Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайран, Тұрсынбай! Жаса!

19.11.2020, 9:30 1226

Кенен Әзірбаевтың «…Келін тілді алмайды, кердең қағып, Бала тілді алмайды-ау, беттен алып. Кемпірім де соларға қосылып ап, отырамын ортада қайран қалып. Қайран, жастық!» деп аталатын әнін білесіздер. Қарт кісінің мұңы. Адамның өзінен күш кеткен соң, сөзі де өте қоймай, әркімнің бетіне бір жалтаңдап күй кеше ме? Ақын атамыз сол келеңсіздікті әзілмен әдемі әдіптепті. Солай екендігіне сіз де, сіз де келісерсіз, ал басқалар.., мәселен Тұрсынбай олай ойламайды екен: «Бұл жаңа жыл туралы ән!», – деп жүрді. Расында мұның арасынан жаңа жыл туралы бір ауыз сөз тапсаңыз кәні?

Бұл әңгіменің мәнісі сізге де түсінікті болу үшін басынан бастайыншы…

Забайкалье  әскери  округі.  Мирная станциясы,  артполктің  клубы. 1972 жаңа жылдың алды еді, концерттің аяқталар шамасы. Жүргізуші: «Ендігі кезек жауынгер Кенжесариевте, ол қазақ халқының жаңа жыл туралы әнін ұлттық музыкалық аспабы домбыраға қосып орындайды!», – деп хабарлады. Жырауымыз қызыл ағаштан ойып істеген домбырасын сүйретіп шығып, «Келін тілді алмайды, кердең қағып…» деп айдалаға лағып кетті. Әлгінің хабарлағанындай, жаңа жыл туралы бір ауыз сөз жоқ. Сонда да, «Үһ, қайран, жастық!» деп әнін аяқтаған кезде, осындағы күллі мұсылман жауынгер дүрілдете қол соғып, жер тепкіледі. Жаңа жыл туралы ән дегеніне емес, әннің қазақ тілінде орындалғандығына, домбыраның құдіретіне! Сүйсіндік әрі қуандық! Таза қазақ тіліндегі әнді өзіңнің туған жеріңнен мыңдаған шақырым шалғай өлкеде, өзің нанға бірде жарып, бірде жарымай, керзі етік аяғыңды қажап, ұйқың қанбай, көзіңнен пырт-пырт жасың шығып жүргенде тыңдап көрші, қандай күйде болар едіңіз. Мұны жан жүрегімен сезіне қою бірден қиын болар… 

Иә, сонымен жерлесіміздің «Жаңа жыл туралы» әнін тыңдап, бір сергіп қалдық, басқа ұлттың өкілдері де елеңдеп қалған секілді. Әскерге келгеніне екі-үш ай өтпей жатып, көркемөнерпаздардың үйірмесіне қатысып жүрген Тұрсынбай шынында да «Молодец!». «Асыл кездік қап түбінде жатпайды» демекші, шын өнердің жүзі жасырынбайды екен-ау! Оның асқан күйші екендігі бүкіл ауыл-аймағымызға белгілі еді, енді Забайкальенің қиырындағы Мирный станциясындағы дивизия түгел оны әнші ретінде танитын болды. Мұнда кеңестер одағының қай түкпірінен адам келмеді дейсіз, бәрі де мұрны қоңқиған қара қазақтың өнеріне таңғалмағаны жоқ шығар. «Одна палька, две струна» деп домбыраны мазақ ететіндер енді ондай әбес сөзді айта алмайды. Өйткені, оны жетектеп жүрген осындағы қырғыз сержант. Төбелеске де дес бермейтін дегеннің өзі. Сүзетін бұқа секілді одырайып қарағанда, қалғандары ығып жүре береді. Оның бетіне қарсы келетін адам бұл маңда әзірге жоқ. Сол қырғыз екеуі дос. Әлгі домбыраны екеуі қолдан ойып жасап, бірге тыңқылдатып отыратын еді, міне, енді осындағы клубта концертке шығатын дәрежеге жетті.

Арада күндер, апталар зыр етіп өте шықты. Бүгін 23 февраль – Совет Армиясы күні! Жауынгерлерді клубқа жинады, концерт болады. Өткен жолы өнерпаздардың соңын ала шыққан Тұрсынбайымыз бұл мерекеде ойынның нақ ортасында сахнаға шықты. «Қазақстаннан келген жауынгер Кенжесариев қызыл әскерлер туралы қазақтың әнін шырқайды!» десін хабарлағыш солдат. Тұрсекең домбырасын тыңқылдатып алып, бастап ке-еп берді. Мынауыңда бет жоқ екен, тағы да: «…Бала тілді алмайды, беттен алып» деп ұре-еп отыр. «Қайран, жастық»! Тағы да дуылдата қол соқтық. Әнші жігітте еш қысылу жоқ, тершең мұрнын бір сипап, сахнадан ұзай берді. Бұл мерекеден соң, 8 март – Халықаралық әйелдер күні де келе қалды. Тағы да концерт! Тағы да, «Әйелдерге арналған қазақ әнін» жауынгер Кенжесариев орындап берді. Жаса, «Қайран, жастық!» Жаса, Тұрсынбай!

Не керек, 1 май келеді – «Қайран, жастық!». 9 май – «Қайран, жастық!». 1 июнь – Балаларды қорғау күні – «Қайран, жастық!». Қатардағы жауынгер Тұрсынбай Кенжесариев әскердегі отандық борышын өтеген екі жыл бойы Кенен атамыздың осы белгілі әнін құбылтып, Конституция күніне де арнады, Октябрь революциясына да арнады, Шекарашылар күні де қалыс қалмады, соңында тағы да Жаңа жыл мерекесіне әкеліп тіреді емес пе?! Әлгі хабарлағыш титақай солдат та «Қайран, жастықты» тойланар мерекеге қатысты қазақ әні деуінен бір танбай кетті.

– Жетесіз-ау, қазақтың басқа әні құрып қалды ма, тұрып қалған магнитофон секілді бір сөзді қайталай бермей, басқасын неге айтпайсың?- дейміз ғой домбырашы досымызға.

– Қайдан білейін, ана забқұлып хахол «осы әнің дұрыс, осыңнан танба!» деді ғой, – дейді, қайран, Тұрсынбай! Жаса!

Нұрмахан  ЕЛТАЙ,

Шиелі ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: