Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Партизан

05.05.2022, 9:20 242

Өткен ғасыр, алып ғасыр,

Жылдарың болды асыр-тасыр.

Неміс-фашист аһ ұрды,

Оқ жаудырып қызыл, жасыл.

Көктен, жерден, теңізден,

Қып-қызыл отты жаудырып.

– Жоқ қыламыз орманын,

Құлатамыз тауды ұрып.

Той жасаймыз Москвада,

Жеңеміз, – деп ілезде.

Қол қусырып біз күткендей,

Тап болды сондай мінезге.

Әлі күнге таңғалтады,

Соншалық ессіз болғаны.

Елімнің үлкен-кішісі

Жерін күн-түн қорғады.

Белгілі жаудың жүретіні,

Орманды-нулы жерменен.

«Ажалын тапса осында,

Ешкім жоқ оған кел деген».

Осылай деп Қасым Қайсенов,

Қалады партизандықты.

Бауыздалып талай бас,

Фашист-неміс қан жұтты.

Аптап ыстық басылған,

Бұлтты қара түн еді.

Жанында бір жас солдат,

Жау жолын торып жүр еді.

Алапат соғыс кезінде,

Кездеспейді не жайлар.

Қорғап балапандарын,

Шырылдап ұшар торғайлар.

Жап-жаңа туған шарана,

Кездесті орман ішінде.

Өңінде түгіл адамның,

Көрері емес түсінде.

Шырқырап әлсіз жылайды,

Әйтеуір тірі жаны бар.

Мүмкін емес қынжылмау,

Емес ғой ол – жануар.

Жас солдат оған ұмтылды,

«Неміс ұрпағы шығар», – деп.

«Бізден жаны артық па?

Не өмір керек бұған?», – деп.

– Қой, – деп Қасым тоқтатты,

Өлгеніміз аз емес.

Өзің де көріп тұрсың ғой,

Тіршілігі мәз емес.

– Қой, – деді Қасым қайталап,

Шаранада кінә жоқ.

Кімнен, қай ұлттан туса да,

Оны айтатын куә жоқ.

Бір бақилық орнына,

Туған шығар шарана.

Бізге кездестірген ғой,

Құптап Алла тағала.

Қашан, қайда апарамыз,

Деп тұрғанда қысылып.

Үміттенді Қайсенов,

Бір жайтты еске түсіріп.

Отын іздеп орманға,

Бір шал жиі келетін.

Бөлісіп жүдеу өмірін,

Кейде оған нанын беретін.

Қас қағымда қуаныш,

Тілегенің болғанда.

Шал қарасы көрінді,

Жүр екен ол орманда.

Көрген кезде баланы,

Тез көтеріп алады.

Таңдайы кеуіп қалар деп,

Аузына тіл ұшын салады.

Ортақ міндет, ортақ іс,

Және ортақ қорғаныс.

«Баласын ана тастай ма?

Зұлымдықпен болған іс».

«Тез-тез алып кетейін,

Ауылға тез жетейін.

Шарана әбден шаршаған,

Кемпіріме табыс етейін.

Жау қолынан оққа ұшып,

Өмірі ерте қиылған.

Ұл-қызымның орнына,

Бала шығар бұйырған».

Шалдың ауыр қасіретін,

Қос жауынгер түсінді.

Бір күн талғау ететін,

Қара нандарын ұсынды.

«Теректі» деген қаладан,

Романов Сергеймін,

Өзім әке боламын,

Ешкімге мұны бермеймін.

Жеткізсем аман болғаны,

Кемпіріме үйдегі.

Бала тірі қалар ед,

Мына ауыр күйдегі».

***

Жыл өтіп, айлар, күн өтіп,

Фашистің шықты ойраны.

Дүниежүзілік қарсылық,

Жауды жеңбей қоймады.

Қуаныш, реніш аралас,

Айтуға тіл жетпейді.

Күйзелу және тәубе ету,

Бұл сәттер естен кетпейді.

Көңілсіз жүрді Қайсенов,

Күйзелісі ішінде.

Жер астын пана етуді,

Көрмесін адам түсінде.

***

Арада он бес жыл өтті,

Қирағандарды түзетіп.

Жия берді ел есін,

Сау қалғандарды күзетіп.

Ұмытыла ма қиын кезде,

Қорғағандар өз елін.

Жауға таптатпағандар,

Тау, орманын, өзенін.

Шақыру келді Қасымға,

Түсінбей қалды басында.

«Теректі парткомы» дейді…

Сол жерде болдық расында.

«Өздерің күн-түн қорғаған,

Теректі жерін көріңіз.

Майдандастар бір жүрген,

Сіздерге дайын төріміз».

Құптап Қасым Қайсенов,

Кездесуге тез аттанды.

Майдандастар әр жерден,

Біртіндеп келіп жатқан-ды.

Бір қолы жоқ Асан да,

Әділхан қос балдақты.

Жан ұшырып жетіпті,

Кездесуден қалмапты.

Абыр-сабыр көп болды,

Жергілікті халық қош алып.

Елін қорғаған ерлерге,

Үлкен құрмет жасалып.

Көп ішінде бір ақсақал,

Кош алып ерек Қасымды.

Қасымның да бұл кісі,

Көзіне оттай басылды.

«Тумай жатып кездескен,

Оқ жаудырған заманға.

Сізге тапсырған едім,

Сол балақай аман ба?»

«Аман, аман Сергейім,

Әне өзі де келеді».

Бала жігіт иіліп,

Ерекше сәлем береді.

«Осы бала, – деді ол. –

Өмірімнің жалғасы.

Оқиды, бір ауық жұмыста,

Қолында орақ, балғасы.

Аттас еттім өзіммен,

Есімін қойдым Сергей деп.

Алладан күн-түн тілеймін,

Осыған өмір бергей деп».

Байқап қалған бұл сәтті,

Сөйледі қала әкімі:

«Әкелі-балалы қос Сергей –

Теректің қос батыры».

Айлар бойы сөнбеген,

Бірге болып өртпенен.

«Отан – ыстық оттан» деп,

Қаланы тастап кетпеген.

Қайсенов риза өзіне,

Бала жайлы ісіне.

Алғысын іштей жаудырды,

Әкесі болған кісіге.

Аралады жауынгерлер,

Өздері болған жерлерді.

Тау, орманды, көлдерді,

Асуы қиын белдерді.

Жасарып, бәрі көз тартып,

Өзен, көл еркін ағуда.

Тұрғындары егін егіп,

Төр түлігін бағуда.

Еліне келді Қайсенов,

Кездесуді өткізіп.

Көрші-көлем жиылды,

Көрдіңіз-ау деп көп қызық.

«Қайдағы қызық, қайдағы,

Бәрі түсті есіме.

Тізіліп тұрған көп зират,

Бардым екен несіне?».

Қабағын ашпады көп күндер,

Көзі ілінбей көп түндер.

«Мен неге тірі жүрмін?» деп,

Ойға оралып от күндер.

***

Көп жылдар өтті, көп айлар,

Ағарды шашы Қасымның.

Қиын күндерін еске алды,

Қаһарлы болған ғасырдың.

«Адам өлтірген адаммын» деп,

Күйзеліп жиі отырды.

Қартайған шақта Қайсенов,

Оранып ойға не түрлі.

«Амалсыз болған іс бұл» деп,

Жұбатты оны өзгелер.

«Отан – ыстық оттан да»,

Сен осыған төзген ер.

Тілеп алған ажалы,

Кесілсе басы фашистің.

Сені, сірә, айта алмас,

Кінәлі жан деп ешкім.

«Қынжылмаймын әрине,

Өлтірдім деп жауымды.

Еріксіз қолым қан болғанын,

Қарашы ұмытпауымды…

Адамзат неге соғыссыз,

Соғыссыз жүре алмайды?

Жүремін, тұрам, отырам,

Осы есімнен қалмайды…».

Озды өмірден осылай,

Жүре алмады Қасым жай.

«Адам өлтірген адаммын» деп,

Күйзелісі басылмай.

Рысты  БЕКБЕРГЕНОВА,

ақын

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: