«Өткен күнде белгі жоқ» дейміз. Неге болмасын?! Адам ғұмырының әр белесі санаңда мұрағаттай сақталып тұратынын жоққа шығара алмаймыз. Бүгін сондай ұмытылмас сәттерді ортаға салуды жөн санадым.
1985 жыл. Аппарат жиынында совхоз директоры Шынтас Жалғасбаев сала басшыларына мығым денелі, орта бойлы жігіт ағасын таныстырды. Малкайдар Дүйсенов есімді бұл азамат біздің ауылдың жаңадан тағайындалған парткомы, яғни, партия ұйымының хатшысы екен.
Сол күні жұмыстан соң жаңадан келген партком хатшысы мені кабинетіне шақырды. Бардым. Менің ауылдағы жастар ұйымының белсенді мүшесінің бірі екенімді естігенін айтқан Дүйсенов жастар жұмысын жандандыру жайлы әңгіме қозғады. Парткомның алға қойған мақсатын, ой-жоспарын естігенде елең ете түстім. Жасыратыны жоқ, бұған дейін жастар мәселесі көпшілігіне қағаз жүзінде ғана қозғалушы еді. Бірақ… жаңадан келген парткомның ауылдық мәдениет үйіне жастар үшін «вокалды эстрадалық аспаптар алып береміз, спорт секциясын ашамыз» деген сөзі көңіліме күмән туындатты.
«Әй, қайдам… Мұның «тыз етпе» әдепкі қарқының шығар. Ауылға кім келіп, кім кетпеді?!. Бәрі де осылай елеуретіп бастап, соңынан ізін таба алмай қалатынбыз. «Көше атамандарының» бір-екі «концертін» көрсең, қиялың көзден бұл-бұл ұшар. Музыкалық аспаптар, спорттық бұйымдарды алып бергізуге жоғарыдағы көкелерге шамаң жетсе…» деп ішімнен мысқылдап күліп қоямын…
Бекер күліппін. Парторг өзінің құрғақ уәденің емес, нақты істің адамы екенін дәлелдеді. Көп ұзамай тиісті орынға тілдесіп, музыкалық аппаратура алдыруға сол кездегі құны алтыннан жоғары Кеңес өкіметінің ақшасымен табаны күректей төрт мың сом бөлдірді. Айтуға оңай. Осыншама қаражатты бөлдіруге Малкайдар Дүйсенұлына қаншама тер төгіп, табанынан таусылуға тура келді десеңізші. Ауыл басшылығынан бастап аудандағы талай лауазымды дөкейлердің кабинетін жағалап, жоспарының дұрыстығын дәлелдеп бақты. Дүйсеновтің орнында басқа біреу болса «бұрын үрен-сүренін білмейтін ауылдың жастары үшін басымды ауыртып, біреулерге жаманатты болып қайтемін» деп қолын сілтер еді… Ал Мәкеңнің атаның қаны, ананың сүтімен бойына дарыған дағдысы оған жібермеді. Осылайша сол кездегі Кеңес Одағы аталатын алып мемлекеттің жүрегі іспетті Мәскеу қаласына ауылдан адам жіберіп, музыкалық аспаптар алдырды. Бұл үлкен ерлікке тең игілікті іс болатын.
Парторг мұнымен шектелмеді. Ауыл орталығындағы мектептің бос тұрған спорт залын қайта жабдықтап, «бокс», «самбо» секциясын ашты. Маған «бокс», Салмахан Насыров есімді комсомол комитетінің хатшысына «самбо» секциясына жетекшілік жасауды тапсырды. Қажетті құрал-жабдықтарды облыс орталығынан алдырып, жаттығу жұмыстарының алаңсыз жүруіне Мәкең барынша жағдай жасады. Бокстың әліппесін сол секцияда бастаған Қайрат Дармағанбетов атты бауырымыз кейін бокстан «Спорт шеберлігіне кандидат» нормасын орындады.
Мәдениет саласында да ауыл өнерпаздарының шоқтығы биік болды. Шағын ауылда бірнеше отбасылық ансамбль құрылып, көрермендер қошеметіне бөленді. Дүйсенов ауыл көлеміндегі мекемелер арасында өнер сайысын өткізуді қолға алды. Бұл қадам ауылдың мәдени өміріне соны серпін, тың өзгеріс әкелді.
Сол тұста әр аптаның сенбісі ауыл тұрғындары үшін шын мәнісінде, мереке сынды өтуші еді. Жайшылықта бірі құрылысшы, механизатор, бухгалтер, дәрігер, мұғалім өзге де мамандық иелері концерт барысында мүлде өзгеріп, танымастай түлеп шыға келетін. Сахнаға шыққан ауылдастарымызды қарапайым тұрғын емес, атақты өнер адамдарындай көретінбіз. Бұған дейін еселі еңбегімен көпшілікке танылған «Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоз» аталған ауылымыз Малкайдар Дүйсенов ағамыздың ұйымдастырушылық қабілеті арқасында енді мәдениеті мен өнері арқылы биік белестерді бағындырды. Аудандық көркемөнерпаздар байқауында топ жарып, жеңімпаз атандық. Сол байқаудың ақтық сынында аудандық аурухана ұжымының өнерпаздарымен бақ сынастық. Ауыл өнерпаздарының мұндай үлкен сайысқа алғашқы қатысуы еді. Ал аурухана ұжымы болса құрамында небір мықты өнерпаздары бар, байқауларда шашасына шаң жұқтырмай жүрген саңлақтар. Малкайдар Дүйсенұлының арнайы келіп, сәттілік тілегені, бірнеше сағат бойы тапжылмай отырып, концерттік бағдарламаны тамашалағаны жігерімізді жанығандай. Ақыры азулы қарсыластарымыздан басым түсіп, жеңіс тұғырына көтерілдік.
Арада уақыт өте Малкайдар Дүйсенов көршілес ауылға совхоз директоры қызметіне ауысты. Қимай қоштастық. Арада апта өтпей бір автобус адам болып ағамыздың ауылына іздеп бардық. Мәкең мен Бақыт жеңгей бізді құшақ жая қарсы алды. Туған бауырымызды кездестіргендей әсерге бөлендік.
Біршама жылдан соң Малкайдар Дүйсенұлы Қазалы ауданы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына жоғарылады. Бөркімізді аспанға ата қуандық. «Алмас кездік қап түбінде жатпайды» деген даналық лебіз ойға оралды. Мұнан соң да бірнеше жоғары қызметтің тұтқасын ұстап, абыройға бөленді.
Желден жүйрік уақыт. Міне, Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» Малкайдар Дүйсенов 70 жасқа толды.
«Елі сүйген есікте отырмайды». Саналы ғұмырыңызды туған еліңіздің өсіп-өркендеуіне жұмсаған өзіңіздей азаматтың әр күні өскелең буынға үлгі-өнеге. Аман болыңыз, асыл аға!» дегіміз келеді.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!