Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрсақтағы тәрбие

28.05.2020, 10:20 483

«Баланы анасының құрсағында жатқанда-ақ тәрбиелеу керек» деген қағида  қазір  кеңінен таралып кетті. Мұны  біреулер  құптаса, біреулер жоққа  шығарады.  Әлі дүниеге келмеген бөбекпен сөйлесуге, оны тәрбиелеуге бола ма, оны қалай дұрыс жасаған дұрыс, соған үңіліп көрейікші.

Егер құрсақтағы балаңыздың интеллектін, ақылын, дарынын туылмай жатып­ дамытам деп ойласаңыз, қателесесіз, ондай ойдың бәрін бастан шығарыңыз. Ол мүмкін емес. Сіз бұл мерзімде тек баланың эмоциялық сезімтал­дығын ғана арттыра аласыз. Яғни, сезім мүшелерін  жаттықтырасыз.

Егер құрсақтағы бала оған айтқан сөздерді түсінеді десеңіз, оның мүмкін­діктерін асыра­ бағалап жібергеніңіз. Ол не айтып жатқаныңызды түсіну үшін алдымен сөз мағынасын біліп алу керек (өзіңізді аудармашысыз өзгетілді адамдардың арасында елестетіп көріңіз). Сондықтан іштегі балаңыз сіз оқып берген «Мақта қыз туралы ертегінің» сюжеті­н түсінеді деп ойламаңыз: ол мақтаның не екенін, қыздың кім екенін білмейді, түсінбейді.

Алайда бала сіз ертегі оқып жатқандағы, сөйлегендегі дауыс ырғағын, құбылмалылығын, интонацияны сезінеді, діріл деңгейін де сезеді. Ол діріл жағымды болса, бала рақаттанады.­

Егер құрсақтағы тәрбие «музыка тыңдау», «поэзия оқу», «қарынды сипау»­ сияқты істерден­ тұратын болса, бұл әрекетте де нәтиже мардымсыз болады­. Анасының ішінде жатқан сәби бәрін эмоциямен қабылдайтынын айттық­, сіз сезінбей, сылдыратып оқып берген өлең балаға еш әсер етпейді. Анасының көңіл күйі жақсы ма – іштегі бала да көңілді. Анасы мұңайды ма – баласы да мұңаяды. Сондықтан, әр әрекетіңізді «сәннен қалмау» үшін емес, «шын жүректен» атқарыңыз, нәтиже де керемет болады.

Тіпті, балаға арнайы ештеңе оқымай-ақ, айтпай-ақ, анасы үнемі керемет көңіл күйде, мейірімділікте жүрсе, соның өзі балаға керемет әсер етеді.

Жоғарыда жазылғандарды оқып алып, аяғы ауыр аналарға өмірінен жағымсыз эмоциялар­ды толықтай алып тастауға да болмайды. Баланы стрестен мүлде аластатып тастамау  керек.

Баланың алғашқы эмоциялық күйі анасынан беріледі дедік, сондықтан ол көңіл күйдің барлық тұстарын көру керек: жылауды да, ашулануды да, уайымды да, тек мөлшерімен. Баланы туғаннан кейін кездесетін стрестерге солай дайындау керек.

Айнұр   ӘТЕНОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: