Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үкімет жас отбасыларға арналған бөлек баспана бағдарламасын қарастырып жатыр ма?

06.03.2026, 11:45 69

Қазақстанда жас отбасыларға арналған жеке тұрғын үй бағдарламасын іске қосу мәселесіне қатысты Премьер-министр Олжас Бектенов түсініктеме берді. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады.

Үкімет басшысы қазіргі уақытта елде тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруға бағытталған бірқатар бағдарламалар жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағдарламалар белгілі бір санаттарға ғана емес, жалпы халыққа арналған.

«Қазіргі таңда тұрғын үй саласында бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске асырылып жатыр. Олар жас отбасыларды да қамтиды. Сондықтан дәл осы санатқа ғана арналған жаңа жеке бағдарлама әзірлеу мәселесі әзірге қарастырылып жатқан жоқ. Жалпы тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру бағытындағы жұмыс жалғасады», – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр мемлекет тарапынан тұрғын үй құрылысын қолдау шаралары мен ипотекалық тетіктерді дамыту жұмыстары жалғасатынын айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғын үй саясатын жетілдіру, халықтың баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта қолданыстағы бағдарламалар арқылы азаматтардың түрлі санаттарына қолдау көрсетіледі», – деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мақсатында «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске асырылып келеді.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: