Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрбан айт құтты болсын!

30.07.2020, 11:55 687

Наурызбай  қажы  ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан  мұсылмандары  діни

Басқармасының  төрағасы, 

Бас  мүфти

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қадірлі  қауым!

Баршаңызды күллі исі мұсылман баласы асыға күтетін ұлық мейрам – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Айттарыңыз қабыл болсын! Сіздерге Алладан амандық, мықты саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!

Құрбан айт – асыл дініміз Исламдағы екі ұлық мерекенің бірі. Айтулы күнде мұсылман қауымы Құдай жолын­да құрбан шалып, қанағат пен қайырымдылықтың, мейірімділік пен ізгіліктің риясыз үлгісін көрсетіп, көмекке мұқтаж жандардың бата-тілегін алып, алғысына бөленеді.

Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырға­н халқымыз Құрбан айтты айрықша дайын­дықпен қарсы алады. Ұлық мейрамда ерекше ыждаһат һәм ықыласпен орындалатын құлшылықтар мен ізгі іс-шаралар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, игі дәстүрге айналды.

«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспен­шілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмыт­паңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынай­ы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта­ айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттен­ген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.

Материалдық мүмкіндігі бар, әрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уәжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла тағала мұндай міндет жүктемеге­н. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер  мен  көпбалалы  отбасыларға  көңіл  бөлу – сауапты  іс.

Құрметті   отандастар!

Өкінішке қарай, әлемдегі және елдегі жағдайға байла­нысты Құрбан айтты өз дәрежесінде атап өтіп, жамағатпен құлшылық жасай алмаймыз. Алланың аманаты болған өміріміз бен денсаулығымызды сақтау – мұсылмандық міндетіміз. Алайда сауап іздеген адам үшін жақсылықтың есіктер­і қашан да ашық. Біз осы ретте құрбан шалу шара­ларын қашықтан жүзеге асыруды қолға алдық.

Құрбан айттың тарихына терең бойласақ, Алла тағала Ибраһим пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) сынақ жібергеннен кейін оны сүйінші хабармен қуантқан. Бұл туралы­ Құранда баяндалған: «…Бұл нағыз ашық сынақ еді. Біз оның орнына үлкен құрбандық (Ұжымақ қошқарын) ауыс­тырдық. Біз оған соңғылар ішінде «Ибраһимге сәлем!» деген алғыс қалдырдық. Біз жақсыларды осылай сыйлаймыз. Өйткені, ол  иманды пенделерімізден еді» («Саффат» сүресі, 106-111-аяттар).

Аса Мейірімді, ерекше Кеңшілік Иесі Раббымыз осы сынақт­ы тезірек жақсылыққа алмастырғай. Шалған құр­бандық, берген садақа, жасаған әрбір игі амалдың сауабы еселені­п  жазылғай.

Алла тағала жер бетін жұқпалы дерттен тазартып, жақсылығы мен берекетін жаудырғай. Қауіпті індеттен қайтыс болған­дарды мейіріміне бөлеп, науқас жандарға шипасын бергей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай.

Мешіттеріміз ашылып, жамағатпен құлшылық жасайтын күнді жақын етіп, қалыпты өмір тіршілігіне қайта оралуды жазғай!  Әмин!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: