(ертегі әңгіме)
Қыс. Қар ұшқындап тұр. Үскірік аяз бет қаратар емес. Кеш батты. Ауыл жұрты малдарын қораға кіргізіп, үйлеріне қарай бүрсеңдеп барады.
Саман үй. Ошақтың үстінде көмірдің қызыл шоғына ақ шәйнек ызыңдап қайнап, қақпағынан буы бұрқырап тұр. Терезе қалың қырау, дала көрінбейді. Қидың жылуына маужыраған үйдегілер төсектеріне домалай кетті.
Мал қора. Төрт-түліктің тынысынан қалың бу бұрқырайды. Жабуы жалбырап қара інген жайғасып жатыр. Ала сиыр күйіс қайырып, арасында ыңырсып қояды. Қойлар пысқырып біртіндеп топанды тұяғымен қазып, жата кететін ыңғайлы құрғақ жер іздеп жүр. Тек бақырауық теке құйрығын жыбырлатып тыпыршып тұр. Күндегі әдетінше тыныштықты тағы бұзды.
Теке:
– Мәәә, менің шыдамым таусылды. Осылай жата бересіңдер ме?
– Енді қайда барамыз? – деді, Қошқар.
– Бүгін «хозайнның» жүгірмегі менің сақалыма жабысты. Қазір жастар сақал қояды екен. «Мода, маған бер»дейді.
Қошқар:
– Текежан, сабыр ет. Сақалың иегіңде салбырап тұр ғой.
Теке:
– Шынымды айтсам осы үйдің балалары түк ұнамайды. Бір күні аяқтарын сындырып, жақтарын айырамын.
Қошқар:
– Сабыр, сабыр, ашуыңды бас. Су ішкен жеріңе түкірме. Олар адамдар. Біз малмыз. Жем-шөбін жеп, жылы қорасында жатырмыз. Бүйректен сирақ шығармай тыныш жүр.
Теке:
– Сендер құсап күйіс қайырып алаңсыз жата алмаймын, – деп, маңырап мазаны алды. Түйе шыдай алмай орнынан тұрды. Түйе:
– Теке, былтыр осы ауылдың төлдері сенің айтқанына еріп, қырылып қала жаздады. Көршінің қорасына барып мораль оқимын деп, оңбай таяқ та жедің. Миыңа түк ақыл қонбайды екен. Жұрттың малын бір-бірімен қырылыстырып, араларына іріткі салып та жүрсің. Енді, асырап отырған иеңнің баласына құсың түсіп, басын жарып сабаймын дейсің. Бұның қалай?
– Рас айтамын, ертең ол жүгірмектердің мойындарын үземін, сирақтарын сындырамын, – деп маңырап қара інгеннің қасына келді.
Түйе дәлдеп тұрып қақ маңдайдан бір тепті. Екі мүйізі морт сынды. Ауызы қисайып, тоқал ешкі болып қалды.
Обалы жоқ, өзіне де сол керек…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!