Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыда ауыл мәдениетіне қолдау жоғары

13.05.2020, 9:17 936

Жуырда Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің директоры Марат Жақсылықовпен тілдескен едім. Ұлағатты отбасынан түлеп ұшқан байсалды мінезді інім кеудесін кернеген қуанышын жасырмады. Білгеніміз, ағымдағы жылы өзі басшылық жасайтын ауылдық мәдениет үйін ағымдағы жөндеуден өткізуге 14 685,9 тенге бөлініпті. Қаралған қаржыға ғимараттың шатыры толық ауыстырылады. Сыртқы қабаты түсіріліп, сәнді сылақпен қайта сыланады. Есіктер жаңартылып, 4 бөлменің еденіне кафель салынып, жоғарғы беті армостронгпен қапталады екен. Мұндай игі қадамға қалайша шаттанбайсың?! Тілектестігімді білдіріп, шынайы қуандым.

Айта кетерлігі, 2014 жылы Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жасалып, келер жылы жылу жүйесі қайта жүргізілген болатын. Соның арқасында еңселі мәдениет ошағының іші қақаған қыс мезгілінде де ұядай жып-жылы. Оған мысалға алысқа бармай-ақ, қақаған қыста өтетін аудан, ауыл әкімінің жылдық есеп беру жиынының кейбір жерлердегідей мектепте емес, ауылдық мәдениет үйінде болатынын айтсақ та жеткілікті шығар. Ауыл мәдениетіне деген жанашыр көзқарас жалғаса берді. 2016 жылы музыкалық дыбыс күшейткіш аппаратура алынды. Кеңсе жиһаздарымен толықты. Енді ағымдағы жөндеу жүреді деп күтілуде.

Мемлекеттің жанашыр көзқарасын жете сезінген Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің ұжымы да жақсылықтың қарымтасын шынайы өнер, жоғары жетістікпен қайтаруды көздейді. Жаз мезгілінде өнер ордасының ауласына бас сұқсаңыз, өзіңізді мәдениет үйінде емес, саяжайда жүргендей сезінесіз. Күн сәулесі қалың жапырағынан зорға көзге шалынатын көлеңкелі талдар, жеміс ағаштары кеудеңді рақат күйге бөлейді. Ерінбей санап шықтым. Бұл жердегі қара талдың өзі 200 түп екен. Оған жұпар иісі аңқыған Бұхар жидесін, өрік пен шие ағаштарын қосыңыз. Сондай-ақ, арнайы орынға егілген әсем гүлдер – ерен еңбектің нәтижесі. Жасыл желегі жайқалған аулаға жарықшамдар ерекше шырай беріп тұр.

Марат Жаңабайұлынан «көркемөнерпаздар үйірмесі мүшелерінің қатысуымен ақылы негізде түрлі шаралар өткізіліп, мәдениет үйіне керек- жарақтарды ақылы қызметтен түскен қаржыны жұмсау арқылы толықтырылады» -дегенді естігенде ауылдағы мәдениет майталмандарының ауызбірлігіне, директордың іскерлігіне сүйсінуім арта түсті.

Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйі 1981 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда ән, би, драма, терме үйірмесі жұмыс істейді.

Ауылдық мәдениет үйі туралы сөз қозғалса, алғашқы директоры Жанділдә Баймұратов туралы айта кеткен абзал. Ізденімпаз да кәсіби шеберлігі жоғары Жәнділда ағамыз ауыл өнерпаздарын жиып, көркемөнерпаздар үйірмесін құрды. Үйірме мүшелері көптеген мәдени шаралар ұйымдастырып, халық назарына ұсынды. Арада жыл өте мәдениет үйі жанынан драма үйірмесі өз жұмысын бастады. Талаптары бөтен болған жоқ. Аудандық драма үйірмелері байқауына қатысып, жүлделі орыннан табылып жүрді.

Жәнділда Баймұратовтан соң ауылдық мәдениет үйіне айтыскер ақын, дәстүрлі әнші Толағай Дүнкеев, көпшілікке есімі жақсы танымал әнші Ғани Дәрмағамбетов басшылық жасады. Екі азамат та Жәкең салған өнер сүрлеуін даңғыл жолға айналдырды.

Біршама уақыттан бері Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйі директоры қызметін Марат Жақсылықов атқарып келеді. Қос бірдей жоғары оқу орнын бітірген Марат – осы ауылдың төл перзенті. Кезінде ауыл жастарының жетекшісі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан жігерлі жігіт өз ортасына да сыйлы. Кәсіби міндетіне қоса бағбандыққа да бейім екенін мәдениет ауласының жасыл желегі тамылжыған кейпі паш етеді.

Ауылдық мәдениет үйінің жанындағы халық театры – Қазалы ауданындағы елді мекендер арасында осындай жоғары атағы бар бірден-бір ұжым. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяқ шенінде ауыл өнерпраздары қол жеткізген «халық театры» өзінің атағын сонан бері бірнеше мәрте қорғады. Мұның қандай жоғары жетістік екенін театр саласынан хабары бар жандар жақсы түсінеді. Бір ғажабы, ауылдық мәдениет үйінде ұрпақтар сабақтастығы жақсы қалыптасқан. Сонау жылдары ауыл клубында Ханзада Қарабураева анамыз киномеханик болып ұзақ жылдар еңбек етті. Кейін анамыздың жолын марқұм ұлы Жаңабай Төлешов ағамыз жалғастырды. Сол ізгі дәстүр әлі де үзілген жоқ. Қазіргі таңда ауылдық мәдениет үйі жанындағы «халық театрының» режиссері қызметін Жәнділда ағамыздың баласы Ақниет Баймұрат атқарады. Сондай-ақ, театрдың суретшісі Қаршыға Қалымбет, мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ғалия Алдамұратова мен әдіскері Тұрар Айсауытов өз өнерлерімен көпшілік ілтипатына бөленіп жүрген жандар. 

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: