректерді алға тартты. Олар күніне жеті сағаттан артық экранға қараған балалардың миының қыртыс аймағының жұқарып кететінін анықтады. Бұл аймақ – адамның ойлау қабілеті мен эмоциялық реакцияларын басқаратын негізгі орталық. Егер бұл аймақтың құрылымы бұзылса, баланың зейіні шоғырлану қабілеті төмендейді, есте сақтау қабілеті әлсірейді, ал эмоциялық тұрақтылық жоғалады. Мұндай өзгерістер баланың мектептегі үлгеріміне ғана емес, өмір бойы қажет болатын әлеуметтік және ақыл-ой дағдыларына әсер етеді.
Жапония зерттеушілері де балалардың гаджеттерге тәуелділігінің қауіпті жақтарын зерттеумен айналысуда. Олар күніне екі сағаттан астам экран алдында отырған балалардың арасында сөйлеу қабілетінің төмендеуі 30%-ға артатынын анықтады. Бұл сан – тек құрғақ статистика ғана емес, шынайы өмірдің бейнесі. Балалар еркін қарым-қатынас жасай алмайды, өз ойын жеткізу қиынға соғады, сөйтіп олар тұйықталып, өз-өзіне сенімсіз болып өседі. Әсіресе, мектеп жасындағы балалар арасында мұндай жағдайлар жиі кездесуде. Ғалымдар бұл құбылысты «экрандық оқшаулану синдромы» деп атайды.
Қытай ғалымдарының зерттеулері де алаңдатарлық. Олар гаджеттерге шамадан тыс тәуелді балалардың оқу үлгерімі едәуір нашарлайтынын және агрессиялық мінез-құлықтың жиілейтінін байқады. Бұл жағдайдың негізгі себебі – экрандағы үздіксіз ақпарат ағынының балалардың жүйке жүйесін шамадан тыс шаршатуы. Экран алдында ұзақ отырған бала мектептегі сабақтарға немесе үй тапсырмаларына зейін қоя алмайды. Олар тез шаршайды, ал бұл эмоциялық тұрақсыздыққа әкеледі. Нәтижесінде, баланың айналасындағылармен қарым-қатынасы қиындап, агрессиясы күшейеді. Мұндай өзгерістер тек отбасында емес, достар арасында да түсінбеушілікке әкелуі мүмкін.
ЕЛ ЕСТІМЕГЕН НЕ БАР?
Қазақстанда цифрлық аутизмге қатысты нақты ресми статистика жоқ. Десе де, аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) бар балалар саны жыл сайын артып келеді, бірақ бұл мәселеге қатысты ресми статистикада қайшылықтар байқалады. 2022 жылғы Ұлттық инклюзивті және арнайы білім беру орталығының деректеріне сүйенсек, елімізде АСБ диагнозы қойылған 12087 бала бар. Алайда, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бұл көрсеткіштен айтарлықтай өзгеше, 2008 жылы АСБ диагнозы 37 балаға (100 мың адамға шаққанда 0,8) қойылса, 2020 жылы бұл сан 756 балаға (100 мың адамға шаққанда 12,7) жеткен.
Мұндай айырмашылықтың себебі – мемлекеттік органдардың әртүрлі есептеу әдісі мен терминологияны қолдануында. Сонымен қатар, аутизм спектріндегі барлық балаға диагноз қойылмайды немесе олардың кейбіріне мүгедектік мәртебесі берілмейді. Сондықтан бұл деректердің шынайы жағдайды толық қамтымауы мүмкін.
Бұл мәселе еліміздегі аутизмге қатысты денсаулық сақтау және білім беру жүйесінің әлсіз тұстарын көрсетеді. Ең маңыздысы – диагноз қою мен статистиканы нақтылау қажеттігі. Дұрыс ақпаратсыз мәселенің ауқымын бағалау және тиісті шараларды қолдану қиынға соғады. Елімізде аутизмге шалдыққан балаларға жан-жақты көмек көрсету үшін барынша нақты және кешенді мәліметтер базасын құру қажет.
Дегенмен, цифрлық аутизм белгілері, мысалы, сөйлеу дамуының кешеуілдеуі мен балалардың әлеуметтік байланыстарға қызығушылығының төмендеуі, әрбір екінші баладан байқалады. Нейропсихологтардың айтуынша, бұл проблема көбіне қалалық аймақтарда белең алған. Ауылдық жерлерде гаджетке қолжетімділік шектеулі болғандықтан, балалар табиғатпен, адамдармен көбірек араласады.
Цифрлық аутизм – әлі толық зерттелмеген және денсаулық сақтау жүйесінде жеке диагноз ретінде қарастырылмайтын құбылыс. Елімізде бұл мәселеге арналған арнайы бағдарламалар мен алдын алу шаралары жетіспейді. Балабақшаларда және мектептерде гаджеттерді пайдалану тәртібін реттейтін нақты ережелер жоқ. Көптеген ата-ана гаджеттерді балаларын тыныштандыру құралы ретінде қолданады, бірақ оның ұзақмерзімді зияны туралы аз біледі. Ал жас ата-ана мұны ескермей жатады.
МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?
Дәрігерлер цифрлық аутизмді жаңа әлеуметтік феномен деп санайды. Невролог Константин Пушкарев бұл құбылыстың 1,5 жастан бастап-ақ көріне бастайтынын айтады. Ал психолог Айгүл Мүсірепова ата-аналарды гаджеттерді шектеуге шақырады. Оның айтуынша, цифрлық аутизмнің алдын алу үшін баланы нақты өмірдегі қарым-қатынасқа көбірек тарту қажет екенін айтты. Сонымен бірге аутизмді зерттеуші Нариман Амантаев бұл мәселеде мынадай пікірді алға тартады.
– Аутизмі бар балалардың бірінші проблемасы – жол картасының болмауы, неден бастау керек, қайда жүгінуге болады? Интернетте «Қазақстан аутизм» деп терсеңіз, іздеу жүйесіндегі алғашқы ақпарат – медициналық клиникалардың «Бізге келіңіздер, аутизмнен емдейміз» деген ұраны мен «аутизм эпидемиясы», «Қазақстандағы цифрлық аутизм», және т.б. тақырыптар қойылған жаңалықтар. Аутизм – өмір бойы қалатын жағдай. Осылайша ата-аналарға екі тараптан теріс ақпарат беріледі. Салыстыру үшін айта кетсек, «autism Canada» немесе «autism USA» деп іздесек, ата-аналардың кейінгі әрекеттеріне бағыт-бағдар беретін мемлекеттік сайттар алға шығады, – дейді аутизмді зерттеуші, аутизм-адвокат Нариман Амантаев.
ҚОҒАМ ҚАНДАЙ ПІКІРДЕ?
Әлеуметтік желілерде балалардың гаджеттерге тәуелділігі қызу талқылануда. Көптеген ата-ана бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, өз тәжірибелерімен бөлісуде. Мәселен, белгілі қоғам белсендісі Мақсұтбек Аймағанбет: «Балаларымыздың дамуын гаджетке тапсырып қойдық. Бұл – біз үшін де, балаларымыз үшін де үлкен қауіп» деп жазады. Ол балаларға арнайы SIM-карта енгізуді ұсынып, ата-аналарды балалардың интернеттегі әрекеттерін қадағалауға шақырады.
Психолог Сымбат Абдрахманова болса, ата-аналардың балаларымен сапалы уақыт өткізуінің маңыздылығын атап өтеді.
– Еліміздегі әрбір үшінші отбасында ата-аналар баласына тәулігіне 15 минут та уақыт бөле алмайды. Бұл балалардың гаджеттерге тәуелді болуына әкеледі, – дейді ол.
Әлеуметтанушы Таңшолпан Жауынбайдың пікірінше, гаджеттерді қолдану мәдениетін қалыптастыру қажет. «Балалар смартфон-гаджеттерге тез үйренеді. Олар сол әлемнің аборигендері сияқты. Ал олардың ата-аналары мен мұғалімдері 25-30 жас үлкен болғандықтан имигранттар секілді болады» деп атап өтті.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі, үш баланың анасы Айгүл Мүсірепова: «Балаларымның бос уақытын тиімді өткізу үшін түрлі үйірмеге жаздырдым. Бірақ гаджеттер олардың назарын бәрібір өзіне аударады» деп өз тәжірибесімен бөлісуде.
Тағы бір қолданушы, мұғалім Ерлан Сейдахметов «Оқушыларымның сабаққа деген қызығушылығы төмендеп барады. Себебі, олар түнде гаджеттерде отырады да, күндіз сабақта ұйқылы-ояу жүреді» деп алаңдаушылық білдірді.
Бұл пікірлер қоғамда балалардың гаджеттерге тәуелділігіне қатысты алаңдаушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Ата-аналар мен мамандар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, гаджеттерді қолдану уақытын шектеу қажеттігін алға тартады.
Бұл мәселенің шешімі – алдын алу. Ең алдымен, ата-аналар балаларына гаджеттерді шектеуді үйренуі керек. Екіншіден, мектептер мен балабақшаларда ақпараттық кампаниялар ұйымдастыру қажет. Үшіншіден, цифрлық сауаттылықты арттырып, балаларды шынайы өмірмен байланыстыратын іс-шараларды жиі өткізу керек деген пікірлер жиі айтылып жатыр.
Жоғарыда айтқанымыздай, цифрлық аутизм – қоғамдағы шынайы және өзекті проблема. Бұл тек медициналық немесе психологиялық мәселе емес, сонымен қатар тәрбиенің, білім берудің және әлеуметтік саясаттың да мәселесі. Қазақстан бұл проблемаға кешенді және жүйелі түрде қарауы қажет. Балалар – біздің болашағымыз, ал олардың психологиялық және әлеуметтік денсаулығы – бүкіл ұлттың жарқын келешегі.
К.ҚҰРМЕТ
Коллажды жасаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!