Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент келе жатыр!

24.06.2021, 12:00 469

Әкiмдер тыпырлады да қалды… Облыс әкiмi орынбасарларын жинап алып:

– Президент көшелердi, құры­лыс­тарды аралайды екен, халықтың әл-ауқа­тымен танысады екен, – дедi де, қос  қолымен  басын  ұстаған күйi: – Өңкей бақуатты, денелi, семiз әйелдер мен бала­ларды, еңгезердей еркектердi жинаң­дар! Олар көше бойында ет, колбаса, нанға жағылған сары май, уылдырық, тауық етiн, банан, жемiс-жидек жеп тұрсын! Бұл үшін қала бюджетінен 800 миллион қаражат қарастырыңдар! Көздерiнен: «Бiз бай елмiз, бiз бақыттымыз! Мұнай жалап, алтын-күміс жамы­лып жатамыз!» деген сөздерін ұғатын­дай болсын! Құрылысы аяқ­талып қалған нысандарды ғана көрсетейiк! Шұрқ тесiк көшелерге жола­мауымыз  керек! – дедi.

Сол екен, қала әкімі Жұқсызбай Таптырмасұлы қарамағындағыларға шұғыл тапсырма берді. Бай-бағылан­дардың іркілдеген әйелдері мен бала­лары көше бойына қатар тізілді. Департам­енттегi, әкiмшiлiктегi, оқу орындарындағы семiздер сексенге жеттi. Бұл аз. Әкiмнiң орынбасары қиқымды қулыққа басты. Көше аралап, «Кезектен тыс үй беремiз, жер беремiз!» – деп он шақты әйел-еркегi аралас толық денелілермен келісімге де келді. Көше бойындағы көпқабатты үйлер сырланып, көшелер тазаланып, қаланың сәні, тұрғындардың жаны кіріп қалды. Президентті аэропорттан облыс, қала әкiмi, облыстың шөпкетышарлары  қарсы  алды.

Президент отырған автокөлiк бас­тап, ұзын саны 7-8 автокөлiк шеруi қала­ның орталық көшелерiмен келе жатты. Президент автокөлiк терезесiнен қолын шығарып, халыққа қол бұлғап келедi. Бұл көшеде шектен тыс семiргендер жiлiк мүжiп тұр едi. Бiрiнiң қолында – банан, бiрiнiң қолында – тауық етi. Шай iшiп, әндетiп тұрғандар да бар. «Бiз бай елмiз, бiз мұнайлы елмiз, бiз бақыттымыз!» – деп дауыс­тайды олар. Шетiнен бақытты, бақуат­ты. «Мен халқыма дән ризамын!» – деп елжiредi iшiнен президент. Кенет көңiлiне  күдiк  келдi.

– Келесi көшеге бұрылып көрсек қайтедi?

– «Жоқ!» – деп айтуға облыс әкiмi­нiң ауызы қалай жыбырласын? Елеу­сiздеу көшенiң ой-шұңқыры көп екен. Кiмнiң ұйымдастырып қойғанын бiр Алла  бiледi. Мұнда да халық нөпiр болып жиналыпты. Бiрақ, шеттерiнен арық-тырықтар, ілмигендер, сіңірлері көрініп, қабырғаларын санайтындай аш-жалаңаштар тұрған еді. Бәрi саусақтарын сорып тұр. Президент жанында отырған облыс және қала әкіміне қарап еді, олар да саусақтарын сорып, мүләйімсіп отыр екен. Жағымпаздық, өтірік  ақпар  беру  қашан  тыйы­лар  екен, а?

Мұхтар  ШЕРІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: