Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қос қарға

06.02.2023, 9:00 221

HALYQLINE.KZ

Таңертеңгі шайға жаңа отырған пәтіміз еді. Есіктен домаланып кіріп келген Сұраған досым тұтыға сөйлеп:

– Бірнеше күннен бері келген жоқ. Қайда жүргенін қайдам?! Уайымдап жүрмін. Жазым болмаса игі. Кім біледі…?! – деді де, қайтадан сыртқа шығып кетті.

Әпенділеу мінезді құрдасымның қатты толқығанда тілінің тұтықпасы шығатынын білетіндіктен жүрегім дір ете түсті. Шfй ішілмей қалды. Досымның соңынан далаға қарай ұмтылдым.

Сұраған басы салбырап, үйін бетке алып, ілбіп бара жатыр екен. Мұны көргенде зәрем ұшып кетті. Санамды неше түрлі ойлар шырмап алды. Сасқанымнан «ойпыр-ай, аманшылық болса екен. Уа, Алла, өзің сақтағайсың!» деп үздіксіз қайталай бердім. Мұндай сәтте адамның есіне алдымен жаман нәрсе оралады екен. Қас қағымда көз алдымнан Сұрағанның түйенің жарты етіндей қара қатыны, күллі отбасы елестеп өтті. Бойым шымырлап, денем түршікті.

Кенет… Шарбағының алдына тоқтаған Сұраған басын жоғары көтеріп, саусағын көкке шошайтқан қалпы «келді, келді, алақай, келді…» деп жас балаша шаттанды. Аң-таң қалпы Сұраған нұсқаған жаққа назар салдым. Бағананың басына қонақтаған қос қарғадан басқа ешнәрсе көзіме түспеді. Не екенін толық түсінбесем де, жақсы ырымға балап «кім, кім келді?!» деп сауалды жаудырдым.

Сұраған шырт ете түсті. Маған оқты көзін қадап:

– Өй, қауақбас! Соны да түсінбей тұрсың ба?! Қарға, қарғалар келді. Біреуі бірнеше күннен бері көрінбей кеткен соң алаңдап едім. Аман екен. Енді түгел болды, – деп қарап тұр.

Ойбай, мына жарымес не дейді?! Сонда таңғы асымызды да ішпей, бағанадан бері боқ жеген арам қарғаны уайымдап жүргенбіз бе?! Қап, есалаң неме. Ата сақалың аузыңа түскенше ес кірмеген саған ерген менің де обалым жоқ. Өзіме де сол керек. Мұндай күйінбеспін. Әттең, сәл жастау кезіміз болғанда… Кежір гараматты жүндей түтер едім. Немерелері әлдеқандай қылып «аталап» жүрген соқталдай адамға қалай қол көтерерсің. Ал істеп тұрған қылығы мынау…

Менің ширыққан ызамды басуға тырысқан Сұраған:

– Бауырым, мені дұрыс түсінгейсің. Марқұм көкем «күллі тіршілік иесін, жанды-жансыз нәрсені Алла жаратады. Жасаған жақсылығың мен жамандығыңның қайтарымы болады. Ешкімге қиянат қылма. Қанаттылардың арасында қарға ұзақ жасайды. Егер, үйінің жанына қонып қарқылдаса, «ақ шақыр, тойға шақыр» деп айт. Атадан жалғыз едің,  әндікке де зияның тимесін» дегенді жиі қайталаушы еді.

Мына қос қарға ұзақ жылдардан бері біздің үйдің электр бағанасына қонып жүр. Өздеріне бауыр басып қалыппын. Әр күні көрген сайын көкемнің сөзі есіме түседі. Көкем мен апамды кездестіргендей күй кешемін», – деп ағынан ақтарылды.

Өзі айтқандай Сұраған да, әкесі Тілеген де, тіпті атасы Дәнекер де жалқы туылып, жалғыз-жалғыздан жалғасып келе жатқанын білетіндіктен үнсіз қалдым.

Әй, менің аңғал досым-ай!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: