Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адам жанының арашасы

14.07.2020, 17:00 2437

HALYQLINE.KZ 2019 жылдың желтоқсанында Қытай Халық Республикасында пайда болып, кейін көрші ел ғалымдары «Короновирус» атап кеткен жаңа пневмония вирусының үлкен зардаптары жыл басынан бастап бүкіл әлем елдері қатарында бүгінде біздің елді де дүрбелеңге түсіріп отырғаны баршамызға аян.

Сол аса қауіпті індетке қарсы күресіп жүргендер ішінде әлемдегі ардақты да құрметті мамандық иелері бар. Соның бірі – дәрігерлер. Адам өміріне араша түсіп, адамның тәні мен жанын емдейтін, олардың өмірін ұзартуға бар күштерін салып, септігін тигізетін бұрынғы заманда қазақ даласында болған емші, балгер, сынықшылар мен қазіргі дәрігерлерді халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Бүгінгі дәрігерлерге өтеусіз, өлшеусіз қажырлы да табанды еңбектері үшін қандай құрмет көрсетілсе де, қандай марапатқа болса да лайық.

Қазір әлемді дендеген аса қауіпті жұқпалы бұл дертке қарсы күресте еліміздің дәрігерлері мен медбикелерінің, жалпы медицина саласының алатын орны ерекше. «Пандемия» кезінде уақытпен санаспай күндіз-түні адам денсаулығын, өмірін сақтау үшін жан аямай күресіп тер төгіп жүрген, әр адамның өмірі үшін алдыңғы қатарда жүрген бірқатар дәрігерлер Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 21 маусым – еліміздегі медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында марапаттаған болатын. Президент дәрігерлерге ризашылығын білдіріп: «Қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Аман болыңыздар! Мемлекет сіздерге жан-жақты көмек береді» деген болатын.

Президент Жарлығымен берілетін республикамыздың ең жоғарғы мемлекеттік марапаттардың бірі: «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған дәрігерлердің бірі – Қызылорда қаласындағы белгілі дәрігерлер отбасының басты ұйытқысы, Қызылорда жұқпалы аурулар ауруханасының балалар бөлімінің балалар-инфекционист дәрігері Збира Айдарбекқызы Айдарбекова. Ол 1963 жылы Қызылорда облысының талай атақты адамдары шыққан киелі Қазалы ауданында дүниеге келіп, 1986 жылы Ақтөбе медициналық институтын (қазіргі М.Оспанов атындағы медицина университетінің) «Педиатрия» дәрігер мамандығы бойынша аяқтаған. Өзінен бір жыл бұрын оқыған Ибраев Сакенмен институт қабырғасында танысып құдай қосқан жары атанып, бұл күнде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, жұбы жарасқан, үлгілі отбасы иелері.

«Бірінші санаттағы педиатр дәрігері», «Жоғарғы санаттағы инфекционист дәрігері». Өте қарапайым, өзі, мамандығы, еңбектері, жетістіктері туралы айтуды ұнатпайтын жан.

Пандемия жұқпалы індеттің елімізде таралуы дәрігер Збира Айдарбекқызы Айдарбекова мен оның отбасына ауыр тиді. Аса қауіпті індетке күрес жарияланысымен жолдасы, ұл-қыздары, немерелеріне амандық тілеп, күнделікті тұтынатын аса қажетті заттарын алып «Әскери жиынға кеткен әскерилер сияқты» жұмысына, күндіз-түнгі кезекшілікке кетті.

Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деген Ұлы дәрігер Гиппократ. «Адам тәнінің сұлулығы саулығында» – дейді дана қазақ. Оған әріптестерімен күндіз-түні ауру қабылдау, оларды орналастыру, олардың дене қызуын, қысымын тексеру, пациенттің бұрынғы аурулары туралы зерттеу, берілетін дәрілердің пациент денсаулығына жағатын, жақпайтынын анықтау, осыдан кейін ем қолдану, өзгерістерді байқау, ем кезінде пациент денсаулығын үнемі бақылауда ұстау, т.б. көптеген міндеттер жүктелген. Кейде түсетін аурулардың көптігі соншалық, оларды бірінен кейін бірін қабылдап үлгірмей жатады, ауыр кезекшіліктен шаршап-шалдығып шығатыны сонша орналастырылған жерге апаратын көлікке әрең дегенде жетеді екен.

Адамның тәнін емдеумен қатар жақсы дәрігер оның жанын да емдей білу керек, аурудан жазылатына сенімділік ұялата білу керек. Әріптестерінің айтуы бойынша, Збира Айдарбекқызы осындай дәрігерлер қатарынан. Өз ісіне тиянақты, сөзі жылы, жүректен шыққан лебізімен адам жанын жадыратып, шуақ шашатын сауатты, білікті, озық дәрігерлер қатарында, жас мамандарға ұлағатты ұстаз.

Медициналық институты қабырғасында алған теориялық білімін практикада дұрыс қолдана алатын сауатты, білікті дәрігер З.Айдарбекованы емделушілер үшін тағайындаған емдері көңілге қонымды, асқынған аурулардың тоқтап, тез арада жазылып, сауығып, сырқаттарынан айығып, кетуіне жол ашатын көрінеді. Оның емдеу тәсілдері бөлімшедегі емделуші адамдардың жағдайын жасауға, олардың тез жазылуына ықпал ететіндігі туралы әріптестері мақтанышпен айтады. Атақты Ибн Сина: «Дәрігердің қолында үш түрлі құрал бар. Біріншісі – сөз. Екіншісі – дәрі. Соңғысы – пышақ» деген екен. Збира ханым хируруг емес, яғни онда аурудың көңілін аулайтын, жүрегін елжірететін, сенімділік ұялататын сөздері бар, аурудың кеселін емдейтін дәрісі ол да бар.

Бір қолымен әлемді тербеткен, бір қолымен бесікті тербеткен әйел адам, ол – Ана, отбасы, ошаққасы, жанұя ұйытқысы халқы, елі үшін балалары, әсіресе тәтті немерелерін қимаса да күндіз түні жұмыста. Гиппократ сертін қабылдаған, антына берік болу керек, тағдыр солай. Әрбір қиыншылықтың артында бір қуаныш болатындығы белгілі ғой, заты әйел болса да бүкіл ауыртпалықты ерлерше көтеріп жүр. Жан-жақтан ауруға шалдыққан, қаза болған әріптестері туралы жайсыз хабарлар да келіп жатыр. Қазір БАҚ-та, әлеуметтік желілерде олардың жарияланбаған, көрінбейтін бұл соғыстың құрбандары, батырларының аты, тегі жариялана бастады. Амал жоқ дәрігерлік борышын атқару барысында өзі санитарлық, карантин шараларын сақтай отырып, адам өміріне араша түсу үшін, туған халқы үшін тәуекелге бас тігіп, бел буған марапатталушы дәрігеріміз жұрттың отбасына қашан қайтатындығы туралы қойылған сұрақтарға ең соңғы сырқаттың толық жазылғанынан кейін деп жауап береді.

Оның айтуы бойынша ең қиыны, ең ауыры, басты қиыншылықтың бірі отбасынан оқшауланып жұмыс істеу екен. Әрине жарын, ұл-қыздары мен немерелерін ұзақ уақыт көрмеуі, олармен бірге әңгіме-дүкен құрып отбасы асын, шайын ішпеуі адам баласы, оның ішінде әйел адам үшін қиын. Бірде үйіне киім ауыстыру үшін барғанда аулада ойнап жүрген өзін әбден сағынған немерелері өзіне тұра ұмтылғанда олардан қашып, жазғы асхана бөлмесіне тығылып, есікті ішінен құлыптап алуға тура келді. Шарасыздықтан, әбден шаршағандықтан дауыс шығарып жылап жіберген.

Соңғы айларда бастан кешкендерін тізбектеп еске түсіріп жатып, әбден қалжырағандықтан ұйықтап кеткен. Ертеңіне қайтадан ауыр, тынымсыз міндеттерге кірісіп кетті. Күнделікті жұмыстан қайтқанда тәттімен, сыйлықтармен өздерін қуантатын көптен көрінбеген сүйікті әжелерінің бұл іс-әрекетін түсінбеген немерелері аң-таң болғаны белгілі. Олар әжесінің елімізді жайлаған аса қауіпті індетпен күресіп жүргенін және күнделікті кез келген уақытта ауру жұқтыру қаупі бар екенін қайдан білсін? Олардың да әжесін сағынатыны белгілі ғой.

Збира Айдарбекқызы – отбасында қосағы Сәкен үшін асыл жар, балдары үшін ардақты ана, немерелері үшін аяулы әже, ұжымында білікті дәрігер. Ерлі-зайыпты дәрігерлер үлгілі отбасы, жарасымды жанұя.

Отбасы иесі Ибраев Сәкен Әшімұлы 1962 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ақтөбе Медицина институының түлегі. Отыз жылдан аса дәрігерлік қызметте, оның ішінде 27 жыл бойы Қызылорда облысы Полиция департаментінің Медицина қызметінің басшысы, полиция полковнигі, «Жоғарғы санаттағы дәрігер», Медицина ғылымдарының кандидаты.

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бастап Сәкен Ибраевқа аса қауіпті індетке қарсы күресте алдыңғы қатарда жүрген полиция қызметкерлерінің, әсіресе «блок-посттарда» күндіз-түні кезекшіліктерде тұрған қызметкерлердің қауіпсіздігін бақылау жүктелген.Сакен Әшімұлы басқаратын Полиция департаментінің Медицина қызметіне қызметкерлерді арнайы медицина құралдарымен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, кезекшілікке түскен және кезекшілік барысында қызметкерлердің дене қызуын өлшеу, оларға қауіпті індеттен қорғану тәсілдерін үйрету, арнайы Ережелерді оқыту, т.б. көптеген міндеттер жүктелген. Өз ісінің хас шебері атанған полиция қызметкерлерін інілеріндей, балаларындай көретін, бұл маңызды жұмыста өзіне де, қызметкерлерге де талап қоя білетін Сәкен Әшімұлы бұл жұмысқа аса жауапкершілікпен кірісті.

Дәрігерлер жанұясының келесі өкілі олардың қызы Ибраева Ақерке Сәкенқызы, С.Асфендияров атындағы Алматы Медицина университетін аяқтағаннан кейін қазір Алматы қаласының №12 емханасында дәрігер-эпидемиолог болып қызмет атқаруда. Жас болса да жұмысына тиянақты, ұқыпты.

Өз мамандығын сүйетін шын дәрігер үшін мансаптың да, қызметтiң де, атақтың да, байлықтың да қажеті шамалы. Дәрiгерге ең басты керегі – адамның денсаулығы, өмірі. Аурудың үмiтіне үмiт қосып, ұзақ өмірге жолдама беретін әуелі Алла, сосын дәрігер деп білеміз.

Салауатты өмірді де дәріптейтін осы – дәрігерлер. Оларды «Ақ халатты абзал жандар»», «Адам жанының арашасы» деп бекерден-бекер айтпаймыз. Дәрігерді құрметтеу, оның еңбегін бағалау – өзін-өзі, жақындарын сыйлайтын, оларға жаны ашитын әр азаматтың, пенденің азаматтық борышы, міндеті. Бiлiм мен тәжірбиені, мейiрiмдiлiктi ұштастыра бiлген ақ халатты абзал жандар алдына барсаң мейірімін, шуағын төгіп, күліп қарсы алады. Қарау жүргізіп, шағымыңды сұрап, анализ алып, емдеп, ақыл-кеңестерін беріп көмекке келеді. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, ауруынан айықтырған ақ киімді періште сияқты жаныңа дауа, тәніңе шипа берер ем қолданып, жүрек елжіретер сөзімен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, халықтың алғыс-сауабын арқалаған осы – дәрігерлер.

Бұл дерттің аса қауіптілігін, таралу жолдарын қазақстандықтар басында қатты көңіл бөлген жоқ, кейбіреулері әлі де сезінбей, отпен ойнауда. Пандемияға байланысты соңғы кезде оқшауланып емделу, оқшауланып қашықтықтан жұмыс істеу, шектеу т.б. бұрын естілмеген, тұрмысымызда қолданылмаған жаңа терминдер пайда болуының өзі бұл індетке қарсы бүкіл халық болып күресуді талап етеді.

Мақаламды жерлесіміз, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Асқар Дүйсенбінің төмендегі өлең жолдарымен аяқтауды жөн көрдім.

Жазатайым жығылғысы келер дейсің орға кім?

Сезінбесең секем алмай сыртқы жауды, сорладың.

Қабырғаң дүр болғанымен, қоғамың бір – бауырым,

Үйден шықпа, елді сақта!

Үй қазіргі – ҚОРҒАНЫҢ!

Кембағал да кешіп жатыр, байбалам сап бай да мұң,

Еуропа, Азия да таппай бірін айланың.

Өзіңе де, өзгеге де көмегің сол – бауырым,

Үйден шықпа, елді сақта!

Үй қазіргі – ЖАЙЛАУЫҢ!

Қабыл ал да риза бол, Жаратқанның сынағын,

Елге түскен өтер бастан сәл шыдасаң, мына күн!

Ошақ бөлек болғанымен, Отан ортақ – бауырлар,

Үйден шықпа, елді сақта!

Үй қазіргі – ЖҰМАҒЫҢ!

Қоразбаев Хұсайын Асанұлы,

Қазақстан Заңгерлер және Журналистер одақғының мүшесі,

Қызылорда облысы Полиция департаментінің

бөлім басшысы, полиция полковнигі.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: