Кез келген адамның жан дүниесінде өкініш деген сезімнің болатыны сөзсіз. Ол сезім ылғи ойыңда тұрып, жағымсыз көңіл күй қалыптастыратыны да белгілі. Ол сәтті басыңнан өшіріп тастай алатын мүмкіндік болғанын қалаймыз. Сол бір уақытты еске алғанда кейбірі өкінеді немесе ұялады, ал кейбірі ашулануы мүмкін.
Бұл өкініштің екі айырмашылығы болады: әрекетке өкіну (іске өкіну) және әрекетсіздік (әрекетсіздікке өкіну). Естуім бойынша, әрекетсіздікке өкіну ұзаққа созылады. Адамдар өзінің өміріндегі ең үлкен өкінішін білдірген кезде жасаған әрекетінен гөрі жиі жасамаған әрекетін келтіретіні көрсетілген.
Иә, расымен қазір ұялы телефонның жетегінде еріп, өзімізге берілген мүмкіндіктерден айырылып қалып жатырмыз. Әлеуметтік желіде отырып, желідегі белсенді болып жүрген қаншама адамды қараймыз, сол адамдар туралы талқылап, сын айтып, мінін іздейміз. Бірақ олардың осындай дәрежеге жетіп, көтеріліп келе жатқанын мойындағымыз келмейді. Содан келіп «олар оңай жолмен жетіп жатыр, біз қашан бұлар жүрген жолмен жүрмейміз?» деп өкініп отыратынымыз шындық. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Кейбір жандар әлеуметтік желідегі белсенді адамдардың, яғни блогерлердің мотивация, білім жайында жазбаларын оқи отырып, дами береді. Өзіміз секілді дәрежеміз тең болып жүрген адамдарға қызығып, өкініп отырғанша, қабілетімізді шыңдау үшін неге әрекет етпеске?!
Иә, мойындау керек, өзім де ұялы телефонды кейде шектен тыс, ұзақ қолданатын кезім болады. Менің де өкінер сәттерімнің себепкері дәл осы десем қателеспегенім шығар. Ұялы телефонды қолдана бастағанда мектеп оқушысы болған едім. Ол кезде көзімде мәселе болмаған. Қазір компьютер секілді құралдардан көру қабілетімнің нашарлауын байқаймын. Сондай-ақ бұның әсерінен есте сақтау қабілеті де төмендей беретінін естідім. Бұндай мәселе менде ғана емес, жалпы қоғамдағы мәселе десек те болады.
Одан бөлек өмірімдегі өкініштің бірі – жаз мезгілінде болуы керек. Жазғы демалыс уақытында ауылымда болдым. Күнделікті өтіп жатқан кез, солай бір күні түсініспеушілік болып анамды қатты ренжітіп алдым. Иә, отбасы болған соң, әрбірінде мұндай жағдай болмауы мүмкін емес. Мүмкін кезекті түсініспеушілік шығар деп ойладым. Шамалы уақыттан соң «қызым, шай іш» деп айтатын шығар деп күттім. Әдетте ренжісіп қалсақ, аналарымыз жұбатып алады ғой. Алайда бұл жолы анамның реніші басқаша екенін байқадым. Сол күні маған тіл қатпай жүргенде өзімді жайсыз сезіндім.
Солай күндер өте берді. Екеуміздің де мінезіміз бал емесін білеміз. Анаммен дұрыс сөйлеспей жүрген он күнім он жылдай өткен шығар. Сол уақыт аралығында қалай жұбатамын деген ой көп мазалады. Ананың қадірін сол кезде қатты ұққандай болдым. Не үшін анамның кішкентай ұрысына шыдап, үндемей отыра бермедім деген өкініш өзегімді өртегендей болды. Тіпті интернеттегі түрлі желілерді қарап отырғанымда ана жайлы, ананың қадірі туралы қаншама жазба қолымдағы телефонның бетіне орналаса қалыпты. Расымен, олар қасымызда болған сәтте қатты түсіне бермейміз, бірақ, жанынан жырақтаған уақытта анаңнан артық адам болмайтынын сеземіз. Менің қатты өкінгенім – менің кесірімнен анамның көңілінің түскені. Мұндай сезімді ешкім бастан кешірмей-ақ қойса екен деймін. Сол уақыт аралығында ренжісе де маған қарайласып, көмектесіп жүргенін көріп, еріксіз жас та келеді. Солай тәттілеріммен анамнан кешірім сұрап, ренішін сәл болса да тарқаттым. Алайда ана жүрегі кешіргенімен, ойында қаларын білемін. Осындай өкініш болмауы үшін, ана деген жанды құрметтеп өтейікші…
Нұрилаәсем ТҰРМАХАНОВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!