Қоғам құрылысы отбасы, үйлену, балалы болу, баланы тәрбиелеу және тіпті өлім сияқты құбылыстармен тығыз байланысты. Әрбір мәдениетте отбасының құрамдас бөлігі ұйымшылдық, туысқандық, қамқорлық сияқты ұғымдардан тұрады, бірақ этникалық ерекшеліктерге, менталитетке байланысты отбасы туралы түсініктері әрқилы болады. Мысалы, ағылшын мәдениетінде кәмелетке толған балалар міндетті түрде үйінен алыстап, өз өмірін ата-анасының қолдауынсыз жалғастыруы тиіс деп саналады және осы ұғым көптеген шетел отбасылық мәдениетінде кездеседі. Қазақ мәдениетінде отбасы – қоғамның өте ұйымшыл және берік бөлігі. З.Арыстамқұлованың пікірінше, отбасы ұлттың тарихи дамуы мен ұлттық мәдениеттің субъектісі болып табылады. Отбасы «екі жақты Янусқа» (Янус (лат. Ianus) – екі бейнесі бар Ежелгі Римдік құдай) ұқсайды: өткенге қараған бір бейнесі рулық жад сақтау орнына ұқсаса, болашаққа ұмтылған екінші бейнесі мәдени-адамгершілік құндылықтарды ұрпақтарға болашақ бағдар ретінде қалдыратын іспеттес.
Тарихи даму процесінде отбасы мен қоғамның, отбасы мен тұлғаның қарым-қатынасы осы қоғамда үстемдік ететін өндіріс тәсілінің, өмір сүру салтының, қоғамдық қатынастардың, құндылықтар жүйесінің ықпалымен үнемі өзгеріп отырды. Ал отбасылық құндылықтар мемлекеттің қажеттіліктерін қанағаттандыруға, қоғамдық қатынастарды дамытуға және жетілдіруге бағытталған. Ол дәстүр арқылы жаңа ұрпаққа отбасы мен қоғамдағы мінез-құлық үлгісі ретінде беріледі. Қазақтар – көшпелі халық. Сондықтан, қазақ мәдениетінің көптеген ұғымдарында бұл құбылыс өз көрінісін табады. Киіз үй қазақтар үшін баспана және көшуге ыңғайлы үй болған. Қара шаңырақ – қазақтарда отбасының ажырамас бөлігі іспеттес, себебі қазақ ошақ қасы мен шаңырақты ерекше құрметтеп, қастерлеген. Шаңырағына келген қонақты ренжітпей, шақырылған және шақырылмаған қонақтарға жомарт қолдан дәм таттырып, сыйлыққа ұнаған затын таңдауға мүмкіндік берген. Отбасында ер адамның рөлі көшу немесе соғыс жағдайында жерін қорғау болса, әйелдің рөлі аса маңызды болып саналған. Өйткені әйел сөзі «береке», «ошақ», «отбасылық бірлік» сияқты ұғымдармен байланысты болған.
Қазақ халқында отбасын құрудың алғышарты некелесу болған. «13 жас – отау иесі» деп бабаларымыз айтқандай ежелде қазақтар бозбалалық кезеңде некелесіп, отбасын құрған. Қазақтар қызды 13-14 жасқа келгенде ұзатып, 15-16 жасында ер баланы үйлендірген, себебі ерте жастан үйленген бала ұрпағының көп, мықты болып, өмірдің қиындықтарына ерте жастан бейімделеді деп санаған. Некелесу үшін ер баланың отбасы қыз баланың отбасына барып құда түсіп, қалыңмал беріп, қыз жақ жасауын жасап, қызды ұзатқан. Барлық салт-дәстүр өзінің қағидаттарымен өтетін болған. Отбасын құрған жастар жөн-жоралғылардың мәнін тереңінен түсініп, ата-бабалар саралап кеткен жолмен жүріп, балалы болуда да, бала тәрбиесінде де өз отбасынан көрген бірізді тәрбиені ұстанған. Ежелден бала құрсақта жатқаннан бастап абысындары мен қайынсіңлілері «Құрсақ тойын» жасап, жас келіншекке аман-есен босануына тілектес болып, үлкен апа-әжелері бала тәрбиесі құрсақтан басталатынын, қалай күтініп жүруін үйреткен. Әйел босанар кезде «Қазанжарыс» жасап дүниеге келетін баланы жеңіл әрі тез босануына ниет еткен. Бала дүниеге келе салысымен бір-бірінен сүйінші сұрап, хабарын жеткізген адамға сыйлық ұсынған. «Шілдехана» тойын жасап, жаңа туған балаға тілек тілеп, ата-анасының қуанышын бөліскен. Бұл дәстүрлердің барлығы баланың денінің сау болып, құрсақтан қазақы тәрбиені сезінуіне ықпалын тигізген.
Ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар әр отбасында жиі айтылған. Әдетте балалар әже-аталарынан да, ата-аналарынан да үлкен тәрбие алып, сол өнеге мен өсиетті өзінің балаларына мирас етіп қалдырған. Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесінде бірінші дене тәрбиесіне аса назар аударған. Баланың тамақтануы және оның тәртібі, ұйықтау уақыты мен киген киіміне назар аударып, ақыл тәрбиесіне де бейтарап қарамаған. Сұлулық тәрбиесі, құлық тәрбиесінде баланың рухани дамуы мен әдебіне аса мән берген. Осы тәрбиелер үлгісі негізінде халыққа еңбегі сіңген батырлар, ақындар, шешендер мен сал-серілер тәрбиеленіп өскен.
Қазақ отбасы институтының басты құндылығы салт-дәстүр және соны ұстану барысында «қара шаңырақ», «ошақ» ұғымдары бағалы болып, әрбір қадамын дәстүрге байланысты жасап, жетім-жесірлерін жылатпай, ажырасу немесе жалғыз қалудан аулақ болған. Отбасы бірлігі мен берекесі бірінші орында болып, шыққан тегіне сөз келтірмеу отбасылық құндылықтарды сақтаудың негізі болған.
Жас отбасы жас ерекшелігіне байланысты және отбасылық өмірге енді аяқ басқандықтан жақындар тарапынан да, мемлекет тарапынан да қолдауды қажет етеді. Себебі дұрыс бағыт алған жас отбасы – болашақтың жарқын көрінісі, үлгілі отбасы, ал үлгілі отбасылардың көбеюі – мемлекет гүлденуінің кепілі. Жас отбасыларға мемлекет тарапынан тек материалдық жағынан тұрғын үймен қамту, балалы болуға байланысты жәрдемақылар мен төлемақылар төлеу ғана емес рухани қолдау көрсеткен жағдайда адамгершілігі мол, құндылықтарды бағалайтын қоғамды қалыптастыра аламыз.
Әрбір отбасының құндылықтар жүйесі әр адамның құндылықты бағдарынан құралады. Адам құндылықтарының жүйесі – бұл тұлға бағыттылығының орталық компоненті. Оның көмегімен адам өзінің жеке қажеттіліктері, мүдделері, нанымдары тұрғысынан пайдалыдан маңызды емес, пайдасыз нәрседен оңай шектейді. Құндылықтар жүйесі адамның мінез-құлқына белгілі бір тұрақтылықты, тұрақты бағыт пен ұйымшылдықты беріп ғана қоймай, сонымен қатар оның түрлі өмірлік жағдайларда, тұлғааралық қатынастарда, отбасылық өмірде мінез-құлқын анықтайды. Жеке тұлғаның құндылықтар жүйесінен қандай да бір әрекеттерді салыстыру қажеттілігінің саналы негіздемесі болып табылатын қызметтің уәждемесі де туындайды. Тұлғаның құндылық бағдарлары көптеген шешімдерді қабылдау үрдісінде жетекші рөл атқарады.
Қорытындылай келгенде, аталған мәселе бойынша әдебиеттерді, зерттеулерді талдау қазіргі қазақ этносының өкілдеріне отбасылық құндылықтарды құрметтеу, өзінің этномәдени дәстүрлерін жаңғырту және оларды отбасылық өмір процесінде сақтау тән деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Гүлзада АБЕНОВА,
Hapхоз университетінің
Ph докторы,
Айман АЙТБАЕВА,
Қорқыт ата атындағы
ҚМУ-дың доценті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!