Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бауырына өмір сыйлаған өжет қыз

22.02.2024, 11:50 331

Фото: kzl-ock.kz

Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тұрқы бөлек тәмсіл бар. Бауыры үшін басын қатерге тігіп, өлім аузындағы ағасына араша түскен мұғалімнің ерлігі өскелең ұрпаққа, қоғамға үлгі екені даусыз. Болған оқиғаны байыппен баяндайын.

Қамшының сабындай қысқа бес күндік жалғанда ауыр дертке душар болып, жаны қиналған жарына, бауырына, баласына, тіпті танымайтын бейтаныс жанға донор болып, бір мүшесін беріп, аман алып қалу барлығының қолынан келе бермейтін іс. Ештеңеден тайынбай, батырлыққа балар қадамға барып, аурудың азабын тартқан адамның өмірге қайта оралуына себепші болған мұндай жандарға мойын бұрмау, елемей кету мүмкін бе?!
Адамзат баласы қай кезде болмасын өзге жанға жүрек жылуын сыйлап, мейрімін төккенде ғана адамдық болмысы ажарлана түседі. Ал бұл іс мектеп қабырғасындағы әрбір оқушыға білім сәулесін шашып, бір үйдің еркесіне түзеу тәрбие беріп отырған мұғалімдердің күнделікті ісі.

Донор болу – ол үлкен жауапкершілік әрі мұндай шешім қабылдау оңай емес. Осындай батыл қадамға барған, аудан орталығындағы №64 орта мектебінің мұғалімі Жанар Райханқызы мұндай шешімді қатты бір қорыққаннан, не болмаса басқа дүниенің әсерінен қабылдаған жоқпын дейді. Бұл бауырының өмірін өзінікінен жоғары қойған қарындастың жанкешті әрекеті. Осындай үлкен жүрек иесі мамандық таңдауда да қателеспеген секілді. Өйткені алдында отырған әрбір шәкірт ұстазының ұстамына куә болып, өмір жолында ізгілік пен мейірімділіктің не екенін жете түсініп өсуде.

2019 жылы ағасының денсаулығы сыр беріп, жаны қиналғанда Жанардың шешімі нық болды. Бір бүйрегін ағасына берем деген ойы да сол кезде келген еді.

– Біз үйде үшеуміз. Үлкен ағам Асылбек Боранбаев – елге танымал әртіс. Одан кейін менімен тетелес ағам – Әділбек Боранбаев. Ал мен – үйдің кенжесімін. Әдөгімнің басына түскен ауыр сынақ бәрімізді абдыратты. Дәрігерлер күн сайын «науқастың бүйрегі солып, жағдайы нашарлауда» деген сөзі ағаңыздың санаулы күндері ғана қалды дегендей естілетін. Қатты қорықтым. Алғашында үлкен ағам Асылбек қан тапсырып, бір бүйрегін беруге бел байлаған. Алайда қан тобы сәйкес келмеді. Ал менің қан сараптамам толық сәйкес келгенімен, денемдегі артық салмақ ота жасауға кедергі келтірді. Сол сәттен бастап мен өзіме «қалайда арықтап, бауырымды өлім аузынан құтқарамын» деп мақсат қойдым. Жаттығу залында қаншама күндерім, айларым тіпті жылдарым өтті. Бірнеше рет дәрігерге барып көрінгенімде еститінім бір жауап еді «жарамайсыз, әлі де толықсыз». Бірақ мен берілмедім, соңына дейін күрестім дейді, – кейіпкеріміз.

Арада 4 жыл өтеді. Бауырына бүйрегімді беріп, қайтсемде құтақарам деген Жанар Астанадағы білікті дәрігерлердің де көмегіне жүгінеді. Бірақ ол жақта да «жарамайсыз, әлі де арықтау керек» деп шығарып салады.

– Әне-міне дегенше 4 жыл өтіп кетіпті. Әділбектің жағдайы одан сайын нашарлай түсті. Түрі кетіп, қу сүйегі ғана қалды. Әр барған сайын ағамның бейнесін көріп, жылап алатынмын. Бірақ дәл сол кездер мені қатты қамшылады. 4 жыл бұрын арықтап, ағамды құтақарамын деген мақсатымды көз ұзамай орындаймын деп өзіме серт бердім. Апталап нәр татпай, күніне екі мезгіл жаттығу залына барып тер төктім. Жақындарымның «болды енді, өзіңді қинай берме, ешнәрсе шықпайды» деген сөздері де маған ерекше мотивация болды. Анамда «болды енді, балаларыңды ойла, өзіңді ойла» деумен болды. Бірақ мен берілмедім. Соңына дейін күресіп 50 келіден ары салмақ тастадым,– дейді ол.

Жаны мейірімге толы Жанар дегініне жетті. Мұңға толы ұйқысыз түндер мен қажырлы еңбегі ақталды. Бойындағы артық салмақтан арылып, бауырыма өмір сыйламын деген арман-мақсаты орындалды.

– Бір ай бұрын дәрігерлер ота жасауға келісім берді. Тіпті таңданыстарын жасырмады. Өйткені Әдөк екеуміздің қан сараптамамыз 99,9 пайыз бірдей болып шықты. Сол кездегі қуанышымды көрсеңіз ғой. Өзімді өмірде менен бақытты жан жоқ жоқтай сезіндім. Шүкір барлығы сәтті өтті. Отадан соң екеуміз бір палатада жаттық. Оянып бір-бірімізге қарай береміз. Ағам сонда қолымды қысып тұрып «Рақмет, саған бауырым!» деп алғаусыз алғысын білдірді, – деп кейіпкеріміз көзіне жас алып, толқынысын жасырмады.

Ерлік дегеніміз тек қарша бораған оқ арасында жүру емес, кейде өз денсаулығыңды қатерге тігіп, Жанар сияқты жақыныңа қол созудың өзі ерлікке парапар дүние.

Бұл оқиға әріптесімізді мақтау үшін жазылған жоқ. Тек шәкірттеріне шуақ төгіп, білім нәрімен сусындатып жүрген қастерлі мамандық иесінің ерлік ісін көпке үлгі ету. Жанарды шәкірттері, ұстаздар мен ата-аналар қауымы ерекше құрметтейді. Ол біздің арамыздағы кең жүректі, мейірімге толы, бауырмал қалпынан айнымаған жандардың біреуі ғана емес…

Санира Жанназарова

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: