Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бауырластық қасиет жоғалмасын!

05.03.2024, 9:45 283

HALYQLINE.KZ

Бауырластық қасиет бір әке-шешеден өрбіген адамдардың қарым-қатынасы аясынан шығып бүкіл халыққа, туған елге, Отанға деген сүйіспеншілікке ұласып жататыны ақиқат. Урбанизация, яғни ауылдан қалаға көшу үдерісі осындай қымбат қасиеттерімізге айтарлықтай нұқсан келтірді.

Қала тіршілігі қазақ өміріне орасан өзгерістер енгізді. Ауылдағы тіршілік бір басқа, онда жақындық, туыстық, бауырластық, ағайынгершілік қасиеттер менмұндалап тұрады. Ал қала тіршілігі мүлде өзгешелеу. Қала халқының құрамы да әрқилы. Үнемі уақытқа, жолға тәуелдісің. Балаларыңды балабақшаға, мектепке тасымалдау, үйірмелерге апару, жұмысқа үлгеру, ақша табу үшін қосымша жұмыстар атқару, түрлі бағдарламаларға қатысу, өзіңді рухани жетілдіру, т.б. толассыз шаруалар тынбайды. Әупірімдеп сенбі, жексенбіге әзер жетесің. Мұндайда өзіңмен-өзің демалғанды жөн санасаң да көп уақыт не қонақ шақырумен, не қонаққа барумен өтеді. Бірақ бауырластықты жоғалтып алмау үшін бұл да керек.

Қала өмірінің ерекшеліктері жетіп жатыр. Анда-санда телефонмен хабарласқаның болмаса туыстармен күнде көрісе алмайсың. Жақының болса да біреудің үйіне бару үшін алдын ала телефонмен хабарласып келісесің. Тосыннан бару – жоқ. Оқыстан бара қалсаң, іздегендеріңді орнынан таппай қалуың да кәдік. Өзге түгіл өз үйіңе кіріп-шыққан сайын пәтер есігін құлпылап жүруге мәжбүрсің. Осындай күрделі жағдайлар қазақ мінезін, тіршілік дағдысын өзгертті, әдет-ғұрпына да әсерін тигізіп жатыр.

Бүгінде ағайынның басы не торқалы тойда, не топырақты өлімде ғана қосылады. Жастар мұндайда көбіне ұмыт қалып жатады. Жаһандану кезеңіне біз әлгіндей теріс құбылысқа қалай қарсы тұра аламыз? Туыс түгілі ата-анасымен араласпайтын орыс мінезге қандай қасиеттерімізді қарсы қояр едік? Қарап отырсақ, қатыгез мінезге қарсы қояр жалғыз қаруымыз бауырластық, ата-анаға құрмет екен.

Бір қалада тұрса да ағайынды кісілердің балалары бір-бірімен сирек көріседі. Бұл – туыстық жібін ширатуға емес, босаңсытуға соқтыратын дүние. Ұлттық тұрғыдан қарасақ, уақыт солай екен деп қазақи салтымызды ұмытуға тағы болмайды. Жау келіп қалғанда «Атасы басқа аттан түс, атасы бірге атқа мін» деп туған баласын түсіріп, бауырын атқа мінгізетін мінез қазір жоқ. Алайда Алла тағала күллі мұсылман баласын бір-біріне бауыр етіп қойғанын ұмытпайық. Алла елшісі Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Бухариден жеткен хадисінде: «Кім ризық-несібесінің мол және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын» деген. Тіпті садақаның өзін жағдайы жоқ жақын туыстарға бергені дұрыс саналады.

Мұсылманшылықта бауырдың бауыры алдында алты міндеті көрсетілген. Олар: бауырдың берген сәлеміне жауап беру, оның шақырған жеріне бару, егер бауыры кеңеске мұқтаж болса, онда оған шынайы кеңес беру, егер бауыры түшкіріп, «әл-хамду лиллә» (Аллаға шүкір) десе, оған «ярхамука Алла» (Алла сені жарылқасын) деп жауап беру, егер ол ауырып қалса, оның көңілін сұрау, егер бауыры қайтыс болса, оның жаназа намазына қатысу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мұсылман бауырымен үш күннен артық араздаспайды. Араздасушы екеудің жақсысы – бірінші боп сәлем бергені» дейді.

Ал қазақи бауырластық іс жүзінде бұдан да қастерлі. «Бармасаң, келмесең – жат боласың, алмасаң, бермесең – сарт боласың». Ағайын арасында түйіншек, дорба, «презент», «пакет» сияқты үзір жүрсін дейді. Мұндай «внимания» да ағайын арасын жақындатады. Бұл, әрине, ең алдымен абысындар институтына жүктелер міндет.

Бауырластық қасиетімізді күшейту үшін бұдан басқа тағы не істеуге болады? Ол үшін ағайын-туыстың балаларын бала екен демей әдейілеп қонаққа шақырып мейман ету, киноға немесе театр қойылымына апару, сөйтіп бір-бірімен араластыру қажет деп ойлаймын. Немере бауырлардың осындай форматтағы кездесулері ұлттық бірлігімізге қызмет етер еді.

Бірқатар шаңырақта балалар әкесінің емес анасының төркініне, яғни нағашыларына жақын болып барады. Бұл да – ағайынгершілік тұрғысынан алғанда үлкен проблема.

Нағашысы атасы мен нағашы әжесінің қолында өскен балалар туған ортасында өзін жат сезінеді. «Жатырқау – жаттың ісі, жақындау – Хақтың ісі» демекші, әйелдің күйеуінің алдындағы төрт міндетінің бірі – күйеуінің абыройы мен ата-енесін құрметтеу десек, осыдан өрбитін нәрсе – өз балаларын күйеуінің бауырларына, немере бауырларына жақын ету. Бұл да – бір Алланың әйелге берген аманаты.

Сондықтан да «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» дейді қазақ. Ағайынды жат етпеу әйелдердің, бүгінгі келіндердің қолында. «Алладан қорқыңдар, туыстық қатынасты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы» дейді қасиетті Құран и Кәрімде («Ниса» сүресі, 1-аят). Ал келіннің жақсы-жаман болуы – ағайындардың тәрбиесінен.

Кейде ағайын арасын сөз, әлдебір әділетсіз әрекет немесе жөнсіздік бұзады. Кейбіреулер шалқақтап, керігіп қалады. Туындаған осындай жағдайда айыптыны іздеуге болмайды. Мұндайда ең дұрысы кім бірінші болып кешірім сұраса, соныкі дұрыс болады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жиендері Хасан мен Хұсайын әлдебір нәрсеге ренжісіп қалғанда көбірек сауап алсын деп кешірім сұрау ретін бір-біріне ұсынғаны еске түседі.

Қазақтың ертеңі – қатыгез жатбауырлықта емес, бірегей бауырластықта! Осыны ұмытпайықшы?!

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

Facebook-тегі  парақшасынан.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: