Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қылғындырып барады…

08.04.2020, 16:14 484

Қышқыл  сатира

  • HALYQLINE.KZ –|

– Кәртөшке қанша?

– Килосы 250 теңге.

Сатып алушы әйел көздерін жыпылықтатты.

– Сарымсақ қаншадан?

–Килосы екі мың бес жүз теңге.

Сатып алушы әйел жүрегін ұстап, көздерін жұмды. Сосын, өзіне-өзі келіп:

–Сұрай берейін бе? –деп сұрады.

–Сұрамай-ақ қойыңызшы?

–Неге?

–Бағалардан басыңыз айналып, вирус жұқтырмай-ақ өліп кетейін деп тұрсыз ғой?

–Әлемді тәлтіректеткен короновирусты пайдаланып қалдыңдар ғой! Анау қанша тұрады?

–Килосы мың теңге.

–Мынау қанша?

–Килосы екі мың теңге…

Сатып алушы әйел шалқасынан түсе жаздап еді, сатушы ер адам оны құшақтай алды. Әйел көздеріңі ашар емес.

–Апай, ояныңызшы, апай бағаны қымбаттатқан мен емес қой, біз көтеріңкі бағамен алдық қой, апай… –деп сасқалақтады ер кісі. Осы кезде оның қасына бір ер адам келіп, екі қолын бүйіріне таяп:

–Не істеп тұрсыз? –деп сұрады.

–Кешіріңіз, мына апай…

–Жоқ, сіз бөтен әйелді тапа-тал түсте құшақтап, не істегелі тұрсыз? –деп сұрады анау.

–Мен көмектесейін деп…

–Жоқ, сіз мынаған жауап беріңіз: менің әйелімді неге құшақтайсыз деймін? Бұрынннан танисыз ба?

–Жооқ.

–Жақсы көресіз ғой?

–О не дегеніңіз?

–Қашаннан бері кездесіп жүрсіз?

–Қазір ғана кездестік.

–Махаббаттан кәйіп болып тұр ғой менің әйелім?

–Жооқ, сіз кешіріңіз, әйеліңіз талып қалды!

–Қолыңызды белінен тартыңыз!

–Құлап қалады ғой?

–Ұятсыз! Жұрт коронавирустан қорлық көріп жүрсе, бұлар махаббатпен айналысады! Көршім айтып еді: «Бүгін сен махаббатпен айналыспасаң, ертең махаббат сенімен айналысады!».

Осы кезде әйелі көздерін жыпылықтатып ашты да, күйеуін төмпештей жөнелді.

–Неге қасымда жүрмейсің, а? Мына кісі болмағанда, бағалардан басым айналып, жерге құлап түсер едім!

Күйеуі өзгеріп шыға келді:

–Ой, кешіріңіз, артық кетіп қалыппын.

–Оқасы жоқ.

–А, ия, лимон қанша тұрады? –деп сұрады күйеуі.

–Төрт мың бес жүз… Килосы…

Күйеуі көздерін ашып-жұмып, жүрегін ұстады.

–Имбир қанша?

–Килосы он алты мың…

Саудагер сасып қалды. Анау жерге жалп етіп, құлап түсті… Әйелі шырылдап жүр:

–Айттым ғой саған, базарға барсақ, бағаларын сұрама деп, қарашы енді, кеше жуған шалбарыңды, костюміңді былғадың! Порошок та қымбат… Бәрі қымбат! Қымбатшылық қылғындырып барады!

Есін жиған күйеуі саудагерге жақтырмай қарады.

–Кәртөшкенің бағасын айтайын ба? –деп сұраған еді садагер. Екеуі де тұра қашты.

Мұхтар  ШЕРІМ.

Facebook-тегі парақшасынан алынды

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: