Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қауіпті тенденция

06.02.2025, 10:00 157

Қазақ қоғамында отбасы – қасиетті ұғым. Ұлттық дәстүрде  шаңырақтың шайқалмауы, ерлі-зайыпты­лар­дың бір-біріне сүйеу болуы, баланың толыққанды отба­сында өсуі әрдайым маңызды саналған. Бірақ бүгінгі таңда бұл қағида көп жағдайда ескіріп бара жатқандай. Қоғамдағы ажырасу көрсеткіші жыл санап өсіп келеді. Бір кездері өмір бойы бірге болуға серт берген жұптар енді сот табалдырығын тоздырып жүр. Әрбір ажырасудың артын­да сынған тағдырлар, жаралы жүректер мен көз жасы бар. Ал олардың ішінде отбасылық зорлық-зомбы­лық құрбандары – мүлде бөлек тақырып. Өкініштісі, елімізде ажырасу күнделікті қалыпты жағдайға айналып бара  жатыр. Статистикалық  мәліметтерге  сүйенсек,   2023 жылы 120,9 мың жұп неке қиған болса, оның 40,2 мыңы ажырасып кеткен. Бұл әрбір үшінші отбасының ажыра­сатынын  көрсетеді.  Мұның  астарында  не  жатыр?

Сарапшылар  ажырасудың негізгі себептері ретінде экономикалық қиындықтарды, әлеуметтік тұрақсыз­дық­ты, отбасылық  зорлық-зомбылықты,  мәдени  өзге­ріс­терді атайды. Әсіресе, зорлық-зомбылық – қазақ қо­ғамының  үлкен  жарасы. Өткен жылдың соңғы  үш  айында тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа байланысты полицияға түскен арыз-шағымдар саны төрт есеге артқан. Бірақ бұл – тек тіркелген деректер. Ал шын мәнінде қанша әйел, қанша бала өз үйінде соққыға жығылып, моральдық қысым көріп  отырғанын  ешкім  дөп  басып  айта  алмайды.

«ОЛ  МЕНІ  СҮЙЕДІ,  БІРАҚ…»

Толғанай (аты-жөні өзгертілген) үшін үйі – қорған емес, қорқыныш мекеніне айналған. Ол осыдан жеті жыл бұрын үлкен махаббатпен тұрмысқа шыққанын айтады. Басында бәрі керемет болған. Бірақ бірте-бірте ерінің мінезі өзгерген. Алдымен дөрекі сөздер айтылды, кейін соққыға  айналды.

– Ол мені сүйеді, бірақ жүйкесі шаршаса, өзін ұстай алмайды. Менің кінәм шығар деп ойлайтынмын. Бала үшін шыдадым. Бірақ күн өткен сайын жағдай ушыға берді. Бірде ол қатты ұрып, басымды қабырғаға соқты. Сол түні ауруханаға түстім. Сол кезде ғана менің шыдамым таусылғанын түсіндім. Алғашында ел-жұрттың сөзінен сес­кеніп, отбасыны  берік ұстау әйелдің қолында деп, өзімді тоқтататынмын. Кейіннен, өмір – өзімдікі, балаларымның болашағы үшін басымды арашалап қалуға тырысып жүрдім. Ажырасу туралы осы уақытқа дейін ойланбаппын, үш ұйық­тасам  да  түсіме  кірмеген. Алайда, қыз-келіншектерге айтарым, келешектерің – өз  қолдарыңда. Жар таңдауда мінезіне   қарау   маңызды, – дейді  ол.

Толғанайдың оқиғасы – еліміздегі мыңдаған әйелдің басынан өткен жағдайдың бір көрінісі ғана. Көп әйел кү­йеуі түзеледі, «баламыз үшін шыдауым керек» деп ойлай­ды. Бірақ  мамандар зорлық-зомбылық бір рет болса, қайталанбайды  дегенге  сенудің  қателік  екенін  айтады.

Құқық қорғаушы, адвокат Ерлан Серікбаевпен бұл мәселеге  қатысты  пікірлескен  болатынбыз.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың көбі өздерін кінәлі сезінеді. Олар «мүмкін мен дұрыс істемедім», «мүмкін оны ашуландырдым» деп ойлайды. Бірақ бұл – үлкен  қате  түсінік. Зорлық-зомбылық – құрбандардың  кінәсі  емес. Бұл – қылмыс, – дейді  адвокат  Ерлан Серікбаев.

МЕМЛЕКЕТ  НЕ  ІСТЕП  ЖАТЫР?

Қазақстанда   тұрмыстық   зорлық-зомбылықпен    күрес  бойынша  бірнеше  заңнамалық  өзгерістер  енгізіл­ді.  2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге ерекше назар аударып, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жазаны қатайту қажет­тігін айтқан болатын. 2024 жылдың 15 сәуірінде президен­тіміз «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Респуб­ликасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодек­сіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарына қол қойды. Бұл заңдар әйелдер мен балаларды қорғауды айтарлықтай күшейтеді. 21 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісінің төменгі палатасы бекіткеннен кейін Қазақстан Сенаты заң жобасын 11 сәуірде қабылдады. Бұл заң Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аймағында әйелдер мен балаларды қорғаудың жаңа шараларын енгізген бірінші заң болмақ. Заңнама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың директиваларына сәйкес Балалар Құқықтары Жөніндегі Уәкілмен, Парламент депутаттарымен және әртүрлі мемлекеттік органмен бірлесіп әзірленген. Заң осал топтарға қолдау көрсету және зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алу үшін сенімді инфрақұрылымды дамытуға баса назар аудара отырып, бүкіл Қазақстан бойынша отбасылар мен балалардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған деседі. Әйелдер мен балаларға қатысты барлық зорлық-зомбы­лық  актілері  үшін  жауапкершілікті  күшейтетін, отбасы институтын нығайтатын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін арттыратын нормалар енгізілді. Атап айт­қанда, денсаулыққа қасақана жеңіл  зиян  келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқықбұзушылық ретінде танылды. Сонымен қатар, денсаулыққа қасақана ауыр­лығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Оған қоса, неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негіз­делген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-­ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың  адамгершілік,  рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты  қарастырылған.

Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы  құқықтық шараларды күшейтуді жақтады, оны өткен жылы наурызда Ұлттық Құрылтайдың (Конгресс) үшінші отырысында үлкен әлеуметтік зұлымдық деп ерекше атап өткен болатын. Президент 2022 жылғы 16 наурыз­дағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсыр­ғанын жариялаған еді. Мемлекет басшысының бұл мәселемен күресуге деген ұстанымы Үкіметтің азаматтардың негізгі құқықтарын қорғауға деген ұмтылысын көрсететін  жаңа  заңнаманың  нақты  ережелерінен  көрінеді.

АЖЫРАСУДЫҢ  ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ  САЛДАРЫ

Ажырасу – тек заң жүзінде некені бұзу ғана емес, бұл адамдардың өмірінде үлкен өзгерістерге алып келетін шешім. Әсіресе,  балалар  үшін  бұл – қиын  процесс.

Психолог  Камшат  Игембаева  бұл туралы:

 – Балалар  ата-анасының  ажырасуын әртүрлі қабыл­дайды. Кейбірі өзін кінәлі сезінеді. Басқалары ашулана­ды немесе күйзеліске түседі. Егер ажырасу агрессия мен жанжалмен өтсе, баланың психикасы қатты зардап шегеді. Сондықтан ата-аналар бала­ла­рын қорғауы керек Ажырасу әйелдер үшін де, ер адамдар үшін де оңай емес. Көп жағдайда әйелдер эмоционалдық тұрғыдан қиындық көрсе, ер адамдар ажырасудан кейін депрессияға ұшырап жатады. Бұл – қоғамдағы үлкен  мәселе, – дейді.

ҚОҒАМ  ҚАНДАЙ  ӨЗГЕРІС  КҮТІП  ОТЫР?

Ажырасу мен тұрмыстық зорлық-зомбылық­тың алдын алу үшін қоғам деңгейінде үлкен өзгеріс­тер қажет. Бұл өзгерістер заңдармен ғана емес,  адамдардың санасымен де байланысты. Біз әйел­дердің  өз құқығын білуіне, ер адамдардың  жауап­кершілік  алуына, балалардың  қауіпсіз орта­да  өсуіне  жағдай жасауымыз керек.

Ажырасу – отбасының күйреуі ғана емес, адамдардың жаңа өмір бастау мүмкіндігі. Зорлық-зомбылық құрбандары үшін бұл – қорқыныштан  құтылу  жолы. Бірақ бұл жол ауыр, ұзақ, кейде түсініксіз болуы мүмкін. Сондықтан мемлекет, қоғам, жеке адамдар бұл мәселеге бейжай  қарамауы  керек.

Біз бақытты қоғам құру үшін ең алдымен отбасын сақтауға, ал егер сақтау мүмкін болмаса, адамдардың өз өмірін қауіпсіз әрі дұрыс бағытта жалғастыруына көмектесуіміз керек. Қазақстандағы әрбір азаматтың бақытты өмір сүруге құқығы бар. Ең бастысы, осы құқығын ешкім  таптамауы  тиіс.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: