Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыдағы қауырт қимыл

04.04.2020, 12:15 388 0

HALYQLINE.KZ – «Түстік өмірің болса, кештік мал жина». Осынау даналық сөз қазекеңнің дүниеқоңыздығын емес, өмірге деген құлшынысын аңғартса керек. Қазіргі таңда барша әлемнің назары коронавируспен күреске ауып тұрғаны белгілі. Мұны күнделікті өмірде естіп, көріп жүрміз. Осы тұрғыда Қазалы ауданында да бірқатар сақтық шаралары жүзеге асуда. Алайда елде азық-түлік тапшылығын болдырмау аса маңызды мәселе екенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Қазалы – ауылшаруашылығы саласына бейімделген өңір. Сондықтан мұндағы қабырғалы қауым көктемнің әр күнін жылға азық санайды. Қаншама қиындыққа қарамастан аудан диқандары биылғы жылдың егісіне дайындық жұмыстарына бейжай қарай алмасы айдан анық.

Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбайдан өзі басқаратын саланың тыныс-тіршілігі мен қалыптасқан еңбек процесі туралы сыр тартқан едім. Қашанда айтар ойын нық жеткізетін Нұрлан Аманкелдіұлы тосылған жоқ.

Сала басшысынан ауданда ақ егіс егу таяу күндері аяқталатынын естігенде іштей серпіліп қалдым. Оған қоса 4367 гектар ескі жоңышқа дақылын тырмалап, суғару қарқын алуда. Аса құнарлы, дәруменге бай жоңышқаның төрт түліктің оңалуына тигізер септігі әмбеге аян. Сонымен қатар жоғарыда атап өткендей, жаңа жоңышқа, жаздық бидай, арпа, мақсары егу де қалыс қалмаған.

Шаруа жайына қанық адам су жүретін жолдардың тазалануын, тіршілік нәрінің танаптарға кідіріссіз, ысырапсыз келудің маңызын терең түйсінеді. Қазалының азаматтары бұл бағытта да ыждағаттылық танытуда. Бір сөзбен айтқанда, суармалы сумен қамтамасыз ету,  су жүйелерінің дайындығы бөтен емес. Ішкі шаруашылық каналдарының су жолдары қамыстан тазартылып, гидробекет, су сору қондырғысы жөндеуден өткізілген. Бұл жұмыстар жалғасын табуда.

Көктемгі егін егу, дала жұмыстарын ойдағыдай жүргізуді жанар-жағармайсыз көзге елестете алмас едіңіз. Шаруасына мығым қазалылықтар бұл істі де оңтайлы шешкен сыңайлы. Дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен дизель отыны бөлінген. Жеткізіп беруші операторлыққа «Нефтьтранс-Қызылорда» ЖШС белгіленген.

Ендігі кезекте Қазалыдағы ауыл шаруашылығы саласының алға қойған межесі мен міндеттері жайлы деректі қызығушылық танытқан оқырмандар назарына ұсынсақ.

– Биыл аудан бойынша барлығы 17511 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленген. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 6341 гектарды құрайды. Шаруашылықтар ерте егілетін ақ егіс (бидай, арпа, жоңышқа) егуге кірісіп кетті.

Біршама уақыт бұрын жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысу үшін аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап тиісті мекеме басшылары, мамандарымен бірге егіс танабында болды. Су шаруашылығы мамандары ағымдағы жылы Сырдария өзені бассейнінде су тапшылығы болуы мүмкін деген болжам айтуда. Соған орай, облыс, аудан көлемінде аталған жағдайдың алдын алуға байланысты арнайы іс-шаралар қабылданған болатын. Егіс танабын аралау кезінде белгіленген іс-шараға байланысты жүргізілуге тиісті су шаруашылығының жұмыстары да пысықталып, тұрғындарды бақшалық жерлерге топтастырып орналастыру жайы да ескерілді, – дейді Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай.

Тағы білгеніміз, сүрлемдік жүгері үшін қажетті (24 тн) тұқымын сатып алуға Алматы қаласындағы «Будан» ЖШС-мен алдын ала келісімдер жүргізілсе, дайындалған күріш дақылы тұқымы І, ІІ және ІІІ репродукциялы «Новатор», «Лидер», «Янтарь», «Фовари» және отандық «Айкерім» сорттары екен. Сондай-ақ, сорт жаңарту мақсатында «Рза Агро» ЖШС мен «Жалаңтөс батыр» ЖШС «Мағжан и К» ЖШС-нен «Янтарь», «Лидер», «Агро Өркен» ЖШС «Абзал и К» ЖШС-нен «Янтарь» тұқымының элита сортын сатып алыпты. Ауданда тыңайтқыш жеткізу мен көктемгі дала жұмыстарына қатысатын техникалардың әзірлігі да көңіл көншітеді.

«Ұйымдастыра білген ұтады» деп текке айтылмаса керек.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: