Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Асқазан мен өңеш қатерлі ісігі өршіп тұр

10.11.2020, 16:05 1274

HALYQLINE.KZ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша Еуропалық аймақтарда 71% өлім жағдайының себебі жүрек-қантамыр және онкологиялық аурулар жиынтығы екені дәлелденген. «2020 жылға дейін қатерлі ісіктен сырқаттанушылық пен өлім бүкіл әлемде 1,5-2 есе ұлғаяды» деген деректі ДДСҰ осыдан бірнеше жыл бұрын ескерткен еді. Халықтың әл-ауқатының және өмір сүру ұзақтығының өсуін, қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау бағдарламаларының енгізілуін ескере отырып, обырмен сырқаттанушылық өсуінің ұқсас үрдісі Қазақстанға да тән. Статистикалық зерттеулерге сүйенсек, әлемде онкологиялық аурулардың өсуі негізінен өкпе обырына, ерлердегі колоректальдық обырға, сондай-ақ әйелдердегі сүт безі мен жатыр мойны обырына байланысты болады. Өкініштісі сол, бұл ауру еңбекке жарамды 47 пайыз адамның денсаулығына жабысқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды.

 – Онкологиялық көрсеткіш бойынша республикада 15-орында тұрған Қызылорда облысында жылына 1000-ға жуық науқас анықталады. Оның ішінде өңеш, өкпе қатерлі ісігі мен сүт безі аурулары жиі кездеседі. Қызылорда облысына келудегі мақсатым – өңірдегі онкологиялық ахуалды біліп, мониторинг жүргізу. Яғни, онкоорталықтағы науқастарға қандай жағдай жасалып жатыр, науқастарға қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткілікті ме, құрал-жабдықтар технологиялық талаптарға сай ма деген секілді бірқатар сауалдарға жауап алдым. Өздеріңізге белгілі, онкологиялық аурухана мәселесі біраз жылдан бері айтылып келе жатыр. Осы жылдың желтоқсан айында құрылысы басталады деп күтілуде, – деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова.

Елдегі онкологиялық аурумен ауыратын науқастарға паллиативтік көмек пен оңалту қызметі ұсынылады. Бұл ретте науқастарға психологиялық және әлеуметтік аспектілер де жеткілікті көмек көрсетеді. Медициналық жабдықтардың озық технологияға бейімделуінің нәтижесінде ауруды ерте сатыдан анықтау мүмкіндігі бар. Десек те, анализ қорытындысының кешеуілдеуі, ұзақ уақыт күту секілді факторлар кері әсерін де тигізіп отыр.

 – Мәселе жоқ емес, бар. Анализ қорытындылары бір-бірімен байланысты болған соң кешеуілдеу фактілері орын алады. Дегенмен, мамандар барынша тез қимылдауға тырысып жатыр. Бүгінде Қызылорда облысында онкологиялық аурумен ауыратын науқастар тізімінде 5600 адам бар. Оның 50-ге жуығы – балалар. Жасыратыны жоқ, соңғы үш жылда өсім анық байқалады. Өңеш және асқазан қатерлі ісігі бірінші орында тұр. Бұл биылғы, былтырғы немесе бесжылдық бедеріндегі көрсеткіш емес, соңғы 20 жылдан бері облыста аурудың осы түрімен ауыратындар өте көп, – деді Қызылорда облыстық онкологиялық орталық директоры Сәкен Серғазиев.

Әлемдік тәжірибелерге сүйенетін болсақ, обыр дертінен өлімді азайту ауруды ерте сатыда анықтаумен айқындалады. Мәселен, І сатыда анықталса, 90-95 пайыз науқас 5 жыл өмір сүреді. Маммографиялық скрининг, жұқпа алу, томография секілді әдістермен анықталатын аурудың емі – алдын ала медициналық тексерістен өту. Бұл ретте облыстағы онкологиялық орталықта 40-70 жас аралығындағы әйелдерге маммографиялық көмек тегін ұсынылады. Сондай-ақ, тамақ, сүт безі обыры мен колоректальды қатерлі ісігімен ауыратын адамдар скринингтен ақысыз өтеді.

Жаһанды жайлаған коронавирус инфекциясы салдарынан болған карантин кезінде өзге науқастарға айтарлықтай көңілдің бөлінбегені рас. Сол себепті жылдық индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізу қиындап кетті. Дегенмен, оған қол жеткізу үшін үздіксіз жұмыс істелуде. Айта кетейік, республика бойынша аталмыш ауру бойынша Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының көрсеткіші өте жоғары. Ауру болған соң өлім-жітім көрсеткіші де бар. Қызылорда облысының өзінде жыл басынан бергі 9 айда 393 оқиға тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға жоғары болып тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2020 жылдың 9 айлық қорытындысында ең көп өлім-жітім көрсеткіші Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Жаңақорған аудандарында тіркелген. Олардың ішінде өкпе обырынан – 15,5, асқазан обырынан – 14,2, өңеш обырынан – 11,4, сүт безінің обырынан 6,6 пайызы қайтыс болған.

Жалпы, әлемдік тәжірибеде бұл дертпен күресудің түрлі сатылары анықталған. Мәселен, Батыс Еуропа және Солтүстік Америка елдерінде 70-80%-да аурудың І сатысын анықтау мүмкіндігіне қол жеткізілген және тиісінше 90% әйел 5 жылдан астам өмір сүрген. Маммографиялық скрининг сүт безі обырынан өлімді 30%-ға және скрининг басталғаннан 15-20 жылдан кейін 20%-ға азайтуға мүмкіндік берді. Жатыр мойны обырын және обыр алды үдерістерін ерте анықтау цитологиялық скрининг енгізілген елдерде жатыр мойны обырынан сырқаттанушылық пен өлім көрінісін айтарлықтай өзгертуге мүмкіндік берді. Осылайша, Канадада цитологиялық скрининг жүргізу нәтижесінде жатыр мойны обырынан сырқаттанушылықтың 1995 жылы 20 жастан асқан 100 000 әйелге шаққандағы 28,4 жағдайдан 6,3 процентке дейін азайған. 90 жылдардың басында бұл көрсеткіштер одан да көп азайды. Германияда жасырын қанға арналған тесті пайдалана отырып, 60 мыңнан астам 47-75 жастағы пациенттерге жүргізілген скринингтік тексеру 10 жыл бойы скрининг тобында тоқішек обырынан өлімнің 18%-ға азайғанын көрсетті. Данияда 10 жылдың ішінде 153000 пациенттің арасындағы гемокульт-тестті бағалау колоректалдық обырдан өлім көрсеткіші 30%-ға дейін азайған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: