Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

7000-нан аса ота жасаған маман – біздің мектептің түлегі

22.09.2023, 18:30 231

Бірде достарыммен бірге өзіміз оқып жатқан мектеп-лицейдің түлектері туралы әңгіме қозғалды. Көрген-білгенімізді ортаға салдық. Әркім әртүрлі маман иелерін айтып жатыр. Иә, тарихы тереңнен бастау алатын мұндай маңдайалды мектептің мақтанарлық шәкірттері көп болуы тиіс. Осы түлектердің арасында аты да, заты да бөлек бір маманның есімі ерекше аталды. Ол – әлемдік деңгейдегі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев.

Мыңжылқы Сайлауұлы – осыған дейін 7000-нан аса операция жасаған білікті дәрігер. Осы жылдың өзінде ол 400-ден аса операцияға қатысқан. Әрі оның 50-ін шет мемлекеттерде жасаған. Сонымен қатар, кейіпкеріміз – көптеген күрдерлі операцияларды Қазақстанда алғаш жасаған маманның бірі. Яғни, бұл арқылы дәрігердің кәсібилігін, біліктілігін байқау қиын емес.

Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының түлегі Мыңжылқы Бердіқожаев кәсіби деңгейін көтеру мақсатында «Болашақ» бағдарламасымен Санкт-Петербургтегі әскери-медициналық клиникада тәжірибеден өткен. Сондай-ақ, 2014 жылы Алматыдағы №7 қалалық ауруханада интервенциялық хирургия бөлімінің ашылуына мұрындық болды.

Кейіпкеріміздің жүріп-өткен жолы, бітім-болмысы, білімі мен білігі мені қатты қызықтырған соң, кеңінен зерттей бастадым. Интернет арқылы керекті ақпараттарға қол жеткіздім, әлеуметтік желіден қажетті мәліметтер алдым. Нейрохирургтың есімі мектеп тарихы тұлғалары кітабында бар екенін білдім. Кейіннен ұстаздарымыздан Мыңжылқы Бердіқожаевтың мектеп ұжымымен әрдайым тығыз байланыста екенін естідім. Біз білім алып жатқан қара шаңырағымыздан осындай білікті мамандардың түлеп ұшқанына қуаныштымыз, сондай-ақ бұл – біз үшін үлкен мотивация.

Мыңжылқы Бердіқожаев қоғамға сіңірген адал еңбегі үшін көп марапат алған. Оның бәрін тізбелеу үшін көп уақыт кетеді. Соның өзінде, ҚР Медицина орталығынын «Үздік еңбегі үшін», Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Мейрім» төсбелгілерімен марапатталса, Сондай-ақ, «Алтын дәрігер» және «COVID-19 жанқиярлық күресі» деген марапаттары бар.

Мыңжылқы Сайлауұлы – өскелең ұрпақ үшін биік те, дара тұлға, қайталанбас есім. Оның әлем деңгейінде атқарған әр ісі, медицина саласына қосқан әр жаңалығы еліміздің әр азаматына үлгі болады, шабыттандырады.

Еңлік Әбдімәжит,

І.Қабылов атындағы №12 IT-мектеп-лицейінің

10-сынып оқушысы

Жетекшісі – Зоя Аңсатова

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: