БҮГІНГІ САТИРА
Қуыршақстандағы парламент мәжілісі депутаттарының кезекті жиыны өтіп жатыр. Бәрі байсалды, бәрі маңызды, бірақ бәрі далбаса… Тақырып: «Қой, бозторғай және жұмыртқа». Сөз депутатқа берілді:
– Құрметті үкімет басшысы! Елде «қой үстіне бозторғай жұмыртқаласын» деген бағдарлама аясында былтыр 3 миллиард теңгеге бозторғай жұмыртқасын сатып алдыңыздар. Бірақ жұмыртқа қағаз жүзінде. Қойлар атымен жоқ.
– Қытайдан робот қойлар сатып аламыз, — деді премьер-министр.
Депутат портфелін ашып, ішінен бозторғай алып, жоғары көтерді, депутаттар гу ете қалысты:
– Міне, халық күтіп жүрген бозторғай. Жылда ауыздың абыройын аяққа таптап: «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман келе жатыр!» деп айтасыздар. Қашан келеді? Отыз жыл болды ғой, ол неғылған жұмыртқаламайтын бозторғайлар? Жұмыртқаларын кімдер қуырып жеп қойды?
Үкімет басшысы абдырып қалды.
– Қойлар қораларда. Бірақ біз қой үстіне тауық жұмыртқалатуға шешім қабылдадық. Бұл – жаңа агросаясат!
– Тауық деймісіз? Сізді тыңдай берсек, ертең қой үстіне түйе де жұмыртқалайтын шығар?
– Этика сақтаңыз, этика, — деді төраға.
Депутат сөзін жалғады:
– Халық қашан қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды деп жүр Ал, сіз министр мырза, қой үстіне тауық жұмыртқалатамыз деп қоймайсыз! — деген депутат бозторғайды ұшырып жіберді.
Сол екен, бозторғай премьер-министрдің басына келіп қонғаны. Үкімет басшысы бозторғайды қолымен қақпайлап ұшырып, өзі де портфелінен тауық жұмыртқасын алды:
– Қой үстіне тауық жұмыртқалайтын заманды күтейік. Бозторғай ұяларын заманауи үлгіде жасайтын зауыт іске қосылсын. Қойлар көбейсін, — деп тұрғанда қолындағы жұмыртқа жерге түсіп кетіп, шашырай жарылды.
– Бұл – пилоттық сәтсіздік, — деді залда отырған бір шенеунік.
Жұмыртқаның сасық иісі жайылып бара жатты. Дөкейлердің көз алды тұманданып, жиын тез аяқталды, сөйтіп, шала піскен шешім қабылданды.
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!