Аудан әкімінің орынбасары Итбай бірінші басшының орнына отыруды көптен бері армандап жүр. Оның қызық мінезі бар. Ашуланса саусағын тістейді. Бүгін жаман хабар естіді. Өзінің әріптесі екінші орынбасар Жүнбет басшылыққа құжатын тапсырып қойыпты. Көңіл күйі балаққа түсіп кетті. Жұмыстан келе сала асқа қарамай төсекке жатып қалды. Саусағын тістелеп көпке дейін көзін ілмеді.
Түнде түс көрді. Түсіне Шайтан кірді.
– Итеке, уайымдама бір амалын айтамын, – деді.
– Қандай?
– Әлгі Жүнбеттің көзін жою керек.
– Қалай? Ол менің жақын әріптесім ғой. Досымнан артық. Кейбір құжаттарға көмектесіп, ақыл-кеңесін айтып отырады.
– Мұндай таққа таласта абырой мен ұяттың бетін жауып қойып дереу іске кіріс. Егер, жоғары қарай өрмелегің келсе, амалы осы.
– Не істейін?
– Әлгі Жүнбетті парамен ұстатып жібересің, – деді Шайтан.
Ертеңіне Итбай қасақана ұйымдастырып, жазықсыз әріптесін түрмеге отырғызды.
Енді креслоға біртабан жақындады. Бірақ, қуанышы ұзаққа бармады. Аудан әкімі биыл кетпейтін болыпты. Итбай тағы тас бүркеніп жатып қалды. Бір емес бірнеше саусағын шайнап тастады. Түсіне әлгі Шайтан енді.
– Босқа қамықпа, әкім болуға екі қадам қалды. Біріншісі жала жауып аудан басшысының үстінен облысқа шағым түсіресің, – деді.
– Бұлай жасай алмаймын, ол кісі мені осы орынға көтермеліп әкелді. Талай жақсылық жасады.
– Не айтып тұрсың? Басыңа қонайын деп тұрған бақты үркітпе!
Итбай Шайтанның айтқанын орындады. Домалақ арыз аудан әкімін қызметінен қалпақтай ұшырды.
Итекеңнің жүрегі лүпілдеп қуанып тұр. Бос орынға барып отырып көрді.
«Бақыт деген осы екен-ау» деді ішінен міңгірлеп. Тұла бойы шымырлап қоя берді. Әсіресе құйрығы құрт түскендей жыбырлай береді. Итбайдың бұл әрекетінен кейін жұмыстастары теріс айналды. Абыройдан жұрдай болды. Үйіне келді. Түсінде Шайтанмен тілдесті.
– Қашан әкім боламын? Екінші қадамыңды айт, – дейді.
Шайтан:
– Абыройыңнан айырылдың, енді намысыңды құрт. Сонда арманың орындалады.
Итбай:
– Сол күнге тезірек жетсем деймін. Қандай ақыл-кеңес айтасың?
– Қойныңдағы сұлу келіншегіңді бересің.
– Кімге?
– Маған емес, өсіретін адамдарға ғой, – деп, Шайтан ғайып болады.
Итбай ақыры аудан әкімінің тағына отырады. Әйелі намыстанып кетіп қалады. Шайтанның азғыруымен облысқа дейін өседі. Бір күні түсінде Итбай былай дейді:
– Шаке, кеше түсіме неге кірмедің?
– Басқа біреуге бардым.
– Оныңыз дұрыс емес, рұқсат сұрау керек. Дырдай мекеме басқарып отырмын. Енді менің министр болғым келеді. Сен маған өмір бақи қызмет етесің, – деп, жекіріп бұйыра сөйлейді. Шайтан жақтырмай қалады.
– Иә, оған кандидатураң тура келіп тұр. Абырой мен намысың жоқ. Бәрін құртып жібердің. Сен министр болмағанда кім болушы еді, – деп сықылықтайды.
– Күлмеңіз, ол үшін не істеуім керек? – деді Итбай.
– Енді жеріңді сатасың, сосын еліңді сатасың, – дейді.
– Ләббай тақсыр, мақұл, – деп басын изейді болашақ министр.
Шайтан жаңағы сөзінен кейін ойланып қалады.
«Бұл оңбаған досын сатты, әйелін біреудің астына салып берді. Енді Отанын сатып жіберуден тайынбай тұр. Ертең қолына билік тисе ешкімді аямас», – деп азғырушы Шайтанға аяқ астынан ақыл кіре қояды. Зым-зия жоғалып кетеді. Сол күннен бастап Итбайдың түсіне Шайтан енді қайтып кірмейді. Күндіз-түні төсектен тұрмай түсінен Шайтанды іздеген бейшара ақыры ауруханаға түседі. Ашуланып барлық саусақтарын түгел шайнап, сорып тастайды. Сүйтіп, залым адам жоғары билікке жете алмай қалады.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!