Дина – үйінің кенжесі әрі жалғыз қыз. Ерке өскен қыздың айтқаны әп-сәтте орындала кеткендігіне әбден бойы үйренген. Ауылда өмірге келгенімен ата-анасы 3 жасында жұмыс бабымен қалаға қоныс аударып, сонда бойжетті. Әкесі әскери қызметкер болды. Анасы үй шаруасында. Балаларын бағып, ерінің бабын жасап отырған әйел еді. Динадан үлкен екі ағасы болды. Содан да болар әкесі оны «бір тал гүлім» деп еркелететін. Жан-жағынан мейірім мен жылылық сезініп, қамқорлыққа бөленіп өскен Дина өте ерке, шаруаға епсіз еді. Мектептегі сабағы жақсы еді. Оқуын «Алтын белгімен» бітірді. Туризм саласы бойынша мамандыққа оқуға түсті.
Санжар екеуі оқу орнындағы алғашқы білім күні кездейсоқ танысқан. Жаңадан таныс болған үш құрбысымен Дина оқу орны жанындағы асханада сабақтың жайын талқылап, таныстық орнап, шай ішіп отырған. Кенет қарсы беттегі столда отырған жігіттер еш рұқсат сұрамай қастарына келіп отырды. Бұған қыздар ыңғайсызданып орындарынан тұрып кетпек болғанда, жігіттердің бірі Динаның қолынан ұстап алып жібермей қойды. Өжет қыз жігітпен қарсыласып әлек болып жатқанда тыстан кірген Санжар бұларға араша түсті.
– Е-е-е, не істеп тұрсың сен-а! Жібер қане қолын!
– Әй, боқмұрын, сен кімсің-а, маған бұйрық беретін. Бар, жөніңе кет!
– Мен оның ағасымын. Қане, жібер қарындасымды, әйтпесе ісім сенімен болады, – дей салды.
Әлгі жігіттердің мысы басылып, қыздарды еркіне қоя берді. Қыздармен тысқа ілесе шыққан Санжар:
– Қыздар, сендерде бәрі жақсы ма? Әлгі жігіттер ештеңе істеп қоймады ма? Қане, қолыңды берші, көрейін. Білегің көгеріп қалған сияқты, – деді.
– Рақмет сізге, әйтпесе әлгі тәрбиесіз балалар бізге тап бермек еді тіпті, – деді аққұба келген қыз.
Осы сәттен бастап Динаның жүрек түкпірінде Санжарға деген жылылық пайда болды. Олар жиі ұшырасып жүріп, бір-бірімен дос болып кетті. Кейін осындай әдемі сыйластық кіршіксіз махаббатқа жалғасты. Дина Санжардың ауылдың баласы, шаңырақта қалатын жалғыз ұл екендігінен хабардар болса да, бәрінен ұлы махаббатты биік қойды. Санжар туралы анасына да айтты. Анасы қызының ерке, шаруаға епсіз екендігін білетін болған соң «ауылдың баласына жар болсаң, қалай болады?» деген қорқынышының да жоқ емес екендігін сездірді. Бірақ бұл кезде Динаның көзі Санжардан басқаны көрместей, құлағы естіместей еді. Осылай жүріп қызыққа толы студенттік өмір де аттай зулап өте шықты.
Санжар Динаға оқу бітірген соң үйленгісі келетінін айтқан. Дина аз уақыт болса да дипломның кәдеге асқанын қалады. Ал Санжар оқу бітірген соң қалада тұрақтап қала алмайтынын, ауылға қайту керектігін түсіндірді. Не керек, жастар диплом алып, мәре-сәре болып жатыр.
– Дина, ертең мен ауылға қайтам. Диплом алу құрметіме ауылда ата-анам достарыма той жасап бергелі жатыр. Сен де менімен бірге ауылға барсаң деп едім. Сені ата-анаммен таныстырғым келеді.
– Білмеймін. Ауылға баруға әкем рұқсат бермейді. Оның үстіне ата-анаңмен танысуға ұяламын.
– Ой, неменеге ұяласың, олар қарапайым ауыл адамдары. Өте жақсы адамдар, еш ыңғайсызданба, тез үйреніп кетесің. Ауыл алыс емес қой, көлікпен 3 сағаттық жер. Кешке өзім қалаға қайта әкеліп тастаймын.
Дина келіскендей болды. Бірақ іштей қорқақтай берді. Апасынан сұрап еді, қызының көңілін жыққысы келмеді ме қайдам, таңертең барып, кешке дейін қайтып келуге рұқсат берді.
Жаңа көлік тасжолмен жүйткіп келеді. Санжар ерекше көңілді. Дина болса сәл ыңғайсыздық сезімі бойын билеп, көңілі түсіңкі отыр. Ауылға да келді. Санжар өзі ойнап өскен қыраттар мен сай-саланы таныстырып келеді. Анадайдан оның үйі көрінді. Есік алды толы адам. Шуласқан бала. Музыка. Динаның жүрегі аузынан шығардай дүрсілдеп кетті.
– Санжар, не болып жатыр?
– Дина, кешірші! Тап осы жерге дейін саған айтуға батылым бармады. Мен сені қалада қалдырып кетіп, ауылда жүре алмаймын. Сені шын сүйемін. Сенен жырақтағым келмейді. Мәңгі бірге болайық. Некелі жарым бол.
Көз жасына ерік берген ерке қыз көлік ішінде бұлқан-талқан болды.
– Бұл қалайша? Қыз бен жігіт болып жүрген бір бөлек, отбасы болу мүлде бөлек нәрсе. Мұндай шешімді сен жалғыз қабылдай алмайсың.
– Иә, қазір сен менімен қол ұстасып мына босағадан аттасаң, мәңгі бірге боламыз. Егер жоқ дейтін болсаң, мен сенің алдыңа қайта бармаймын. Махаббат та, сезім де бәрі қалады. Екі жаққа кетеміз.
Егіліп жылаған Дина бойжеткендік алаңсыз шағын келіндік өмірге алмастырғысы келмей, көлік ішінде ұзақ отырды. Сонан соң ғана жүрек қалаған жанмен қол ұстасты. Осылай Дина әп-сәтте Санжардың жары атанып, үлкен шаңыраққа келін болды.
Санжардан үлкен 4 әпкесі бар еді. Олардың бәрі тұрмыс құрып кеткен. Бұл кезде ата-анасы да қарттыққа бет алған алпыстан асқан жандар болатын. Иманды, артық ауыз сөзі жоқ, парасатты адамдар болды. Бастапқыда Дина үшін сиыр сауу, даладағы ошаққа от жағып тамақ пісіру, көше басындағы бұлақтан су тасу сынды жұмыстар қиындық тудырды. Шаруаға епсіз ерке келінді енесі еркелете жүріп үй тірлігіне үйретті. Сүйріктей ақ саусақтары тілімденіп, қолдары жарылып кетті. Кешкілік жатарда жайланып, қолына май жаққанда әлгі тілім-тілім қолдары дуылдап удай ашытқанда «өмірім не боп кетті» деп өксіп жылайтын. Санжар болса жарына бәрінің уақытша қиындық екендігін айтып жұбатты.
Уақыттан жүйрік жоқ. Жылдар жылыстап, бұлардың тұңғышы өмірге келді. Бұл шақтар жас анаға тіпті де қиын болды. Қарт ата-ене, үй шаруасы, оған қоса сәбиі бар. Атасы да сәл науқастанып жүрген, күтім керек. Бірде Дина ауылдың ауыр тірлігінен шаршап, ата-енесі мен жолдасына туған үйіне біраз уақытқа барып келсем деп сұранды. Бірақ түпкі ойы біржола ажырасу еді. Олар рұқсатын берді.
Дина баласын алып қалаға келді. Ата-анасы қыздары мен жиенін құшақ жая қарсы алды. Мәре-сәре болып отырған шай басында әкесі:
– Қызым, Санжар неге сендермен келмеді, – деді.
– Жұмыстары бар, оның үстіне атам сәл ауырыңқырап жүр…
– Құда ауырып жүр ме? Онда неге келдің, балам-ау?
– Әке, сіз не мені сағынбағансыз ба? Талайдан бері келгенім осы ғой, – деп бұртиып қалды.
– Неге сағынбайын, қоңыр қозым-ау! Бірақ сен сол елдің адамысың. Төркіндеп келерде өз үйіңнің жағдайына қарап, жайлы етіп келу керек. Әрі қыз баланың төркінге жолдасынсыз жалғыз келгені жарамас. Сондықтан менің сөзімді дұрыс түсін, – деді.
Шай ішіп тарқасып, анасы мен қызы оңаша қалды.
– Қызым, жүдеп кетіпсің ғой, жағдайың жақсы ма? – деп сұрады анасы. Дина көздері мөлдіреп, тығылған жасты анасына көрсетпей сығып алып, ұзақ үнсіз отырды.
– Апа, шынымды айтсам бәрінен шаршап кеттім.
Мұны естіген анасы бар тірлігін тастап, қызының жанына жайғасты.
– Бұл не сөзің, жарығым-ау?
– Ауылда өмір сүру қиын екен. От жағамын, су тасимын. Кәрі ата-енем бар, мал сауамын, бала бар. Әбіржіп кеттім. Бұдан артық тұра алмаймын онда. Ажырасамын.
– Қой қызым, мұндай сөзіңді мен естімедім. Енең мазаңды ала ма? Әлде күйеуің ұрып-соға ма? Қарның аш, киімің жоқ па?
Бұл сұрақтардың бәріне Дина басын шайқап жауап берді.
– Ендеше шаңырағыңды бұзуға сол ауылда тұрғаның, үй шаруасының ауырлығы себеп пе?
Динада үн жоқ.
– Қызым, Санжар екеуің бір-біріңді өздерің таптыңдар. Сені біз жатжұрттық бала ғой деп өз үйіңде бетіңнен қақпай еркелетіп өсірдік. Бірақ енді сен мойныңда жауапкершілігің бар ересек адамсың. Бір отбасының келінісің. Ер-азаматтың жарысың, енді міне, анасың. Отбасын құру баланың ойыншығы емес. Кез келген жанұяның қиындығы болады. Ол мейлі ауылда тұрсын, мейлі қалада тұрсын. Қайта қасыңда иманды, жақсы адамдар бар. Соған шүкір де. Мен де ауылда келін болдым. Сен кешкен қиындықты мен де көрдім. Одан жаман болып кеткен жоқпын. Үлкеннің «бақытты бол» деген батасын алдық. Біздің де отбасымызда қиындықтар болды. Оны сендерге сездірген жоқпыз. Сондықтан құлыным, мұндай жаман ойды ойлама, қиындыққа сына берме. Бәріне жеңіл қара. Әлі-ақ осы күндерді күліп еске аласың. Балаға ана керек. Дәл солай әке де керек. Енді сен тек өзіңді ойлап шешім қабылдай алмайсың. Мына бұзық үшін де жауаптысың, – деген анасы қызына ақылын айтты.
Екі күн төркінде демалған соң анасы:
– Динажан, ақылдым, үйде қарт енең бар, атаң науқастанып жүрсе қиналып жатқан шығар, ертең үйіңе қайта ғой. Ұят болады. Санжар да баласын сағынған шығар. Әкең де, мен де саған тілекшіміз. Бізге аман, жыламай жүрсең болғаны, – деді.
Дина апасының ақылын құлағына құйып, бар ойын өзгертті. «Қайтып келген қыз жаман» деген анасы қызына ажырасудың жақсы атақ, абырой әкелмейтіндігін мейлінше түсіндіріп бақты. Дина да енді бұл үйге қонақ ретінде ғана келе алатындығын, өз үйінің ауылда екендігін түсінді.
Динаның төркінінен тез оралғанына мұндағылар да қуанды. Санжар байқап жүр. Жүзі жадырап, шырайы кіріп қалған.
Содан бері 15 жыл өтті. Қазір Дина ауылдың тұрмысына үйренген, қалаға барса ауылға қайтқысы келіп у-шудан басы ауыратын болған. Ауылдың тұрмысы да бұрынғыдай емес. Қазір дамыған. Газбен жылып, әр үйге су келіп тұр. Анасы айтқандай тұрмыстағы уақытша қиындықтарды қазір балаларына күліп айтып отырады. Санжар екеуі қара шаңырақты құлатпай, ішін жанға толтырып, бай-қуатты тұрмыс кешіп жатыр.
Қазірде отбасын құрып, көп өтпей-ақ екі жаққа кетіп жататын жұптар көп. Оларға ата-аналары да тоқтау, ақыл айтудың орнына «Ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деп қабылдайды. Осылайша шайқалған шаңырақ пен тірі жетім атанған өміріне өкпелі бала көбейіп жатыр. Осы әңгіме қыз өсіріп отырған аналар мен болашақ келіндерге өнеге болса деймін.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ,
Арал қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!