Түрік ертегісі
Бағзы дәуірде дәулетті және аса абыройлы патша болыпты. Дүниедегі уақыты сарқылып, ақ қырау шалған самайы дерттен тәуір болмаған көрінеді. Содан екі ұлын шақыртып, өзін осы аурудан айықтыратын дәрі тауып әкелуін бұйырады. Еш армансыз о дүниеге аттанайын десе, қос перзенті таққа таласып, елдегі ауызбіршілікті қашырып, орнын ойсыратып кететінін білгендей өмір тілеумен болады.
Ал, әлгі екі ұлы болса бір-бірімен бітіспес жау екен. Десе де әкесінің тапсырмасымен дәрі іздеуге бірге аттаныпты. Жолсөмкелерін де бөлек асынып, ауқаттанар уақытта екі жақта тамақтанып, болған соң қайта жол жүруге кіріседі. Әбден шаршап-шалдыққан ағайындылар бір құдықтың қасына кеп тоқтайды. Бәленің барлығы осы жерден бастау алатынын білмеген інісі демалмақ ниетпен сәл мызғып алатынын айтып, ағасына ескертеді. Үлкені «бір бармағын ішке бүккен» ойда сұмдығы мен қулығын жасауды жоспарлайды. Қаншама шақырымды артқа тастаған бауырлардың кішісі қалың ұйқыға кеткен уағында оны құдықтың ішіне итеріп жібереді. Мұндай айуандық жасайды деген ой інісінің ойына келмеген болу керек. Ізді суытпай ағасы шаһарға қайтып, әкесіне болған жайтты былай баяндайды.
– Әке, сапарға шыққан жалғыз бауырымды шаян шағып мерт қылды. Тым алыс жолды артқа тастаған соң көтеріп әкелу қиынға соқты. Содан сіздерге хабар беруге асығып келдім, – дейді мізбақпастан.
Мұны естіген әкенің көңіл күйі түскені былай тұрсын, ауруы асқынып, өлім жібі үзілуге сәл-ақ қалады. Шабармандарын жіберіп, баласын алдыруды бұйырады. Бірақ ұлы басқа жерді айтып, ол жерден мүрдені таба алмаған әскер патшаға «ұлыңыздың денесін қасқыр жұлмалап дымын қылдырмаған» деп айтуды жоспарлайды. Содан кейін әкесі «ұлы өлді» деген жалған сөзге сеніп, жағдайы нашарлап, үлкен ұлына өзінен кейін патша болып қалатынын айтады.
Бұл уақытта құдық ішінде жатқан інісі оянып, өзінің мұнда қалай түскенін түсінбей дал болып, ашуға берілгенде алдында тұрған ақсақалды көреді. Қария бұған екі қылды ұсынып:
– Мен кеткен соң осыны екі қолыңмен ысқыла, сонда алдыңнан екі тұлпар шығады. Ақ тұлпар сені жердің бетінде мұратқа жеткізеді, қара тұлпар жер астында сынақтарға толы өткелге апарады. Бірақ, жеңіл жолмен келген бақыттың сұрауы ауыр әрі қиын боларын ескертемін, – деп көзден ғайып болыпты.
Әлгі қарияның айтқанын орындап, қылды қос қолымен ысқылаған уақытта қарсы алдынан қос тұлпар пайда болады. Ақ түсті жүйрік жеңіл жолмен мұратқа жеткізгенімен кейін сұрауы ауыр болатынын ескеріп, қара түсті тұлпардың үстіне отырады. Мінген сәтте жер асты жолымен жүйткіген жүйрік бір кезде қорқынышты үңгірге кіріп, шабысын баяулатып, жарғанаттардың үнінен шоши бастайды. Мұнан қалай өтуді білмеген жігіт бірден ештеңеге қарамай шаба жөнелуді ұйғарып, тақымын қысып, алға қарай құйындай жылдамдықпен жүйткиді. Бар ойы жолда пайда болатын кедергілерден аман-есен өтіп, бұл аумақтан шығуды санада ұстап, қырағылықпен жан-жағына көз тастап отырады. Алдында жарықтың саңылауын көріп, жердің беті алыс емес екенін түсініп, жылдамдығын азайтпайды. Кенеттен алдынан әлгі ақсақал шығып, «Сен қорқынышыңды мақсатыңа жеңдірдің, асылында бұл аумақта қорқынышты ештеңе болмаған» деген сөзді айтып, қайта ғайып болыпты. Осы оқиғадан үлкен әсер алған ханның ұлы бұл жерден тез шығып, әлгі пырақпен сарайға жетеді. Одан түсе бергенде пырақ та ғайып болып, жігіт іштей мұның барлығы жайдан-жай болмағанын түсініп, әкесіне асығады.
Бұл уақытта әкесі әлі тірі, дегенмен ауруы үдей түскен, бірақ ұлы келіп, онымен қауышқан сәтте патша аурудан айыққандай болып, бойына күш бітеді. Сонда дертінің шипасы балаларының амандығы екенін түсініп, қуаныштан жылап жібереді. Осы жағдайдан кейін үлкен ұлы ұялып, елден кетіп қалады. Ал әкесі болса, кіші ұлына барлық байлығын мұраға қалдырып, дүние дидарымен қоштасқан екен.
Өмірде байлық пен биліктен бұрын бауыр қымбат екенін естен шығармауымыз керек. Себебі дос қасқа айналуы мүмкін, ата-ана да мәңгілік емес, жарың мен бала-шағаң да демі біткен уақытта сенен алысқа кетеді. Бірақ бауыр ғана мәңгілік жаныңда болып, сенің ешбір байлығыңа қарамай, жақсы көре алады. Уақытша ғұмырда мәңгілік байлықты сақтап қалуға болады. Ол – сыйластық…
Түрік тілінен түпнұсқадан тәржімалаған
Ердәулет ҚАЛИЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!