«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» дейді. Одан қалды, ата-бабамыз әр отбасыға «өсіп-өн» деген тәлімді тілек жеткізуді ұмыт қалдырмаған. Неге? Өйткені «Адамның бір қызығы – бала деген». Баласының табанына кірген шөңгені өзінің маңдайына қадалуын жөн көретін адам баласының перзент дегенде шығарда жаны бөлек.
Аймағымызда жыл басынан бері 700-ден астам нәресте шала туған. Әлемдік пандемияның алғашқы толқыны ана мен балаға да қауіп төндірді. Олардың сауығуына қандай жағдай жасалды? Бетін аулақ қылсын, бірақ екінші толқынға дайындық жұмысы жүріп жатыр. Алдағы қиындыққа қалай төтеп береміз? Медициналық жабдықтардың қандай түрі бар? Балаларды қалай қорғаймыз? Осы сұрақтарға жауапты 20 қараша – Дүниежүзілік балалар күнінде аймақтағы бірқатар денсаулық сақтау нысанына ұйымдастырылған баспасөз турынан таптық.
«АУРУХАНАҒА ЖАТСАҚ, БАСҚА АУРУ ТУДЫРАМЫЗ»
Бүгінгі таңда облыс балаларына алғашқы амбулаториялық-емханалық көмек 20 қалалық және аудандық емханалар арқылы көрсетіледі. Сондай-ақ, стационарлық мамандандырылған көмекті көпсалалы облыстық балалар ауруханасы, орталық аудандық ауруханалардағы балалар бөлімдері, облыстық туберкулезге қарсы диспансер, облыстық дерматологиялық диспансер, облыстық жүйке-психиатриялық диспансер және облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы көрсетіп келеді. Баспасөз туры барысында облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қызметімен таныстық.
Жалпы, Қызылорда облысында 18 жасқа дейінгі балалар саны 286 972-ні құрайды. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар саны – 16677, 1-5 жастағылар – 87808, 5-14 жас аралығындағылар – 133685, 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің жалпы саны – 48802.
– Облыстық көпсалалы балалар ауруханасы 350 орынға арналған. Оның ішінде кардиологиялық, эндокринологиялық, онкогематологиялық және 96 хирургиялық стол бар. Ал ауыр түрде қабылданған науқастарға ем тағайындау үшін телемедицина арқылы кеңес алынады. Егер науқасқа мамандандырылған көмек керек болса, санавиация арқылы қызмет көрсетіледі. Айта кетерлігі, пандемияға байланысты ата-аналар арасында «ауруханаға жатсақ, басқа ауру тудырамыз» деген үрей бар. Олай болуы мүмкін емес, өйткені келген адамды карантин талаптарына сай кіргізе алмаймыз. Сондай-ақ, кез келген ауыр жағдайдағы науқасты санавиациямен Алматыдағы орталыққа жеткізу мүмкіндігіміз бар, – деді облыстық көпсалалы балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Шарипа Жақсылыққызы журналистерге берген ақпаратында.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, педиатрлармен қамтамасыз ету 10000 балаға шаққанда 10,5 пайызды құрайды. Бүгінде балалар ауруханасында 104 дәрігер ғана жұмыс істейді, штаттық кесте 89%-ды құрады, оның ішінде 19 хирург пен 85 педиатр және әртүрлі профильдегі мамандар бар.
140 ЕГІЗ, 5 ҮШЕМ
Одан кейінгі бағытымыз – «Ана мен бала орталығы». Бұл – елдегі ең үлкен стационардың бірі. Мұнда да жылына шамамен 11 мыңға жуық босану дерегі тіркеледі. Перинаталдық орталық 350 төсекке лайықталған, 770 қызметкер жұмыс істейді.
– Бұл орталық – Қызылорда облысы бойынша өңірлендірудің ІІІ деңгейдегі тек бір ғана босану орны. Өңірлендірудің үшінші деңгейінің негізгі мағыналық бағытын айтар болсақ, ақысыз кепілді көлемді сала шеңберінде медициналық көмекті, асқынған жүктілікпен түскен екіқабат әйелдерге, 22 аптадан бастап 33 аптаға дейін гестация мерзімімен уақытынан бұрын босанатын әйелдерге, жаңа босанған және босанғаннан кейінгі кезеңдегі әйелдерге, соның ішінде ауыр паталогиямен босанған әйелдерге, жаңа туған нәрестелер мен гинекологиялық ауруы бар науқастарға жеткілікті және дер кезінде мамандандырылған және жоғары мамандандырылған дәрігерлік жәрдем көрсету болып табылады. Облыстық перинаталдық орталығында жыл басынан бергі 10 айда 9608 нәресте туылса, оның ішінде 719-ы – шала туған балалар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 101 нәрестеге артық. 499-999 грамм салмақтағы шала туған нәрестелердің өміршеңдігі 27%-дан 48%-ға дейін өсті. Сондай-ақ, орталықта дүниеге келген егіздердің саны да ұлғайып келеді, мәселен осы уақытқа дейін 140 егіз өмірге келді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 28 жұпқа артық. Ал былтыр екі үшем болса, биыл 5 үшем өмірге келді. Әрбір ана мен баланың бір-бірімен аман-есен қауышқанына біз де қуанамыз, – деді облыстық перинаталдық орталықтың нәрестелер саласы бойынша бөлім басшысы Дәулетбек Сәдуақасов.
Жоғарыда атап өткен бес үшемнің бір жұбына біз де куәгер болдық. Байқоңыр қаласынан келген жас ана үшемін аман-есен бауырына басқаны үшін дән риза.
– Ең әуелі Аллаға шексіз ризамын. Одан кейін бәріміздің жанымызды аман-есен алып қалған дәрігерлерге алғыс айтамын. Бұл үшем отбасымызға ерекше қуаныш сыйлады. Екі қыз, бір ұл босандым. Есімдерін Айым, Күнім, Қолғанат деп нағашы көкесі қойды. Бұған дейін де екі қыз, бір ұлымыз бар. Алланың қалауымен көпбалалы ана атандым. Қазір үшемнің жағдайы жақсы, өзімнің жанымда, – деді көпбалалы ана Арайлым Ахметова.
Бүгінде Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы облыстағы дүниеге келетін барлық сәбидің 60 пайызын құрап, Сыр бойының демографиясына үлкен үлес қосып келеді. Орталықта санитарлық жағдайды жақсартуға, кадрлардың біліктілігін арттыруға, диагностика мен емдеудің жаңа әдістерін енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. Тиімді перинаталдық технологиялар сәтті енгізілді: ұрықтың жағдайын уақытылы диагностикалау және босану тактикасын таңдау үшін ұрықтың құрсақішілік жағдайын тексеру әдісі (КТГ), ұрықтың орталықтандырылған мониторинг станциясы орнатылды, бір уақытта 13 палатадан ұрықтың жүрек соғысын жазу жүргізіледі, «алтын минут қағидаты» бойынша жедел медициналық көмек көрсету үшін әр блокта тұрақтандырудың екі бөлмесі құрылды, қан кетумен күресу үшін қымбат тұратын препараттар (ново-сэвен, иммунат) және тағы басқалар қолданылады. Бұдан басқа, перинаталдық орталықта биохимиялық, пренаталдық, неонаталдық скрининг, медициналық-генетикалық орталықта УДЗ-скрининг жүргізіледі. Шала туған нәрестелерде ретинопатияны уақытылы анықтау үшін ретинальды камерамен офтальмодиагностика және емдеу жүргізіледі.
КОРОНАВИРУС АНА мен БАЛАДАН ДА АНЫҚТАЛДЫ
Жаңа туған нәрестелер арасында электромиография көмегімен анықтау – қаңқа бұлшықеттері мен перифериялық нервтердің функционалды жағдайын анықтауға көмектесетін зерттеу әдісі.
2019 жылдан бастап телемедицина белсенді қолданылады. Дәрігерлер Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының жетекші ғылыми институттарының мамандарымен, сондай-ақ аудандармен кеңеседі. Перинаталды орталық қазіргі уақытта салмағы аз шала туған нәрестелерге күтім жасау үшін жаңа технологиялық құрылғыларды тиімді пайдаланады. Сондай-ақ, бұл орталықтың қызметкерлері әлемді жайлаған пандемия кезінде де жұмысына салғырт қараған жоқ.
– Перинаталды орталықтың 2-ші ғимаратында 90 төсектік провизорлық стационар ашылды. Онда барлығы 152 ана емделіп шықты. Босанғандар саны 89-ды құрады, коронавирус инфекциясы 54 ана мен үш баладан анықталды. Пандемия кезінде қосымша 7 өкпеге жасанды ауа желдеткіш аппаратын алдық, орталық бойынша 15 ӨЖАЖ, 16 оттегі концентраторы, 90 оттегі баллоны бар, барлығы да жұмыс жағдайында. Жеке қорғаныш құралдары да дайын, – деді облыстық перинаталдық орталық бас дәрігерінің ішкі аудит жөніндегі орынбасары Сәуле Жақанова.
Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы уақытпен санаспай, бір тәулік бойы күрделі де жауапты ардақты мамандыққа білім-білігін, күш-қайратын жұмсай отырып, ана мен бала денсаулығы – ұлт байлығы үшін тынымсыз жұмыс жүргізіп келеді.
ЕМХАНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЖАУАПТЫ ҚЫЗМЕТІ ҚАНДАЙ?
Одан кейін №4 қалалық емхананың ана мен баланың денсаулығын жақсарту мақсатындағы атқарып жатқан жұмыстарымен таныстық.
– Емхана 40 мыңға жуық халыққа қызмет көрсетіп келеді, оның 14 мыңы – 14 жасқа, 1060-ы – 1 жасқа, 5235-і – 5 жасқа дейінгі балалар. Емханаға қарасты тұрғындар арасындағы туу қабілеттілігі бар әйелдердің денсаулығы тұрақты бақыланып отырады. Өткен жылы туу көрсеткіші 25,7 пайыз болса, биыл 28,7 пайызды құраған. Сондай-ақ, емханада «Жасыл дәліз» кабинеті және «Жас аналар мектебі» жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда 1284 әйел жүктілігі бойынша «Жасыл дәліз» кабинетіне тіркеліп, 1289 әйел «Жас аналар мектебінен» дәріс алды, – деді №4 қалалық емхана бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары Алтынай Көптілеуова.
Үй аралау жұмысын күшейту, аймақтағы әр туу жасындағы әйелдер туралы нақты деректі білу, БХТ-не тіркеу, балалардың перинаталды өлімі, ауруханаға кеш жатқызылған жағдайлар, диагноз сәйкессіздігін дер кезінде талдап отыру, т.с.с. емхана қызметкерлерінің жауапты жұмысы. Сонымен қатар емханада баланың даму кабинеті және ресурстық кабинет жұмыс істейді. Ресурстық кабинетте аптасына 2 рет жоспарлы түрде баланы уақытылы дұрыс тамақтануы бойынша тәжірибелік сабақтар жүргізіледі.
Халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған әлеуметтік шаралардың көмегі зор. Өйткені алыс-жақын жерлерде қоныстанған халық үшін ақпараттандырудың пайдасы осындайда тиеді. Медициналық нысандардың барлығы да соңғы үлгіге сай заманауи құрылғылармен жабдықталған. Бүгінде оның бәрі халық денсаулығын сақтау мен жақсарту жолында жұмыс істеп тұр.
Н.ҚАЗИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!