Ұлт мәселесі ұлардай шулап тұр. Бірақ өткір мәселені ешкім тіс батырып айта алмай да жүр. Қаншама ана мен баланың тағдыры қозғалмай кетті. Мәселен, өткен жылы облысымызда 10 ананың өлімі тіркілсе, биыл жыл басынан бері 3 ана қайтыс болды. Сәбиінің иісін иіскеп, жаялық орай алмай, аналар кебінге оралып, келместің кемесіне мініп кете барды. Біреу анасын, біреу жарын, біреу келінін аңсап, зар жылап қалды. Қарасаңыз, жауапты мамандардың бейқамдығы ма? Әйтеуір бір жарым жыл ішінде анадан бөлек, 13 сәби (бәлкім егіз болып, бұдан да көп шығар) туған Отанының қасиетті топырағына табаны тиместен өмірден өтті. Иә, бұл – тағдыр тауқыметі. Алайда саладағы салғырттықтың да әсері тигені жасырын емес. Жауапкершілікті сезіне алмаған бір маманның кесірі дүйім әулеттің шаңырағын теңселткені анық. Қазақта «болар іс болды, бояуы сіңді» деп айтып жатады. Осы біздің қанға сіңген дағдыдан арыла алмай келеміз. Қашанға дейін өлім тіркелмей, жұмыс жүйелі іске асады?
Мамандардың көбі аналардың өз денсаулығына дел-сал қарайтындығымен байланыстырады. Десе де, сыныққа сылтау іздеу емес пе? Өйткені мекемелер заманауи құрылғылармен жабдықталған. Оның үстіне, мемлекет тарапынан ана мен балаға көңіл бөлініп, қыруар қаражат та берілуде. Жалпы, біздің елде қай сала болса да қаражат аз бөлінбейді. Тек оның бағыты бұрылып, сала мәселесіне келгенде қомақты қаражаттың ұшы да көрінбейді. Сондықтан бұл шырғалаңынан шиеленісі көп мәселенің іс насырға шаппай тұрғанда шешімін табу керек. Бұл сөзімізді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та құптайды. Оның төрағалығымен өткен алқа отырысында денсаулық сақтау саласы, оның ішінде аймақтағы ана мен бала денсаулығын қорғау мен эпидемиологиялық ахуал кеңінен талқыланған болатын. Ол өзекті мәселенің шешімін табуы үшін денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловқа бірқатар тапсырма жүктеді.
– Тіркелген ана мен бала өлімі көрсеткішін тек табиғи факторларға, материалдық-техникалық базаға сілтеудің қажеті жоқ. Жауапкершіліктен құтылмайсыздар!
Әрбір өлім-жітім – бір отбасының тағдыры, қасіреті. Бұл ретте, қысқа мерзімде көтерілген мәселе бойынша шұғыл және пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 10 күн ішінде ана мен бала өлімін төмендету мақсатында сала мамандарымен және ғылыми қауымдастық өкілдерімен мәселені жан-жақты зерделеп, кешенді жоспар әзірлеп, бекітуді тапсырамын. Сонымен қатар, жүкті әйелдерге қауіп факторларымен және ауыр экстрагенитальды патологиямен кеңес беру үшін республика деңгейіндегі білікті мамандарды тарта отырып, консилиумдар ұйымдастыру қажет. Жүкті әйелдерді уақытында есепке тұрғызу және балаларға патронаж жасау жұмыстарын күшейтіп, әйелдер арасында жүктілікті жоспарлау бойынша түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімінің пәрменділігімен алдағы уақытта аталмыш саладағы жұмыс оңға басар. Дей тұрғанымен, ана өлімінің статистикасына қарасақ, облысымыз республика бойынша 4-орында. Ахуал күрделеніп тұр. Ал мамандардың айтуынша, жүкті әйелдердің 99 пайызында экстрагенитальды аурулар кездеседі екен. Олар қауіп-қатер туғанда босанатын көрінеді. Сәбит Пазылов осы жиында ана өлімінің жиілеуінің себебі кадр тапшылығы деп көрсетті. Кең көлемді оталарды облысымызда 6 дәрігер ғана жасай алатын-ды. Яғни құрал-жабдықтар жеткілікті болғанымен, жергілікті мамандардың біліксіздігі олармен жұмыс істеуге мойын бұрғызбай тұр.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы арнайы іссапармен облыстық перинаталдық орталығына келіпті. Бұл Ұлттық комиссия құрамына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Пазилов және облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Олег Ким де бар. Олар орталықтағы атқарылып жатқан жұмыстардың бірсыпырасын таныстырды. Жаңа туған нәрестелер реанимациясы және қарқынды терапия және босану бөлімінде өте қиын жағдайдағы және аса назар аударуды талап ететін нәрестелер, сондай-ақ салмағы 500 грамм және одан жоғары балалар түседі. Ал босану бөлімі 2 блоктан тұрады (А және Б). Босану санын есепке ала отырып, бүгінгі таңда 22 жеке босану бөлмелері қызмет көрсетуде. Әр босану бөлмелері таза, жарық, жылы және үй жағдайда жақын ұйымдастырылған. Бөлме температурасы көрсеткіші 25, 28 градус төмен болмайды. Босанушы әйелге шұғыл көмек керек болған жағдайда да көмек бұрышы дайындалған екен.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, мәселенің мәнісін білікті мамандардың жетіспейтіндігімен басқарма басшысы түсіндіреді. Бірақ жергілікті жерден облысқа маман алдыру жөнінде бірде-бір өтінім түспегенін ҚР денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шәкизат Халықова айтқан еді. Бұдан кейін «маман жоқ» деген пікір құр сөзге жанасатын сыңайлы. Сол себепті миллиондар жұмсалып алынған құралдар шаң басып, бөлмелерде қаңтарылып тұратыны белгілі. «Адам жанынан ақша артық емес» деп облыс әкімі осы жылы да қомақты қаражат беретінін жеткізді. Қолда бар қаржыны пайдамызға асыра алмай келеміз. Енді Гиппократ антында елемей, салғырт қараған жауапты тұлғалар жіберген кемшіліктері үшін жауапқа тартылатынын аймақ басшысы алға тартты. Бұл алқа отырысынан кейін босана алмай, ажал құшқан аналар қатары көбеймейді деп үміттенейік.
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!