Ұл өсіріп жердің, елдің иесін, қыз өсіріп ұлтты тәрбиелейтін дана халқымыз отбасы бірлігін әрқашан бірінші орынға қойған. Бүгінде қазақ қоғамында отбасы мәдениеті, тәлім-тәрбиесі құлдырауға ұшырап бара жатқан секілді. Бұл – қоғам үшін қорқынышты жайт.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді халық даналығы. Сондықтан, отбасындағы дұрыс тәрбие ұл мен қыздың болашақта ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Алайда, соңғы уақытта қазақ ошақтарында тәлім-тәрбие бесігі оңынан тербелмей тұр. Ажырасу, ішкілікке салыну, материалдық жағдайдың төмендеуі, жалғызбасты аналардың көбеюі, әке сыйламау, ата-аналардың қараусыз қалуы − мұның барлығы қазақ отбасындағы үйреншікті проблемаларға айналуда.
Жоғарыда айтылған мәселелерден басқа, барлық отбасы өздерінің өмірлік кезеңдерінде экономикалық, медициналық, психологиялық, заңды және білім алуға байланысты проблемалармен кездесіп жатады. Соның ішінде экономикалық проблемаға тоқталайық. Шындыққа тура қарайтын болсақ, ажырасуға, жастардың өзара түсінбеушілігіне әлеуметтік жағдайдың да қатысы бар. Өйткені, Қазақстандағы өмір сүру деңгейі бойынша отбасы құрылымының негізгі сипаты көңіл көншітерлік емес.
Статистикалық мәліметтер кедей отбасыларын (күнелту минимумы) – 35%, аз қамтылған отбасыларды – 27%, жеткілікті қамтамасыз етілгендер 8%-ды құрайды деп көрсетіп тұр.
Бұдан елдегі жағдайы төмен отбасылар басымдығын көреміз. Демек, бұл – ел экономикасының бірқалыпты еместігінің көрінісі. Сол себепті көптеген жастар жағдайын дұрыстау мақсатында шетел асып кетуге мәжбүр.
Екінші мәселе – психологиялық проблема. Әсіресе, жас отбасыларда көп кездесетін мәселе. Расымен де, адам бір-бірін қатты жақсы көріп тұрса да, психологиялық жағынан сай келмесе, қиындық туғызады. Яғни, үйлі болғанда жұбайының оны бар болмысымен қабылдауы, мінезіне икемделуі, тек жарына емес, отбасымен сыйысып кетуі бәрі-бәрі қиындық туғызады. Сол мәселелерге ақылмен қарап, шыдамдылық таныту керек. Егер де, арада сыйластық, ерлі-зайыптының бір-біріне қолдауы болмаса, отбасы ұзаққа бара алмау қаупі бар.
Үшінші – медициналық проблемалар. Қазіргі уакытта ажырасуға әкелетін негізгі фактордың бірі – ерлі-зайыптылардың бірінің немесе екеуінің денсаулығында кінәраттың болуы. Ата-ана бақытын сезіне алмай жүргендердің көбеюі – қоғам үшін алаңдарлық мәселе. Осы жағдай бойынша тек бір жақты, яғни, әйел адамды кінәлау – өте қате тұжырым. Кінә ер адам жағынан да болуы әбден мүмкін. Бірақ, қазір әр 2 минут сайын бір жаңалық шығуда. Сол себепті, бұл мәселені де дәрігерлер оңтайлы шешуде.
Осы проблемалардың ішіндегі ең қорқыныштысы – отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» сөзі – біреулер үшін ақылға сыймайтын, ал біреулер үшін шындық. Өзіне төнген қауіпті сезіп, күндіз де, түнде де, жауын-шашында да үйден далаға қашып кететіндер үшін шындық, себебі өз үйінен бақыт сезіне алмайды.
Отбасындағы зорлық-зомбылық – бүгінгі күнде отбасы ішіндегі келеңсіз жағдай ғана емес, сондай-ақ тұтас қоғам өмірінің көрінісі. Өйткені, отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық оның тіршілік әрекетін бүлдіріп ғана қоймай, жалпы қоғамның қауіпсіздігін де бұзады.
Ғылыми зерттеу деректері бойынша белгілі бір түрдегі зорлық-зомбылық әр төртінші отбасында байқалады. Кісі өлтірудің жалпы санының шамамен 30 пайызы отбасы ішінде жасалады. Көбіне тұрмыстық себептерге (қызғаншақтық, ішкілікке салыну, бұзақылық) байланысты болып келеді, осыған дейін барлық қылмыстардың жартысы дерлік ұзақ уақыт отбасылық ұрыс-керістердің салдарынан туындау ықтималдылығы көп кездеседі.
Ең өкініштісі, отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шегетін тағы бір санат – балалар. Олар өздеріне қатысты зорлық-зомбылық іс-әрекеттерін жасайтын адамдарға құқықтық жағынан тәуелді болады. Оларды қинаушылар, әдетте, заң бойынша олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға міндетті ата-аналары болған кездер де бар. 14 жасқа дейінгі баланы ата-анасы ұрады. Бұл кейде балалардың өліміне әкеледі, кейбіреулері ата-аналарынан құтылу үшін үйінен кетеді, ал кейбір кәмелетке толмаған балалар жоғалып, оларға іздеу жарияланған. Сан қилы тағдыр…
Өз ұясындағы қатыгез қарым-қатынасты көбінесе 6-7 жастағы балалар бастан кешіреді екен. Туған ата-анасы, өгей әкесі мен өгей шешесі, анасымен бірге тұратын адамдары үнемі ұрып-соғатын мұндай балалардың дамуы баяулайды. Көптеген дене және психоэмоциялық ауруларға шалдығады. Отбасы мәселесі – қоғам дерті. Мұнымен тек бір ғана отбасы күреспеуі керек, қоғам болып жұмылсақ, міндетті түрде жеңеміз!
Ақжан БАҚЫТБЕК,
Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың 1-курс студенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!