Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жыныстық тәрбие жабық тақырып болмауы тиіс

10.02.2022, 10:00 1702

Кіндіктен төменгі әңгіменің бәрі – ұят. Ол – біз үшін жабық тақырып және менталитетімізге сай келмейді. Бұның барлығы біздің бала күнімізден бері санаға сіңіп, құлағымызға құйылған тыйымдар. Балаға жыныстық тәрбие беру түсінігі – ата-аналар үшін бетін басып, «ұят-айлап» қашатын тақырып.  Тіпті қазақ отбасыларында «жыныс» деген сөздің өзі әлемдегі ең жаман, айтуға болмайтын тыйым сөздердің біріне айналған. Ұлтымыздың жыныстық тәрбие беруде айтатын, талай ғасырдан бері келе жатқан жаттанды сөзі бар. Қыз балаға «басыңды алып жүр», ер балаға «тыныш жүр». Осы сөздер ғана баланың санасында жатталады. Бала кішкентайынан осыларды еститін болса, оның мағынасын жете түсінбеуі мүмкін. Бірақ, балаға өз тілінде түсіндірілетін және оған кішкентайынан бастап жыныстық тәрбие ретінде үйретілетін критерийлер бар. Қандай дейсіз ғой?

Қоғам қорқынышты болып барады. Әсіресе ұл-қыз өсіріп отырған әрбір ата-ана балаларының болашағы үшін алаңдайды. Қыз тәрбиелеген, ұл өсірген әке-шеше олар үшін күн-түн демей қызмет қылып, жақсы тәрбие беру жолында жан алысып, жан беріседі. Бірақ, ата-ана баласына жыныстық тәрбие  беруде мүлт кетіп, тіпті ол тақырыпта мүлде  әңгіме қозғамайтындар бар. Өйткені бұл бізге тән емес, бұл  сонау  Американың, Ресейдің, батыс  елдерінің ғана айтатын тақырыбы деп ойлай­мыз.  Алдымен  жыныстық  тәрбие  дегеніміз  не?  Осыған  тоқталайық.

Екі жасқа дейін:

1. Баланың жынысына қарай мәміле жасау;

2. Сүндетке отырғызу (Ислам дінінде бұны ертерек жасау ұйғарылған. Алайда бала денсаулығына мән берген абзал. Негізінде жеті жасқа дейін  жасап  үлгерген  дұрыс);

3. Ерлі-зайыптылардың оңашаланған кезінде баланың  бөлмеде  болмауы;

4. Бала  киімін ауыстырған уақытта, жыныс мүшесін бүркеп тұру. Әсіресе, қыз бала­сы болса. Бала қолы жыныс мүшесіне тимеу  үшін  ойыншық  беріп  қою;

5. Жыныс мүшелерінінің атын үйрету.

3 пен 6 жас аралығында:

1. Балаға «Сенің жыныс мүшеңе ешкім­нің қолы тимеу керек. Үлкен аға-әпкелер бетіңді, қолыңды сүйсе, құшақтаса болады. Бірақ мүшеңе қол тигізуіне, олардың қарауына  болмайды»  деп  әдеттендіру;

2. «Жыныс мүшеңе ешкімнің көзі түс­песін. Шалбарсыз жүрме. Етегіңді көтерме»  деген  тәрбие  беру;

3. Дәреттен соң жыныс мүшесін тазалау­ды үйрету. Жүре келе баланың өзі  тазалай  алатындай етіп дағдыландыру;

4. Кішкентай ағалы-қарындас­тарға «Сен ағаңа ұқсамайсың, сенің шашың ұзын, ағаң шалбар киеді. Ал сен қызсың, сен шаш өресің, ұзын көйлек киесің, қыз әдептірек болуы қажет» деп бала бойына бастапқы ер мен қыз­дың  қарым-қатынасын сіңіріп, сонымен бірге айырмашылығын ажы­ратуды  үйрету;

5. Балаңыздың «Бөбек анамның ішіне қалай кірді?» деген сауалына: «Алла тағала анаңның ішінде бөбек жаратты»  деген  тәрізді  жауап  берген  дұрыс;

6. Балаңыздың «Бөбек анамның ішінен қалай шықты?» деген сауалына: «Анаң перзентханаға бара­ды. Онда дәрігер апай бөбекке шығуға көмек береді» деген  тәрізді  жауап  берген  дұрыс;

7. Қыз баласы: «Мен неге бөбек тумаймын?» деген сұрағына анасының «Бірінші бойжеткен қыз болуың керек, сосын тұрмысқа шығасың, сол кезде сенің бөбегің  болады» деген сияқты қарапайым тілде жауап қайтарғаны  дұрыс;

8. Ұл бала қызды құшақтауына және ернінен сүюіне болмайды деп үйрету;

9. Осы тақырыпқа қатысты бетпе-бет келген жайттарда  және тосыннан болған сауалдарға ата-ана асықпай бала тілінде түсіндіру қажет. Сұрағын  кейінге  қалдырып, «қазанды жауып қою»  баланы қанағаттандырмайды. Ол жауапты өз бетінше іздей  бастайды. Бұған  жол  бермеген  дұрыс.

7 мен 10 жас аралығында

1. Дәреттен кейінгі тазалыққа жіті мән беруді үйре­ту. Балаға нәжістің не екенін, одан сақтану жолдарын көрсету. Баланың тазалығын қадағалап жүру;

2. Бала бойында ұятты қалыптастыру. Жыныс мүшесіне ретсіз қол тигізуге, ойнауға болмайтынын айту;

3. Ұл баланың кіндігі мен тізесі аралығын жабатын киімдер болуы. Қыз баласының да көйлегі тізесінен төмендеу  болғаны  жөн;

4. Қызға «Өскен кезіңде сенің ішіңде кішкентай түйіршіктер (жұмыртқа) пайда болады, сол жұмырт­қа  жарылса, қан шығады. Одан қорықпа. Әр айда жаңа жұмыртқа пайда болады. Тұрмысқа шыққаныңда сол жұмыртқадан бөбек шығады» деген тәрізді сөздермен әр айда келетін етеккірдің жайын ескертіп,  шошынып  қалудың  алдын  алу;

5. Балаға «тек жақсы сөз айт және жақсы іс жаса»  деп  үйрету.

6. Ұл балаға «ер жеткеніңде сенің бойыңнан ақ су шығады. Бұл – сенің ер жігіт болғаныңды білдіреді» дегенді  жеңіл  тілде  түсіндіру.

7. Балиғат жас. Бұл жаста қыз баланың дене бітімінде өзгерістер байқалады. Ұл мен қызда қолтық және кіндік асты түгі өсе бастайды. Осы түктерді қырып тұруға, қан немесе ақ су келгенде жуынуды, таза  жүруді  үйрету;

8. Балалардың балиғатқа жету жасы түрліше болып келеді. Әдетте, қыз ерте дамиды. Осы шақта балаға ұл мен қыздың ара-қатынасы жайлы жаңа мәліметтер  беру;

9. Төсек орындарын бөлек салу, ұйқы киімімен жату­ға  дағдыландыру, тек ішкиіммен  жатқызбау;

10. Үлкен болғанда отбасылы болатындығын және жігіт пен қыз болып қана үйленетіндігін құлағына құю;

11. Балаға өзіне ер бала боп туғанын, ал қыздың қыз бала боп туғанын мақтан етуге баулу.

Психологтер балаға жыныстық тәрбие беру тіпті бесіктен басталу қажеттігін алға тартады. Балалар ғылыми-техникалық процестің қарқынды дамуына байланысты неше түрлі гаджеттер арқылы өз пси­хикасы көтере алмайтын сексуалдық сипаттағы ойын­дарды  және сол сияқты видеоларды көп көреді де, әсерленеді. Бірақ баланың организмі оған әлі жетілмегендіктен,  түрлі деңгейдегі патологиялар болады  екен.

– Қазақ табиғатында бала бесікте жатқаннан бастап  жыныстық тәрбие алады. Жөргектен гөрі, сол таза бесікті қолданған жөн. Жөргектің басты қау­пі – жыныстық  жетілудің бастамасы. Ата-ана­лар ыңғайлы болғасын балаға жөргек кигізе салады. Қолданбай  өсіруге тырыспайды. Бұл –  біздің үлкен қате­міз, – дейді  психолог  Д.Сақтағанова.

Әлеуметтік желіде балаға жыныстық тәрбие беру жөнінен ата-аналарға арнайы сабақ үйрететіндер бар. Солардың бірі, коуч Ару Сағи өзінің инстапарақшасындағы  жазбасының  бірінде:

– Әлбетте Кеңес Одағының тәрбиесін көрген біздер­ге  бұл – ұят тақырып. Бірақ онда тұрған ештеңе   жоқ. Егер  жыныстық  тәрбиеге  қанық  бола­тын болса,  ертең  ол  өзінің  әрбір  әрекетіне сақ болады. Бұл – зерттеп, дәлелденген нәрсе. Ажырасу да сирек  болар  еді. Енді  оларға  жыныстық  тәрбиені  қалай  айта  бастаймыз? 3 жасында баланың әурет жерлерінің атын атып, таныстыра бастаймыз. Кімнің алдында жалаңаш жүруге болады, кімнің алдында жала­ңаш жүруге болмайды, соны үйретеміз. Және ішкиім ережесін айтамыз. 3-4 жасында бала қайдан туғанына қызығушылық білдіре бастайды. Бұл кезде оған көп ақпарат берудің қажеті жоқ. Әйел адамның ішінде жатыры болады, содан пайда болады десеңіз жеткілікті. 5-6 жасында бұған дейінгі  білімінің үстіне ақпарат қосасыз. Бала іште өседі, уақыты келгенде дүниеге келеді деуге болады. 6-7 жасында түсінігіне қарай  ақпараттар  беріледі, –  деп жазады.

ТҮЙІН. Ұлын атқа, қызын жатқа тәрбиелейтін ұлтымыз үшін бұл тақырыпта түсінік беру қиын. Өйткені бұл біздің ұлтымыз үшін соңғы жылдарда ата-аналардың санасына сіңіп келе жатыр. Сондықтан «ұятты» тақырып деп тұра қашпай, балалардың да болашағы үшін аз-кем ойланып қоюдың ағаттығы жоқ. Ақпараты дамыған заманда балаңыз интернеттен қате білім алып, кері кетпесін десеңіз, баланың өсіп-даму жолын өзіңіз үйреткеніңіз әлдеқайда абзал. Балаға ата-анасының ақылынан артық не бар?!

Ә.ҚЫСТАУБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: