Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

БАЗАР һәм МАЗАР: бала бақытын қалай бағамдайсыз?

20.06.2024, 11:40 387

Қазақтың саны көбейіп жатыр. Бірақ, демографиялық өсім қуантқанымен, бала өмірі ше? Жоспарлы жүктілік туралы айтылса, жұрт жағасын ұстайды. «Әр баланың өз несібесі бар» деп ақтарылуға әзір. Ал, көпбалалы отбасында дүниеге келіп, жеткілікті көңіл бөлінбей, көз жұмған кішкентай періштелерді қайтеміз? Отбасындағы әрбір балаға мейірім мен махаббат керек. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» дейміз. Ұрпақсыз өтудің бетін аулақ қылсын. Бірақ, көзге көрінген баланың қалауына қаншалықты құлақ түріп, күлкісіне кепіл болып жүрміз? Жоспарлы жүктілік  үлкен сыйдан бас тарту емес. Керісінше, құрсаққа  біткен  балаға  жайлы  жағдай, қамсыз  өмір  сыйлаудың  амалы.

ӘЙЕЛ – ИНКУБАТОР  ЕМЕС

Әлемде жыл сайын 15 миллион бала шала туады. Ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде бір жылда барлық жаңа туған  нәрестеден  орта  есеппен  20-22  мың  бала мерзімінен бұрын туады. Наполеон Бонапарт, Исаак Ньютон, Альберт Эйнштейн де шала туып, жерде қалмады деп жұбануға болар. Десек те, анатомиялық тұрғыдан дұрыс қалыпт­аспаған ағза ерекше күтімді қажет етеді. Әйел мен сәби денсаулығы алаңдатса, жүктілікті жоспарлау керек. Бұл қиындық пен кедергіні біршама алдын алады. Бірақ, осы тақырыпта сөз қаузалса, ерлер ат тонын ала қашады. Басым бөлігі қарсылық білдіреді. Ертеректе жол үстінде босанып, бірнеше құрсақ көтер­ген аналардың мықты екені рас. Бірақ  қос дәуірді салыстыруға келмейтінін де ескерген лазым.

– Жүктілікті жоспарлаудың негіз­гі мақсаты – дүниеге дені сау бала әкелу. Әйелдер мерзімінен ерте босанбай, мүгедек бала туыл­мауы үшін өмірге қабілетті жүктілікті жоспарлау керек. Мұндай жағдайда ер адамдар әйелдерге ысырып жібереді. Бірақ олай болмауы керек. Бұл баланы қалайтын жұптың емдік-диаг­ностикалық мақсатта немесе профилактикалық, яғни алдын алу мақсатында дәрігердің кеңесіне жүгі­ну  болып  табылады.  Мейлі ерлі-зайып­тының денсаулығы жақсы болса да, гинеколог және уролог-­андролог  маман­дарынан  тексеріс­тен  өту керек.

Баланы жоспарлап жүрген жұптарды сирек көремін. Бізде тек ерлер емес, әйелдер де баланы жоспар­ламай көтереді. Барлығы деп көпке топырақ шашпаймын. Емізулі бала­сымен жүктімін деп келетіндер бар. Ал баласы 6 айлық, 8 айлық, әлі жасқа да толмаған. Жүктіліктен қорғану жолдарын, келесі баланы қалай жоспарлау керектігі жайында арнайы кеңес алмайды. Негізі дәрігер-акушерлер жүктілік кезінде мүмкін­дігінше мағлұмат беріп отырамыз. Тіпті анализіне қарап, жүктілік барысы ауыр өтті, келесі­де денсаулығыңыз жарамайды дейміз. Соған қарамастан арасын ұзатпай тағы боса­нады. Ал әйелдің денсаулығы жоқ. Гемоглобин төмендеп кетеді, оны қалыпқа келтірмейді. Әйелде диаг­ноз, сәбиінде тағы бір диагноз. Кейде әйелдер баланы алдырмаймын деп, күйеуінің қарсы екенін айтады. Сондықтан биоло­гиялық әкесі мен анасының рұқсатынсыз жүкті­лікті үзе алмаймыз, – дейді №3 қалалық емхананың акушер-гинеколог дәрігері  Ә.Сармолдаева.

Әйел табиғатынан әлдеқайда нәзік боп  жаратылған. Босанғаннан  кейін  бала көтеру – ағзаға үлкен жүктеме. Осы орайда сарапшылар минималды уақыт 2,5 жылды құрауы керек деп санайды. Әйел денсаулығы толық қалыпқа келу үшін тіпті 3 жыл мерзім керек. Бала туу арақашықтығын реттеу – нәрестеге қажетті  көңіл бөліп, қамқорлыққа ие  болуына  негіз.

Дінді дәнекер етіп, ойдың жалауы ретінде пайдаланады көбі. Әйтсе де, жүктілікті жоспарлау шариғатқа да қайшы емес. Бұл туралы облыстың бас имамы Дастан Құрманбаев айтты.

– Ислам дінінде отбасын құру, өмірге ұрпақ әкелу құп көрілген істерге жатады. Құран Кәрімде «үйленің­дер», «жастарыңды үйлендіріңдер» деген бұйрық көп. Сол сияқты пайғамбар хадистерінде де үйленуге, ұрпақ көбейтуге қызық­тыратын мәтіндер көп кездеседі. Пайғамбарымыз «Үйленіңдер, көбейіңдер. Мен сендердің көптіктеріңмен мақтанамын» десе де, сахабаларға жүктіліктен сақтануға рұқсат берген. Бұл жайында имам Бұхаридің  «Хадистер жинағында» кездеседі. Оған ата-ананың денсаулығы, дайындығы сынды себептер болуы мүмкін. Жалпы алғанда шариғатта жүктілікті  жоспарлауға  рұқсат, – деді  ол.

Бұл ата-ананың саналы әрекеті мен байыпты байламынан туын­дай­ды. Иә, бала көтеру және туу – әйелдің ғана емес, ерлі-зайыптылардың ортақ міндеті. Жүктілікті жоспар­лауға әкенің белсенді қатысуы өзі үшін де, әйелі үшін де, әлі өмірге келмеген  нәресте   үшін  де  маңыз­ды.

«БАТЫР  АНА»  немесе  ШАРАНА АҢСАҒАН  ШАҚ  ҚАНДАЙ?

Кейде қоғам таңып берген түсі­нікке бас ұрамыз. Мәселен, көп бала босанғанды «батыр ана» дейді. Бірақ, сәбиді құрсағында тоғыз ай көтеріп, жанын шүберекке түйіп босанатын әйелдің қай-қайсысы да бұл атауға лайық. Мейлі, бір бала туса да батыр. Мәселе – бала санында емес, оның  қамсыз шағы мен бақытты сәті жайын­да. Әлеуметтік жағдай әуселені байқатқанда, баланы әу бастағы несібе асырайды деу – өрескел ой. Ал материалдық мәселені былай қойғанда, бұдан басқа факторлар жетіп артылады. Тұңғышының соңынан бәрін топырлатып, бір-бірін бағып өсіреді, бірінің киімін бірі киеді деу де теріс түсінік. Қазір заман басқа. Оның үстіне тұңғышы, ортаншысы, кенжесі деп бөлудің қажеті жоқ. Бәрі – бала, әрқайсысының есейгенде еске алатын балалық шағы болу керек. Тұңғышы  үйдің үлкені ретінде ізінен ергендерге қамқорлық танытқаны жөн. Бірақ, ата-ана емес, бауыры ретінде. Әркімнің өз рөлі бар.

– Көпбалалы аналарға еш қарсылығым жоқ. Алайда, балалар бір-бірін  бағып,  тартып,  өсіріп жеткізеді деген қағидаға қарсымын. Барлық баланың да өз несібесі бар. Көптігі­нен жоқтық көріп кем болмас. Аман-есен бойжетіп, ержетер-ау. Бірақ ата-анасымен етене жақын болмағандықтан, ішінде айтылмаған, шешілмеген қанша шие­леніс болады. Оның үстіне, қазір бұрынғыдай ішіндегісін сыртына шығармай бүгіп, аузын ашып жүріп өзімен-өзі өсетін бала жоқ. Қазіргі балалар өте қуатты. Біздің де оларға сондай  қуат шығындағанымызды талап етеді. Себе­бі, олардың алдынан күн сайын мыңдаған ақпарат өтеді. Бүгінгінің балалары сол толассыз ақпаратты қорытып үлгеретіндей жылдамдықпен ойлап, түйсінетін болғандықтан олар өте эмоционалды, өте ширақ. Сәйкесінше, тез шаршайды, тез күйзеледі. Бұл балаларға ата-­ана тарапынан үлкен қолдау қажет. Оларға ылғи жанынан табылатын өзінің «жеке анасы», «жеке әкесі» болуы керек. Сондықтан, біреуін екіншісіне тапсырып қойып бақытты бала өсірем деп ойламаңыз­дар. Жетістігіміз тек бүгінмен емес, балаларымыздың  ертеңімен де өлшенеді.

Маған консультацияға келген жандардан, директке жазылған хаттардан баланы белгілі бір мақсатпен дүниеге әкелгендерін көремін. Бала сізді, отбасын бақытты ету үшін дүниеге келмеуі тиіс. Ол дүние­ге келместен бұрын бақытты болып отырған отбасына қонаққа келу керек. Ол сізді құтқармайды. Сіз оның әдемі әлемін бүкіл адамзаттан қорғап өтуіңіз керек, –  дейді пси­холог  Д.Болат.

Расымен, баланы босану қаншалықты ерлік болса, өмірінің жап-­жарық болуы да соншалық жауап­кершілік жүктейді. Ата-ананың баланың басынан сипап, пікірлесуі, қалауына қажетінше құлақ түруі маңызды.

– 7 баланың анасымын. Бәрін жеңіл босандым. Жолдасым екеуміз жүктілікті жоспарладық. Әр баланың арасы 2 және 3 жас. Өзімнің және бала­ларымның денсаулығында кінәрат жоқ. Қазір олар есейді. Бір-бірімен бауырмал әрі көпшіл. Балалық шағы да жақсы өтті. Тамағы тоқ, көйлегі көк. Әжесінің де тәрбиесі мен қолдауын көріп өсті. Ата-анасы ретінде ұл-қыздарыммен еркін әңгімелесіп, ойын білуден қашпадық. Бүгінде бірі қызметте, бірі оқуда, үлкен қызым тұрмысқа шығып,  неме­релі болып отырмын. Жастарға кеңес айтқым келеді. Бір баламен де шектеліп қалуға болмайды. Ата-­ана ретінде жауапкершілікті сезінсе, отба­сылық мәселені ой-санасынан өткізе алса, көпбалалы болудың бақыты  бөлек, –  дейді  А.Уәлихан.

ПЕЙІШТЕГІ  ПЕРІШТЕЛЕР

Соңғы уақыттағы жайттар төбеден жай түсіргенмен бірдей болды. Жоғары қабаттан балаларын итеріп, соңынан өзі секіруге ұмтылған ана. Бұдан бөлек, қос баласын тұншықтырып өлтірген ананың оқи­ғасы да ойландырады. Әрқайсысының өз шындығы, жанын жегідей жеген уайымы бар шығар. Бірақ, бала – жанұядағы жанжалдың құрбаны  болмауы  тиіс.

Сәби дүниеге келгенде асырап бағу, бала шақтан болашаққа де­йін қамтамасыз ету – ата-ананың міндеті. Көпбалалы болып, көсегесі көгеріп отырғандар бар. Бірақ, қаржының жетіспеушілігі қамсыз өмірдің шырқын бұзатыны анық. Сондықтан, қаржылық жағдайды реттеп, аяқтан нық тұрған соң жүктілікті  жоспарлаған  артық  етпейді.

2019 жылы Астанада болған оқиға елді елең еткізді. Бір үйдегі бес қыз­дың қазасы көңілге қаяу, жүрекке жүк түсіргені рас. Үлкені 12, ал кенжесі тоғыз айлық болған. Жер үйде өрт болғанда, қыздардың ата-анасы жұмыста болған екен. Ал көршілері бұл отбасының баспанасы болмай, балаларын  асырау  үшін түнде де жұмыс істейтінін айтып, пікір білдірген.

Өрттің тілсіз жау екені ақиқат. Тура осындай оқиға 3 жыл бұрын облысымызда да болды. Көпбалалы отбасы жалдап келген шағын баспана өртке оранған. 4 қызын терезеден шығарып, апаттан аман сақтаған ана бесіктегі бесіншісін құтқаруға үлгермеген. Ал жолдасы іссапарда болған көрінеді.

Тізбектеп отырсақ, мұндай дерек көп. Тиісінше, мұның бәрі жүктілік пен қаржыға ғана қатысты емес. Ата-ананың бала қауіпсіздігіне қалай қарайтынында. Апаттың айтып келмейтіні анық. Өткен жылы Аягөзде болған өрт төрт баланың өмірін жалмады. Балалар үйде қараусыз қалып, 8 жастағы егіз бен 2 және 3 жастағы бауыры оқиға орнында қаза болған.

Ал, өткен айда Түркістан облысында үш жастағы бүлдіршіннің есік алдында  ойнап  жүріп, із-түссіз жоғалып кеткені хабарланды. Үш күннен кейін денесі көршісінің дәретханасынан табылып, бүлдіршін жер  қойны­на  тапсы­рылды.

«БАЛА  ӨЛТІРМЕЙДІ»  және ҮКІМЕТТЕН  КҮТКЕН   ҮМІТ

Бала – мемлекеттің байлығы. Құқығын аяқ асты етпей, қорған болу да – мемлекеттің  негізгі  мінде­тінің бірі. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 18 жас­қа дейінгі балалар саны 6 841 527-ні құраған. Иә, үкімет көпбалалы отба­сы­ларға  көңіл бөліп, жәрдем­ақы мен  жеңілдік қарастыруда тартын­ған емес. Биылдан бастап жәр­дем­ақы  мөлшері  көбейді. Мәселен, төрт  бала­ға  –  59 183 теңге, бес  ба­ла­ға – 73 988 теңге,  алты  балаға –  88 793 теңге, жеті балаға  103 598 теңге  бе­ріледі. Ал, сегіз және одан да көп  бала­сы  бар  отбасыларға – ай са­йын әр балаға 4 АЕК, яғни 8 балаға 32 АЕК (118 144 теңге) төленеді. Сонымен қатар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» сынды ордендермен марапатталған көпбалалы аналарға бөлек жәрдем­ақы бөлінген. Әлеуметтік баспана алуға және салық төлемеуге мүмкіндік қарастырылған. Көпбалалы отбасыдан шыққан оқушыларға да мектеп пен балабақшада жеңілдіктер көрсетілген. Қазір табыс көзін кәсіптен тауып отырғандар бар. Бұл бағытта  көпбалалы отбасыларға бизнес идеясын іске асыру үшін грант беріледі. Мәселен, өткен жылдың  басынан бастап 4 963 көпбалалы  отбасы грант иеленсе, биыл 9  мың  грант  беру  жоспарланған.

Жәрдемақы мен көрсетілетін көмек батпандай байлыққа кенелтпесе де, ай сайын бала қажеттілігін қамтамасыз етуге жарайды. Бірақ, баспана  алуды оңтайландыру, кә­сіпті дөңгелетуге берілген мүмкіндік жаман емес. Содан болар, кей от­басы қапы қалмас үшін төртінші неме­се бесінші баланы жоспарлайды. Негізі үкіметтен бөлінетін көмектен басқа, ата-ана да баласына жайлы жағдай жасауға  міндетті.

Бала – құрал емес, тұлға. Кез келген жағдайдан, тығырықтан алып шығатын тетік ретінде қарастырудың жөні жоқ. Махаббаттан туған сәби мейірімге қанып өсу керек. Баланы қамтамасыз етумен қатар, рухани өсуіне де ықпал еткен абзал. Әсіресе, анадан берілетін күй бала­ға әсер етеді. Бұл туралы психолог Н.Темір­ғалиева  да  сөз  қозғайды.

– Әлеуметтік жағдайдың  қиындығы көпбалалы аналардың психологиясына міндетті түрде әсер етеді. Себебі, ондай әйелдерде стресс көбейеді. Өзіне көңіл бөлуге мүлдем уақыт қалмайды, ашуын балалары­нан алады, шаршағандықтан, уақытында демалмағандықтан, ұйық­тай алмағандықтан ағзасында гормоналды өзгеріс болады. Баланың жас ерекшелігі, дамуы, әртүрлі кезеңнен өтуі, мұның бәрі – әйелге қосымша стресс. Соның салдарынан өз бала­ларына көтерілген агрессия үшін әйел өзін кінәлі сезіне бастайды. Мен жақсы ана бола алмадым, вундеркинд немесе талантты бала тәрбиелеу қолымнан келмеді деп на­лиды.

Сонымен қатар, ата-ана баласына жеке тұлға ретінде құрметпен қарама­ғандықтан  бала да жеке тұлға ретінде  қалыптаса алмай қалады. Соның  салдарынан бала үнемі үрейде,  мазасыздықта болады, мектептегі сабақ үлгерімі төмен, басқа адамдармен тіл табысуда қиналады. Жеткіншек немесе жасөспірім кезінде қайғыға, депрессияға немесе зиянды әдеттерге бейім болады, жетістікке жете  алмайды, – дейді  ол.

ТҮЙІН.  «Қашан  туасың?» Жаңа  шаңырақ  көтерген жұпқа  жұрттың  жаңылмай қоятын сұрағы. Тұңғышын босанса, «екіншісі қашан?» деп тағы білгісі келеді. Әрине, бір бала мен көп баланың бір-бірінен  артықшылығын  айтып, бөліп отырғанымыз жоқ. Тек, бала санын есептеп жүргенде, әйел мен сәби саулығы, баланың бал шағы, дамуы мен  тәрбиесі  тасада  қалмаса дейміз.

Замира  ҚОНЫСЖАН

Коллаж aikyn.kz сайтынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: