Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АҒЗА ТРАНСПЛАНТАЦИЯСЫ немесе бұқараның қарсылығы заң қабылдауға кедергі

01.02.2024, 11:40 344

Былтыр ғана ағзасын саудалап, өз бүйрегін Кения азаматына сатпақ болған оралдық азамат әуежайда ұсталған  еді. Оның  ұсынған  бағасы 20 мың АҚШ долларын құрайды. Отандасымыздың бүйрегіне зәру болған кениялық азамат ұшып келу үшін 250 АҚШ долларын да салып жіберген. Бірақ, заңсыз әрекеттің соңы қылмыстық жауапкершілікке тарту болды. Иә, адам ағзасын шетел асыру, оның есебінен пайда көру – қылмыс.

Трансплантация – бұл бір донордан (адамнан) алынған сау мүшені ағзасы жұмыс істемейтін басқа адамға (реципиентке) ауыстырып салу. Яғни оны «өмір сыйы» деуге болады. Көрер жарығы қалмаған адамның қандай да бір өмірін тоқтатқан ағзасын алып, орнына сау адамның ағзасын салу – елімізде белгілі бір категория­лар бо­йынша заңды дүние. Яғни ағза ауыстыру кезінде реципиентке туыстарының ағзасын салып, адамды аман алып қалып жатқан жағдай жетерлік. Жалпы, елімізде ағзаны трансплантациялау бойынша жұмыс­тар көптен бері жүргізіліп  келе­ді. Бұл  бойынша аймақтағы ахуал да жаман емес. Өткен жылы 25 жастағы  қызыл­ордалық жігітке бүйрек  трансплантациясы жасалды. Бұл – Қызыл­орда облысындағы алғашқы дерек. Трансплант-үйлестірушілер бұған дейінгі жылдың қорытындысы бойынша 30-ға жуық ықтимал донор тапқан. Оның  жиырмаға  жуығы  бас  тартса, 33 пайы­зы келісім берді. Кейін 2 донор ғана жарамды болып саналды. Барлығы 8 ағза, яғни бүйрек, жүрек, бауыр, өкпе алынып, түбінде 7 ағза ғана операция­ға қолданылды. Кез келген адам донор бола алмайды. Оның түрлі себебі бар. Ағза да жай таңдалмайды. Үйле­сімділік керек. Оның жаңа адамға салғаннан кейін қайтадан жұмыс істеп кету мүмкіндіктері қарастырылады. Еліміз  бойынша  ағза донорына тәуел­ді 4000-ның көлеміндегі адамның ішінде 79-ы – бала. Бүйрекке – 3214, бауыр­ға – 174, жүрекке – 154, өкпеге 16 адам және 4 адам өкпе-жүрек кеше­нін ауыстыруға мұқтаж. Оның 3-еуі бала екенін атап өткен жөн. Бұған дейін­гі жылдардың  қорытындысы – осы.

ҚР Конституциясында жазылған  «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 209-бабында «Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау және оларды алу шарттары» қарастырылған. Оның 2-тарауында жазылған «Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) тірі кезіндегі донордан алу, консервациялау және трансплантаттау тәртібі мен шарттарына» сәйкес 5-тармағында Он сегіз және одан жоғары жастағы, іс-әрекетке қабілетті, реци­пиентпен генетикалық байланыста болатын және (немесе) онымен тіндік үйлесімдігі бар, кейінгі транспланттау үшін ағзаларды (ағзалардың бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алуға нотариат куәландырған жазбаша келісімін білдірген адам ағзаның (ағза­лардың бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тіннің бөлігінің) тірі кезіндегі донор  бола  алатыны  жазылған.

Ал 3-тарауда «Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) қайтыс болғаннан кейінгі донордан алу, дайындау, сақтау, консервациялау, тасымалдау және трансплантаттау тәртібі мен шарттарының» 15-тармағында «Реципиентке трансплантаттау мақсатында ағзалары (ағзаның бөлігі) және (немесе) тіндері (тіннің бөлігі) пайдаланылуы мүмкін, мидың біржола семуі расталған, он сегіз жастағы және одан асқан адам ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейінгі доноры бола алады» делінген. Бұл заңды қолдайтындардың қатарында бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев та бар. Ол Adal Adam youtube арнасына берген сұхбатында туысқандарының рұқсатынсыз қайтыс болған адамның ағзасын алу туралы бапты қолдайтынын айтып, пікірімен  бөлісті.

Қазақстанда 4 мың адам трансплантацияға кезекте тұр. Жақсылық Досқа­лиевтың айтуынша, елімізде донор тап­шы. 2019 жылға дейін туысқандарының рұқсатынсыз мәйіттің ағзасын пайдалануға болатын. Кейін заң өзгертіліп, жақындарының келісімінсіз мұндай опера­циялар  жасалмайтын  болды.

«Енді мынандай проблема. Мәйіт болды, туысқандарынан сұрағанда «Біз білмейміз, біз оған рұқсат бере алмаймыз, біз естіген жоқпыз, бізге қолхат берген жоқ. Біз оның орнына шешім қабыл­дай  алмаймыз»  деп  ағза  алуға  рұқсат бермейді. Осының нәтижесінде 2019 жылдан бері көп дегенде жылына 2-3 мәйіттен ағза алынатын болды. Осыған тірелдік. Осының алдында 20-21 мәйіттен  алынатын», – деді  Досқалиев.

Ол сонғы кездері талқыланып жатқан туысқандарының рұқсатынсыз қайтыс болған адамның ағзасын алу туралы Заңның  қабылдануы  дұрыс  екенін  айтады.

«Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев заңға өзгеріс енгізу керек деп айтып жатыр. Өйткені біз қаражат бөле алмаймыз. Одан қайта тиімдісі заңды өзгертіп, трансплантация­ны өзімізде жасаған жөн деп. Бұрынғы қалпына келтіру керек. Туысқандарының рұқсатынсыз ағзаны ала беруге бола­ды деген бапты енгізу керек. 4000 адамның артында кем дегенде 5 адам тұр. Ол – туысқандары. Күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ. Біреудің жалғыз баласы, біреу­дің жалғыз қызы, біреудің жалғыз асырау­шысы. Егер 4000-ды беске көбейт­сек, 20000 болады, ол шағын ауданның халқы деп санау керек», – деді Досқалиев.

Оның сөзінше, мәйіт донорлығын халықаралық тәжірибеге байланысты дамы­ған елдер пайдаланады. Түркия және Иранда да қайтыс болған адамның ағзасы мәйіттен алынып, мұқтаж адамға салынады.

«Мәйітке ағза керек емес. Көп болса ағза 5-6 жылдан кейін еріп кетеді, тек сүйектері қалады. Ал ол бес мәйіт бес адамның өмірін сақтап қалады. Осыған бару  керек. Қоғам түсіну керек. Егер де ол адам ана жерден тіріліп қайтып келсе, ол – бір. Енді ол жоқ болған адам ғой, оның жаны – Алланың «қолында». Мына дене адамның киіп жүрген киімі секілді. Абайдың айтқан сөзі бар ғой «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес. Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес». Қиналып отырған адамдардың көз жасын сүртейік. Қол ұшымызды берейік. Онда тұрған ештеңе жоқ», – деп сөзін қорыты­ндылады  Досқалиев.

Рас, жер қойнына тапсырылатын адамның қандай да бір ағзасын донор есебінен өзге адамға беруді қолдайтындар бар. Бірақ, оған кері уәж білдіретіндер де аз емес. Яғни, діни сенімі бойынша «Алла қалай жаратты, жер қойнына да тура солай баруымыз керек» деп қарсылық білдіретіндер табылады. Оған байланысты ҚМДБ өкілдері жасаған мына мәлімдеме сауалға жауап болары сөзсіз.

«Егер кімде-кім Алланың құрметті әрі ардақты еткен адам баласын өлімнен құтқарылуына себепкер болса, оның сауа­бы мен артықшылығы орасан зор. Жалпы, трасплантация жасау, яғни бір адамның кейбір ағзасын екінші бір адамға ауыстырып, қондыру рұқсат етіледі. Алайда бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде және белгілі бір шарттары толық орындалған жағдайда ғана рұқсат», – делінген  ресми  деректерде. Ал ол  шарттар  қандай?

1. Ағза берушінің өлімі нақты болуға тиіс. Оның өлімі нақты тіркеліп, комиссия марқұм деп таныған кезде ғана ағ­заны алуға болады;

2. Трансплантациядан  басқа  еш  амалы болмағанда ғана донорлыққа жүгіну­ге рұқсат;

3. Адам тірі кезінде өз рұқсатын беріп, біреуге өсиет еткен болуға тиіс. Трансплантация жасау адамды қорлауға алып  бармауы  керек;

4. Ұрпақ тарату жүйесіне қатысты ағзалар­ды донорлыққа беруге болмайды;

5. Ота мемлекеттік деңгейде растал­ған, қатаң бақылау аясындағы мекемелерде ақысыз негізде жасалуы шарт, – деп жауап берген ҚМДБ ресми өкілдері stan.kz  ақпарат  агенттігіне.

Қайтыс болған адамның жүрегін алған алғашқы қазақстандық – Жәнібек Оспанов. Ол – «Өмір тынысы»  трансплантация жасалған науқастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Жәнібек Оспанов журналистерге берген сұхбатында бала кезінен ангинамен ауырып, дерті  арт­рит, полиартрит, ревматоидты артритке ұласып, ақырында жүрекке дейін асқыныпты. Салдарынан жүрекке ота жасау қажет  болған.

– 2008 жылы жансақтау бөліміне түстім. Содан бері төрт жыл бойы өмірімді ұзарту үшін бар күшімді салдым. Бірақ ауру асқына берді. Трансплантация қажет болды. Мен бұл туралы бәрін зерттеп, отаны шетелде жасату үшін қомақ­ты қаржы керек екенін ұқтым. Жүрек қызметі  жеткіліксіздігінің  кесірінен   жұмыс  істей  алмай, күзетші болдым. Тыныс алудың өзі қиындады, – дейді берген  сұхбатында.

Нәтижесінде 2012 жылы кардиохирургия орталығында кезекті ота жасау үшін ауруханаға жатқызылған кезде жақын маңдағы клиникада бір адам жан тапсырғанын естіген. 49 жастағы Галина Воротникованың басқа ағзасы сау болғанымен, миы қызметін тоқтатыпты. Сондықтан мамандар оның жүрегін Оспановқа салу туралы шешім қабылдаған.

– Маған мамандар бұл Қазақстанда қайтыс болған донор­дың ағзасымен жасалатын алғашқы трансплантация екенін және отаның сәтті өтетініне ешқандай кепілдік жоқ екенін бірден айтты. Ешқандай амал болмағасын әрі бәрібір де ұзақ өмір сүре алмайтынымды түсінгесін келісім  бердім, – дейді  ол.

Қазірде Жәнібек Оспанов донорлық трансплантация тақырыбы өзекті екенін айтады. Сөзінше, жыл сайын 300 мұқтаж жан кезегіне жетпей, жан тап­сырады. Себе­бі елімізде көбіне жақындары мар­құмның ағзасын трансплантация­лауға қарсы  шығады  екен.

– Басты мәселе – туыстардың ағза­ны донорлыққа беруге келісім бермеуінде. Оларды түсінуге болады. Өйткені алғашында жақын адамы қайтыс болғанын саналы түрде қабылдамайды әрі оның денесін бөлшектеуге жүрегі дауаламайды. Сондықтан әр адам өз денесіне қатысты шешімді өзі қабылдап, келісім беру немесе бас тарту құжатына қол қоюы  керек, – дейді  сұхбат  барысында.

Кейіпкер келісім презумпциясы бойын­ша адам жазбаша түрде бас тартпаса немесе қарсы екенін айтпаса, ол автоматты түрде келісті деп саналуға тиіс дегенді  қолдайды.

– Демек адам тірі кезінде ағзасын беру­ге қарсымын деп жазып кетпесе, оның денесін ала беруге болады. Үнсіз қалу – келіскенінің белгісі. Бірақ қазір адам бас тарту немесе келісім беру қағазын толтырмаса, оның туыстарынан сұрайды. Кейде тіпті адам өлер алдында рұқсат беру қағазын толтырса да, туыстарының алдынан өтіп, олардың да рұқсатын алады. Сол үшін осы заңды өзгерту қажет. Бүгінде адамдар бұл келісім қағазына немқұрайды қарайды. Ал мұндай маңызды шешімді жақындары қабылдауы керек болады. Егер аталмыш өзгеріс қабылданса, маңызды таңдауды туыстарға жүктемей, адамның өзіне береді. Бірақ көбі бұл нәрсені қате түсініп, марқұм болғандардың бәрінің ағзасын алады деп ойлап жүр. Жоқ, сіз қарсымын деп өлмей тұрып айтсаңыз, ешкім ағзаңызға тиіспейді. Осы заңның көмегімен олар алдын ала шешім қабылдайды, – деді «Өмір тынысы»  бірлестігінің  төрағасы.

Мақаланың басында ағзаны шетелге өткізу қылмыс екенін айттық. Ал бұл бойынша шетелге асыранды болып бара жатқан сәбилер «құрбан» болып жатқан жоқ па? Туған жердің өзінде адамдар қайтыс болған туысының ағзасын біреуге беруге қарсы. Ал шекара асып жатқан сәбилердің  ол жақтағы жай-күйі­нен  ешкім  хабар  алмайды. Жақсылық Досқалие­втің ойынша, шетел азаматтарының қазақ жетімдерін донор үшін асырап  алуы  мүмкін  емес.

Ол «Бармысың, бауырым» бағдар­ламасының жүргізушісі Қымбат Дос­жанның «Жетімдер шетелге «тірі донор» ретінде сатылған болуы мүмкін» және бұрынғы омбудсмен Аружан Саинның «Балаларды шетелге сататын жасырын каналдар бар» деген сөздерін жай ғана болжам  деп  атады.

– Бәрі қауесет. Мен нақты баланы алған адамдардың Америкадағы үйін­де болған адаммын – Нью-Йорк­та, Вашингтонда, Канзас Ситиде. Олар Қазақстаннан мүгедек балаларды алған. Оның ішінде туа­бітті «зайчья губа», «волчья пасть», аяқтың сүйегінің дұрыс бітпегені, сал ауруы бар. Сондай балаларды алып, операция жасатқызып, Америкадағы мықты орталықтарда емде­тіп, бала етіп асырап отыр­ғанын мен өз көзіммен көрдім. Баланы асырап алғаннан кейін, ол балалардың бәрі «консульский учетта» тұрады. Ол балалар Америкаға, басқа шетелге барса да, Қазақстан азаматтығы жойылмайды. 18 жасқа дейін Қазақстан азаматы бола­ды, кәмелет жасқа толғаннан кейін өзі шешеді. Сондықтан асырап алған балаларды донор қылады деген информация менде жоқ. Болуы да  мүмкін  емес, – деді  Досқалиев.

Бір ғана мәселеден бірнеше мәселенің шеті көрінеді. Бұл тақырып сала басшыларының да ойында жүрген шығар, бірақ, ашық ақпарат жарияланбайды. Сондықтан, екі жақты  пікірдің нақты біреуін рас деп айта алмаймыз. Адам болған соң, аласы да, құласы да болады. Шарананы жамандыққа қимасақ та, жүрегі жоқ безбүйректер донор етіп шетел асырмасына кім кепіл? Өз сынағымен дүниеге келіп, ата-анасына керек болмай, шетелге асырауға берілген балалардың жайы бөлек. Тек, адам саудасына жол бермеу туралы айтқымыз келеді.

Хош. Ағза трансплантациясы – ең күрделі болғанымен қоймай, сирек жасалатын ота. Қозғағымыз келген тақырып – қайтыс болған адамның ағзасын реципиентке салуды заң жүзінде іске асыру. Мұны өзінен тәжірибеден өткізген адам да, сол саланың білгірі де, дін де құптап отыр. Тек белгілі шарттар негізінде жүзеге асыру керек. Қайтыс болған адамның іске жарайтын ағзасы бір адамның өмірін құтқарып қалса, ол адам өзге біреу жетпеген ағзаның қадірін түсінер ме еді. Бұл мәселеден осындай құндылық алуға болады. Ал сіз қалай ойлай­сыз, бақилық болған танысыңыз­дың ағзасын зәру реципиен­тке беруге келісер  ме  едіңіз?

Ердәулет  ҚАЛИТЕГІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: