Дені сау адам – қоғам байлығы. Алайда байлықтың осы түрінен уақыт санап айрылып жатқанымызды аңғармай отырмыз. Қаперімізде жүрсе де «қап» деп жатқан біріміз жоқ. Амал нешік? Ем қонуы оңай емес, тіпті сирек кездесетін науқастардың нақтамасымен күресу үшін шекара асып кеңес сұрап, сонда емдетуге мәжбүрміз. Бұл нені білдіреді? Халыққа ем-дом ұйымдастыра алмай отырған жүйені ме, әлде шетелде емделуді құптайтын халықтың ахуалының жоғарылағанын ба? Әрине, таяқтың бір ұшы өзімізге тисе де айтуға тура келеді, капитал құндылығын бағаламаудан осы деңгейге жетіп отырмыз. Елдің әлеуметтік ахуалының нашарлығы, дұрыс тамақтанбау, таза энергетикалық құндылықтың жетіспеушілігі, экологиялық зардап, кедейшілік, балалардың еңбекке ерте араласуы секілді мәселелер адам денсаулығының «кеміргіші» екенін ұғатын сәт туса игі.
ӘР БЕСІНШІ АДАМҒА ҚОЙЫЛАТЫН ДИАГНОЗ
Хош. Әлем бойынша қатерлі дерт түрлерінің жасарып бара жатқанын сіз бен біз ойдан құрап отырғанымыз жоқ. Әрине, ресми мәлімет, статистикалық көрсеткіш бәрін алдымызға жайып салатын кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Мәселен, Халықаралық қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігінің мамандары 2020 жылы 185 елде қатерлі ісік ауруымен ауырған 19,3 миллион адамның 10 миллионын дерттің құрбаны деп мәлімдеген. Бұл дегеніңіз – планетадағы әрбір бесінші адамға қойылған диагноз салдарынан әр сегізінші ер, әр он бірінші әйел көз жұмады деген дерек. Ғалымдардың болжамынша, 2040 жылға қарай онкологиялық аурулардың жыл сайынғы жаңа жағдайлары 47 пайызға артып, 28,4 миллионға жетеді. Бұл статистиканың басым көпшілігі адам дамуының индексі төмен және орта елдерде кездеседі. Көптеген адамдар темекі шегу, зиянды диеталар, семіздік сияқты сырқаттың қауіпті факторларынан зардап шегеді.
– Қатерлі ісік ауруы мен өлім-жітімге халықтың құрылымы мен адамдардың өмір сүру жағдайларының өзгеруі, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің жағдайды бақылау қабілетінің деңгейі әсер етеді, – дейді Халықаралық қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігінің маманы, доктор Фредди Брэй.
Сондай-ақ, әлемдегі өлім-жітімге негізгі себеп ретінде жүрек-қан тамырлары, респираторлық және неонатальды патологиялық жағдайлар, жаңа туған нәрестелердің басқа инфекциялық аурулары, шала туудың асқынуы секілді аурулар аталады. Ал соңғы жылдары табысы орташа елдерде өкпенің қатерлі ісігінен болатын өлім 411 мыңға артқан. Агенттік қатерлі ісік ауруынан көз жұматындар саны жыл сайын өсіп, 2030 жылдары 13 миллион адамға жететінін мәлімдеп отыр.
ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ТӨНГЕН ҚАУІП ҚАНДАЙ?
Қазір де өзекті саналатын АҚТҚ/ЖҚТБ ауруы болашақта да өз өзектілігін өзгертпейтін секілді. Адамнан адамға жұғу қаупі жоғары бұл дерт бүгіннің өзінде біраз адамды шырмап тұр. Бұрындары ересектер арасында көп тараса, бүгінде жасөспірімдер арасында жиі анықталуда. Бұл туралы БҰҰ-ның Балалар қоры дабыл қағуда.
– АҚТҚ-ның алдын алу, тексеру, емдеу бағдарламаларына қосымша инвестиция салынбаса, күн сайын 70-тен астам жасөспірім өмірден өтуі мүмкін. Яғни, 2030 жылдар аралығында шамамен 360 мың жасөспірім ЖҚТБ-ға байланысты аурудан қайтыс болады деген сөз. Демографиялық және бүгінгі үрдістерге негізделген болжамдарға сәйкес, 0-19 жас аралығында АҚТҚ-ны жаңадан жұқтырғандар 270 мың адамға жетеді. 2030 жылға дейін балалар мен жасөспірімдер арасында ЖҚТҚ-ны түп-тамырымен жоюға келгенде әлем өзін бұл мәселеден алшақ ұстап отыр, – деген еді БҰҰ-ның Балалар қорының атқарушы директоры Ганриетта Фор.
Айтуынша, 2030 жылы балалар арасында өмірінің алғашқы он жылында вирусты жұқтырудың жаңа оқиғалары екі есе қысқарса, 10-19 жастағы жасөспірімдер арасында тек 29 пайызға ғана қысқарады. Болжамға сай 15 жасқа дейінгі балалар арасында осы аурудан болған өлімдер саны 57 пайызға төмендейді, ал 15-19 жастағы тұлғалар арасында тек 35 пайызға ғана қысқарады. Бұл әлемдік болжамды статистика екенін қаперлеріңізге тағы да салып қоялық.
– Жаһандық ауқымда біз әлі де болса көптеген балалардың АҚТҚ/ЖҚТБ-дан қайтыс болып жатқанын көріп келе жатырмыз. Бұл дерттің таралу қаупі әлі аяқталмаған, ол әлі де індет ретінде қарастырылады. Балалар мен жастардың өміріне қауіп төндіреді және біздің бәрімізге әлі де оны болдырмау үшін қыруар жұмыс атқаруымыз қажет, – деді ЮНИСЕФ-тің денсаулық сақтау және тамақтану мәселелері жөніндегі маманы Қанат Суханбердиев.
Ал Қазақстанда АҚТҚ/ЖҚТБ жағдайы бойынша оңтайлы өзгеріс бар көрінеді. Тіпті бұл дертті түп-тамырымен жойған ел ретінде сертификаттауға өтініш беріпті-міс. Алайда соңғы үш жылда бұл ауру жастар арасында 43 пайызға артып отыр.
ТОҒЫЗ МИНУТТА БІР АДАМ ӨЛЕДІ
Ит пен мысықтан жұғатын ауруларға халықтың әлеуеті аз бөлігі жиі шалдығатыны дәлелденген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы иттің құтыру ауруын жою бағытындағы процесті жеделдету керек дегенді дабыл қаға айтып келеді. Әйтпесе, 2030 жылға таман құтыру дерті әр тоғыз минут сайын бір адамның өмірін жалмайды, тіпті олардың жартысына жуығы балалар болуы мүмкін. Бұл деректі дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, БҰҰ жанындағы азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы бірігіп Парижде өткізген құрылтай барысында айтқан еді.
– Егер біз иттерге тұрақты бақылау жүргізсек, адамдарға жұқпаудың жолын қарастыра аламыз. Оларды емдеуді түбегейлі жақсартсақ, кедейлер мен маргинал топтар арасындағы аурудан зардап шегушілерді құтқарамыз, – деді ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейесус дүниежүзілік саммит барысында.
Сала мамандарының айтуынша, құтырма ауруының 99 пайызы иттің тісі тию салдарынан туындайды. Алайда бұл ауруды қадағалау, оған қарсы күрес жүргізу, мониторинг жүйелеу осы аурудан зардап шегіп отырған елдер ішінде төмен күйде қалып отыр.
– Бұл ауруды қалай емдеу керектігін білеміз, бірақ бірде-бір нақты шешім жоқ. Біз адам мен жануарлар денсаулығын қорғау секторлары бойынша қоғамдастықтармен бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Сол кезде басқа ауруларға да бақылау жүргізу жүйесін құра аламыз, – дейді дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының бас директоры Моника Элуат.
Ғылыми зерттеулер бойынша иттердің 70 пайызын құтырма ауруына қарсы егу аурудың таралу қарқынын ауыздықтай алады. Нәтижесінде адамдар арасындағы өлім-жітімді де азайтуға септігін тигізеді.
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!