Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

06.03.2025, 15:55 54

Ұрпақ тәрбиесі ұлттың негізі, халықтың қазынасы һәм алаштың асыл мұрасы. Баланы тәрбиелеу, қоғаммен байланысатын, қоғамға пайда әкелетін тұлға етіп шығару- ата- ананың мәртебелі міндеті.

Бүгінгі ұрпақ еліміздің болашағы. Біздің алға қойған мақсатымыз қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты жарасымды тұлға өсіру. Ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, оның жан дүниесі де дұрыс қалыптасып жетіледі, яғни бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп өседі.

Бұл қасиеттердің бәрі адамның бойында бала кезінен бастап тұрақты қалыптаспақ. Баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы жақсы мен жаманды, обал мен сауапты ажырата білуі өзін қоршаған ортасына, ата-анасына, құрбы-құрдастарына, олардың іс-әрекеттеріне және де басқа да қасиеттеріне байланысты. Алла Тағала Құран Кәрімде: “Ей мүміндер! Өздеріңді және үй-іштеріңді (жанұяларыңды) тозақ отынан қорғаңдар!” деп бұйырған.

Мағжан Жұмабаевтың мына бір сөзі бар: «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнінде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ», – ендеше, балам адам болсын деп ұрпағымыз үшін алаңдасақ, ең әуелі тәлім-тәрбиеге терең мән бергеніміз жөн. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) бұл жөнінде: «Әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы болмас», – деп айтқан.

Халқымыздың ұғымында «Отан отбасынан басталады» деген түсінік бар. Баласына бесігінде жатқанында-ақ

Тәтті айтқанда бал тамған,

Ащы айтқанда қан тамған.

Ақын болар ма екенсің?

Не болмаса жүректі,

Күш, қайратты, білекті,

Кемшілікке көнбейтін,

Батыр болар ма екенсің? деп, кішкене періштені елге тұтқа болар зор азамат болуға баулыған. Даналардан қалған «Бір бала бар – атадан өте туады, бір бала бар – атаға жете туады, бір бала бар – атадан кері кете туады» сынды нақыл сөздер – осы айтқанымыздың айғағы.

Баланың тәрбиесі мен білімін балабақша мен мектептегі ұстазға тапсыра салмай, ең алғашқы әрекетті ата-ана жауапкершілікпен өз тарапынан қолға алу керек екенін түсіну керек.

Әрине, бала тәрбиесінің сан-қырлы жолдары көп. Айталық, балаға мейлінше сүйіспеншілікпен, мейірім-шапағатпен, ыстық ықыласпен қарау. Ата-ана кез келген жағдайда өзін-өзі ұстай білу, сабырлы болып, үлгі көрсету. Әсіресе, ата-ана балаға жалған сөйлемегені жөн. Қандай жағдайда да ата-ананың баласына өтірік айтпауы қажет. Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген терең мәнді нақылы бар. Ұлт болашағын ойлаған халық – ұрпақ тәрбиесін де естен шығармауы абзал.

Нұрболат Рахметуллаев,

Қармақшы ауданының бас имамы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: