«Мырза, мен – кісі өлтірушімін». Осыны айтқан кезде қалтырап кетті. Ол біздің полиция бөлімінде, менің үстеліме қарама-қарсы отырды. Ол өзін тапсыру үшін осы жерге келген. Сол күні мен полиция бөлімінде жауапты болдым.
Ол шамамен 22-23 жастағы әдемі ханым болды, ұзын шашы өте жақсы сақталған. Қызғылт көйлек және қара көк джинсы, көзіне қара көзілдірік киіп алған. Оның жақсы және бай отбасынан шыққандығы көрініп тұр.
– Сіз кімді өлтірдіңіз? – деп ұзақ кідіргеннен кейін одан сұрадым. Өйткені оның алғашқы сөзіндегі қатыгездікті ұқпадым. Мен оның сұлулығынан адасып кеттім.
– Мен үш адамды өлтірдім!
Мен мұны естігенде қатты таңғалдым. Сүйкімді қыз үш адамды қалай өлтіруі мүмкін, онысымен қоймай өзі полиция алдында мойындайды. Барлығы мен үшін түсініксіз болды.
– Мен бағбанды, жүргізушімді және …, – деп айтты да, сәл кідіріп, «Және анамды…» деді де одан сайын қатты жылай бастады. Мен оған су бердім, ол стаканнан жұта бастады. Байқағаным, эмоциясын басқару үшін сөйлей береді екен.
– Сізден өтінемін, мені қамауға алыңыз, әйтпесе мен басқа біреуді де өлтіремін.
– Сіз адамдарды неге өлтіресіз? Сіздің атыңыз кім?
– Шилпа, – деді жылап отырып.
– Шилпа, сіз оларды неге өлтірдіңіз?
– Білмеймін. Мен өзімді басқара алмадым.
– Шилпа, мен сізді қамай алмаймын. Ешқандай шағымсыз және сіз айтып отырған өлгендердің денесін көрместен тұтқындай алмаймын.
Бұл жағдай мен үшін өте шиеленісті болып көрінді. Мен әрі қарай: «Шилпа, денелер қайда?» деп сұрадым.
– Олар менің бақшамда көмулі жатыр.
Бұл сөзі өтірікке ұқсамайды, бір жағынан сенімсіз. Мен оның үйіне баруға бел будым. Өзіммен бірге екі із кесушіні алып бардым. Біз оның үйіне жеткенде ол бізді өзінің бақшасына алып барды және бағбан мен жүргізушінің денесі көмілген жерді нұсқады. Мен екі қызметкерге көмілген мүрделерді алып шығуды бұйырдым.
– Анаңыздың денесі қайда?
– Үйдің ішінде…
Мен Шилпаның соңынан ере бастадым. Ол мені үйдің ішіне кіргізіп, сосын қараңғы бөлменің алдына тоқтады да:
– Ішінде… Ішінде менің анам жатыр, – деді. Ол тағы жылай бастады.
Мен бөлме ішіне ену үшін ақырындап қозғала бастадым. Бөлменің қараңғы болғаны соншалық, бір нәрсе көру мүмкін емес. Менің қолымда шам болды, оны жақтым. Бөлмені түгел қарап шықтым, бірақ ешнәрсе таппадым. Содан кейін жабық тұрған тағы бір бөлмені көрдім. Аштым. Бөлменің ішінде үш дененің жатқанын көргенде есеңгіреп қалдым. Екі ер адам – Шилпаның бағбаны және жүргізушісі, ал бір кемпір оның анасы болуы мүмкін. «Маған Шилпа неге мәйіттер бақшада» деп айтты деген ой келді.
А-а-а-а-а-а-а-а…!!! Біреу мені пышақтап тастады. Бұрылдым. Оң қолында пышақ… менің қаныма боялған… Шилпаны көрдім…
– Неге? – деп дірілдеген дауыспен сұрадым.
Ол маған жақындап келіп, менің ішіме пышақ сұғып алды да:
– Себебі, бұл – рақат, – деді.
Мен жерге құладым, ол менің мылтығымды алып, сыртқа ұмтылды. Атылған екі оқтың дауысын естідім. Ол менің ізкесушілерімді де өлтірді… Соңғы есімде қалғаны, оның қолаң шашын жайып, айна алдында ән шырқаған бейнесі…
Sandeep SHARMA
Ағылшын тілінен аударған
Н.ҚАЗИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!