Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отбасы құндылығы – бақыт мекені

18.02.2025, 12:15 154

HALYQLINE.KZ

Отбасы – шағын мемлекет деп атаймыз. Отанның іргесі сол отбасы мүшелерінен құралады. Жарысымдылыққа құрылған отбасыда бақыт пен береке орнығады. Әлдилеген сәбидің күлкісі, тәрбиелі ұрпақтың өнегесі көрініс береді. Ислам дінін берік ұстанған халқымыз ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөбере сүйіп, Алланың бергеніне шүкіршілік етіп, ғұмыр кешіп келеді. Мұның басты сыры ақ некені құрметтеп, отбасыны бағалап, құндылықтарды сақтаудан тұрады. Тереңге ой жүгіртсек, отбасыда тату-тәтті өмір сүрудің тетігі исламдағы отбасы құндылығын, имандылық қасиеттерді жақсы білумен келеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биыл дін қызметкерлеріне Бағдарлық баяндамасын жолдап, 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады. Бұл расында үлкен мәні зор рухани бастамаға айналды.

Жалпы алғанда отбасы – қоғамның негізгі тірегі, береке мен мейірімнің бастауы. Ислам дінінде отбасының орны ерекше, өйткені ол тек жеке тұлғаның емес, бүкіл қоғамның қалыптасуына ықпал етеді. Қасиетті Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде отбасының құндылығы айрықша атап көрсетілген» деді ҚМДБ Төрағасы.

Сонау ықылам заманнан бері бабаларымыз шаңырақты шайқалтпай, отбасыны ыдыратпай, ұрпақ сүйді, іргелі ел болды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Некелесу – менің сүннетім. Кімде-кім сүннетімді орындамаса (бас тартса), менен емес. Үйленіңдер. Өйткені мен қиямет күні өзге үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңді мақтан етемін» деп айтқан. Отбасының бақытына, шаңырақтың шаттығына, берекенің бастауына, татулықтың тұрақтылығына бастайтын бірнеше құндылықты сөз ете кетсек…

Әрбір жас шаңырақ иесі әуелі ақ неке қиғаннан бастап, өзара сүйіспеншілік пен түсіністікті әрі сыйластықты алдымен қалыптастыра түсуі қажет. Алла Тағала «Рум» сүресінің 21-аятында:«Сендер үшін жұбайлар жаратып, араларыңа махаббат пен мейірімділік сезімін ұялатты. Ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен ғибрат бар» деп баян еткен. Аталған аят отбасылы жандар арасында сүйіспеншілікпен бірге мейірімнің биік тұру керектігін аңғартады.

Мұсылман адам өзіне Пайғамбар өмірін өнеге тұтады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – адамзатқа үлгі етіп жіберілген жан. Соның бірі отбасылық өмірде ер-азаматтың орнын бізге үлгі етіп көрсетеді. Сахабаларына отбасы мүшелерімен әрдайым жақсы мәміледе болуға насихат еткен. Алланың берген аманатына, яғни жанұя мүшелеріне мейірімділік көрсетіп, оларға көркем түрде қарым-қатынас жасауды айтатын болған. Бір хадисте: «Сендердің ең жақсыларың әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болғандырың» деген (имам Термизи).

Ері әйелін құрметтесе, әйелі ерін ардақтап сыйласа, ондай шаңыраққа Алланың нұры, берекеті түседі. Дана халқымыз:

«Екі жақсы қосылса,

Ай мен күндей жарасар.

Екі жаман қосылса,

Ырылдасар, таласар», – деп қандай жеткізіп айтқан.

«Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген өмірлік тәжірибеден алған сөз бар. Расында солай. Кісі баласының кемшілігі, ашуға бой алдыратын кезеңі болады. Кемшіліксіз пенде болмайды. Әйтсе де, ерлі-зайыпты арасында аз-кем ашу-реніш туындап жатса, бір-біріне оң көзқарас танытып, ашу сәтін жеңе білуі тиіс. Бұл – жақсы адамның сипаты. Кешірімді болу – иманды жанның көрінісі. «Жақсы адамның ашуы – шай орамал кепкенше» деген екен бабаларымыз. Жақсы адамда кек тұрмайды. Отбасы арасындағы өкпе-назды ұмыттыратын ең жақсы қасиет – кешірімділік. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бір мұсылманның өз бауырына үш күннен артық ренжуі дұрыс емес» деген. Отбасыға ең керек құндылық – өзара кешірімді бола білу.

Иә, ерлі-зайыпты арасында мейірім орнықса, кешірімді болу басты қағидатына айналса, ондай отбасыда жақсы ұрпақ тәрбиеленеді. Отбасы құндылығының ең бастысы – дүниеге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеп өсіру. Ұлылардан жеткен сөздің бірінде: «Балаңды тәрбиелеме, алдымен өзіңді түзе. Балаң саған қарап бой түзейді» делінген екен.

Әр ата-ана бала-шағам бақытты болса екен, үбірлі-шүбірлі болсам деп аңсайды, армандайды, мақсат етеді. Қазақ халқында екі жас үйленсе, ең әуелі үлкендерден бата алып беру дәстүрі бар. Ақсақалды қариядай, ақжаулықты әжедей олар да өсіп-өнсін дегені ғой. Ата-ана міндеті дүниеге әкелген ұрпағына жақсы тәрбие беруге міндеттеледі. Тәрбиесіз өскен ұрпақ әке-шешесін ұятқа қалдырып, жүзін жерге қаратады. Мұның алдын алу үшін халқымыз ықылым кезеңнен ұрпақ тәрбиесіне аса ден қойған. Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастардан болған оттан (тозақтан) құтқарыңдар» делінген («Тахрим» сүресі, 6-аят). Бұл аят үлкен жүк артып отыр. Ұрпақтан опық жемеудің жолына үндеуде. Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген екен. Бесіктегі сәбиінің тәрбиесіне мән бәрмеген ата-ана ертеңгі күні өзіне де, отанына да зиянын әкеледі. Мына ғибратты оқиға осыны еске салғандай.

Хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) халифалығы кезінде бір адам оған баласын ертіп келіп: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Мынау менің ұлым. Өзіме қарсы шығып, жапа шектірді» деп шағымданады. Омар балаға қарап: «Құдайдан қорықпайсың ба? Баланың әке-шешеге қарсы шыққанын кімнен көрдің? Ата-ананың ақысын білмеуші ме едің?» деп ұрысады. Бала еш қаймықпастан: «Мүміндердің әміршісі, сіздің айтып тұрғаныңыз – әке-шешенің ақысы. Ал, баланың ата-анасында ешқандай ақысы жоқ па?» деп сұрайды. Омар: «Иә, ата-ананың мойнында баланың да ақысы бар. Ең әуелі үйленерде баласына ана болатын жақсы жар таңдауы тиіс. Тәрбиесіз қызға үйленсе, болашақта туылатын балаға қиянат жасаған болады. Баласы туылғанда, оған жақсы ат қоюы керек. Сосын ес білгенде, оған Алланың кітабы Құранды үйрету қажет» деп санамалап береді. Мұны естіген бала: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Әкем жоғарыдағы айтқандарыңыздың ешбірін орындаған жоқ. Біріншіден, менің анамды құл базардан сатып алған. Оның өткен өмірі белгісіз. Екіншіден, маған қара қоңыз деген мағына білдіретін «Жуал» деген нақұрыс ат қойған. Үшіншіден, Құраннан бір әріп те үйретпеді» деп өз уәжін айтады. Омар баланың әкесіне бұрылып: «Балаңның қиянат жасағанын айтып шағымданасың. Негізінде, сен оған қиянат жасағансың. Енді амал жоқ. Бар жолыңды тап» деп шығарып салған екен.

Отбасы құндылығын арттыратын және бір дүние – ерлі-зайыптылар бір-біріне сый жасап, көңіл күйлерін көтеріп жүру. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, бір-біріңді жақсы көретін боласыңдар» деген. Адамның бір-біріне жылы сөз айтуы бұл үлкен құрмет саналады. Ал кішкентай ғана сыйдың өзі көңілді қуантады, арадағы өкпе-ренішті жояды. Міне, осы аталған құндылықтарға мән берсе, ондай отбасы бақыт мекеніне айналады. Түтіні түзу шығып, шаңырақ шайқалмайды. Балалар бақытты ғұмыр кешеді.

Қайырбек  ОТЫЗБАЕВ,

Қызылорда  қалалық  «Мүсірәлі  ата»  мешітінің  бас  имамы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: