Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баймаханов мерейтойына арналған іс-шаралар жалғасуда

27.08.2022, 15:15 333

HALYQLINE.KZ Көпбейінді облыстық аурухананың мәжіліс залында «А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ-ның директоры Болатбек Бимендіұлы Баймахановтың 60 жасқа толуына орай, «Қазіргі таңдағы хирургия саласының өзекті мәселелері» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияда алдымен академик дәрігер Болатбек Бимендіұлын облыстық мәслихат хатшысы Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлы құттықтап сөз алса, құтықтауды әрі карай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Пазилов Сабит Бексеитұлы, медицина ардагерi Тұрғанбай Маханұлы, Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов жалғады.

Одан соң алтын қолды дәрігер Болатбек Бимендіұлының 60 жылдық мерейтойына орай шығарылған кітаптың тұсауы кесiлдi. Жиын одан әрі ғылыми конференцияға жалғасты.

Болатбек Бимендіұлы – есімі әлемге әйгілі хирург, қазақтың мақтанышына айналған азамат. 200-ден астам ғылыми практикалық мақаланың авторы. Еңбек жолында 8 кандидаттық, 4 докторлық диссертациясын жоғары деңгейде қорғап, медицинаның ең күрделі бағыты хирургия саласының дамуына өзінің үлесін қосып келе жатқан әріптес ағамыз. Мыңдаған науқасқа сәтті ота жасап, өзінің біліктілігінің арқасында адам өмірі мен денсаулығын сақтап қалған дәрігер.

Хирургияны әңгіме еткенде, Болатбек Бимендіұлының осы саланың дамуына қосқан үлесін сөз етпеу мүмкін емес. Ақ халатты дәрігердің жасаған зор еңбегі отандық трансплантологияны жаңа белеске көтерді. Қазақстан медицинасының тарихында елімізде алғаш рет күрделі оталар жасалып, халықаралық ғалымдар қауымдастығымен байланыс орнатылды.

Баймаханов Болатбек Бимендіұлының есімі бүгінде тек республикаға ғана емес, әлем жұртшылығына жақсы таныс. Ол кісінің медицина саласындағы жетістіктерін мойындаған шетелдегі әріптестері дәрігердің кәсіби біліктілігін жоғары бағалайды. Сан жылдар бойы жинаған тәжірибесін өндірісте қолданып, талай науқастың дертінен сауығуға атсалысты.

Қазақстан медицинасының тарихында Болатбек Бимендіұлы бірнеше өңірді білікті басқарған тұлға. Оның үстіне сындарлы кезеңде көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге өзінің үлесін қосты. Бұл азамат өзінің еңбекқорлығының, талапшылдығының арқасында зор жетістіктерге жеткен шынайы дарынды тұлға.

Мұнан бөлек Болатбек Бимендіұлы – ұлағатты ұстаз. Ол тәрбиелеп, хирургия саласына баулыған шәкірттері өте көп. Бүгінде олар елімізде және шетелдерде күрделі оталарды сәтті жүргізіп, халықтың алғысына бөленіп жүр. Болатбек Бимендіұлымен тығыз жұмыс жасап, хирургияның қыр-сырын меңгерген азаматтар Қызылорда облысында да абыройлы қызмет атқаруда. Ең бастысы науқастарды дертінен сауықтырып, қалыпты өмірге оралуына өз үлестерін қосуда.

Аталған мерейтой аясында А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталығының мамандары арнайы Қызылорда қаласына келiп, тұрғындарға диагностикалық кеңес бердi. Атап айтсақ, дәрігерлер 25 тамыз күні облыс орталығындағы №3, 6 калалық емханалар мен «ALEXEY SULTAN-AKHMET» емханасында хирург, онколог, гепатолог, уролог, эндокринолог, анестезиолог-реаниматолог дәрігерлер қабылдау жүргіздi.
Денсаулық жағдайына қатысты түрлі мәселемен келген тұрғындар қатары ризашылықтарын білдірiп тарқасты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: