Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұлдызды тышқандар

31.12.2020, 17:00 1736

HALYQLINE.KZ

(жаңажылдық сатира)

-Биыл қандай жыл келе жатыр?-деп,біздің қатын ұйқыдан оянып баж етті. Құдай қосқан қосағым Шапанайды айтамын.

-Тышқан,-дедім міңгірлеп. Мұның ылғи жыл соңында осылай ұстап қалатын үйреншікті ауруы бар. Шығыстың жұлдыз жорамалына есі кетіп құдайындай сенеді. Ал, біздің депутаттар мен министрлерге мүлдем сенбейді. Қызық адам.

Былтыр Доңыз жылы үйге шошқаның торайын өсіреміз деп, елден шыға жаздадық. Ит жылы күшік асырап ол көршінің баласын қауып алды. Айыппұл төледік. Жылан жылы жылан бағамыз деп, үйден әке-шешем қашып кетті.

Енді мынау тышқан іздеп базарға келе жатырмыз.

-Тышқан аламыз, тышқан аламыз. Қытайдан әкелінген тышқандар, -деп, сары келіншек аузы жабылмай айғайлап тұр.

-Мұның қазақтың тышқандарынан айырмасы не?-деймін.

-Өте тез көбейеді. Ақша әкеледі. Мысық жемейді.

-Қаншадан?-деп Шапанай саудалай бастады.

«Бізге енді жетпегені қытайдың кеміргіштері еді»-деп, аяқ астынан намысым оянып

қолынан күшпен тартып, назарын басқа тышқандарға бұрдым.

-Сіз қай жерден әкелдіңіз?

-Ресей эстрада жұлдызы Алла Пугачеваның тышқаны ғой.

-Қойшы, ол тышқан өсіре ме?-деді әйелім таңданып.

-Ол жағын біз білмейміз. Көтерме бағамен алып сатамыз,-дейді сатушы қыз.Тіпті мұнда қазақ әншілерінің тышқандары сатылып жатыр екен. Сонда бұлар мұны да бизнес көзіне айналдырған ба?… Сатушылар кәдімгідей сол үйден ұстап алғандай сендіреді. Торда ілмиген арық тышқан шиқылдап зыр жүгіріп жүр. Қасына «Әнші Ұлықпан Жолдасовтың тышқаны» деп, жазып қойыпты. Бір жалмаңдаған «шустрый» атжалманды ұялмай «Тұрсынбек Қабатовтікі» дейді.Түрлі-түсті ақ, қызыл, сары тышқандарды көріп таңғалдым. Бұл «91» тобының жетекшісі Ерболат Беделханның тышқандары екен. Жастар жағы кезекте тізіліп тұр. Ырмышыл қазақтар сауданы қыздырып жатыр. Кеміргіштердің түр-түрі бар. Әкім мен министрлердің тышқандары да сатылымға қойылыпты. Әзірге ешкім саудалап жатқан жоқ .Әйелім қайсысын аларын білмей есі кетті. Атақты адамдардың тышқандарын ырымдап алғысы келіп барады. Бірақ, өзінше болып өзіміздің тышқандарды менсінбей тұр.Ұсқыны бір түрлі тышқанға көзі түсті.

-Мынау кімдікі?

Сатушы:

-Бұл метис тышқан. Африкадан әкелінген. Үйіңізге бақыт әкеледі. Қасындағысы махаббат тышқаны,-деді.

-Байлық тышқаны бар ма?

-Бар. Дубайдан ұстап әкелдік. Байып кетесің,-деді.

Қатын іздегенін тапты. Тышқанды сатып алды. Үйге әкелдік. Балалар мәз. Күн ұзаққа базар аралап шаршап ерте жатып қалдық. Таңертең тұрсақ торда тұрған тышқан жоқ. Үйдің ішін іздеп таба алмадық. Бір кезде Шапанайдың ойбайлаған жан дауысы шықты. Жатын бөлмесіне жетіп бардық. Шкафтың есігі ашық тұр.

-Не болды?-дедім.

-Біттім. Кредитке алған «норковый шубамды» мына арабтың тышқаны тас-талқанын шығарып кеміріп тастапты,-деп, етегі толғанша еңіреп жылады.

-Обалың жоқ, тышқан керек болса өзіміздің үйде де жетеді ғой. Қайдағы бір тышқандарға есің кетіп,-деймін ұрысып.

Шынымен Шапанайға қиын болды. Жеті жүз мың теңгеге алған тонын Жаңа жыл мерекесінде көшеге киемін деген қуанышы су сепкендей басылды. Жынданып сыпырғышпен тышқанды тырқыратып қуды. Әлгі тышқан қапелімде «местный» кеміргіштерді соңына ертіп алыпты. Үйден шұбырып шықты. Сыртта көршінің ала мысығы күнде біздің табалдырықта күнге қыздырынып жататын еді. Дубайдан келген семіз тышқанды әп-сәтте қағып түсті. Жергілікті тышқандар тым-тырақай қашты.

Шапанай болса «биыл байлықтан қағылдық» деп, екі қолымен басын сабалады. Ал ,мен өзге елдің тышқанынан құтылғанымды жақсылыққа жорыдым. Жаңа жыл құтты болсын, достар!…

(2019 жыл)

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: